№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сері жігіттің серті

Сері жігіттің серті


Тілестің мінезінің бір ерекшелігі, баяғының серілері секілді. Қолы сәл қалт етсе атқа қонып, құмай тазы ертіп, саятшылыққа әуес. Қарнының ашқанынан емес, қазағымның қанында бар даладай міінезді бұғалықтамай, бабында ұстай алған мәрттігінен бәлкім, құс ұшырып, аңға шыққанды жаны сүйеді.Құдай біледі, қар белуардан қалың жауған биылғы жылы бұл бала үйде байыз тауып отыра алмады. «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» дегендей, қыстың қытымыр аязында қызыл түлкі аңдып, қырдың бетін ары-бері жосылтты.
Төменгі сыныпта оқып жүрген кезінен физзалдың есігінен сығалап тұратын қарадомалақты көзге ілмейтін ересектер оның титімдей жүрегінде  атойлаған арманын білді дейсіз бе? Өзі жуас көрінгенмен жанары жалт-жұлт етіп, әуеде қалықтаған  волейбол добын қалт жібермей бағып тұратын балғынның бір күн өсіп, көкейді тесіп, аламанның алдын бермей, ауыл спортының айбарын асырар азаматтың сойынан боларын тіпті ата-ана да болжамдамаған болар. Бірақ ешкім табиғатынан тыс кете алмайды. Бойы қысқа, нәренжулеу көрінгенімен өзінің әкесі сынды еркін мінезді болып өсіп келе жатқан ұланның есімінің тарихы да қызық. Жанұяда екі қыз баладан соң  дүниеге келген атұстарға  көңілдері шаттанып, тілегіміз қабыл деп қуанған ата-ана бүлдіршіннің атын Тілес деп қоюды ұйғарыпты.
Әкелері Келес мектепте жүргеннен күреске қатысқан екен. Сайыстарда көзге түсіп, кезінде Қарағанды спорт мектебінен шақырту алған, бірақ бара алмаған екен. Мүмкін, сондықтан спортқа құштар екі ұлының да бетінен қақпай, қандай жолды таңдауды өздерінің қалауына  қалдырды. Тілес волейболда топ жарса, екінші ұлы Серік қол күресте чемпион болды.
Тілес мектепті 1992 жылы тәмамдап, ХҚТУ – дың спорт және денешынықтыру факультетіне оқуға түседі. Мектепте де, университетте де түрлі жарыстарға қатысып, үздік ойын өрнегін көрсеткен  оның осы жылдары  иеленген марапаттары ондап саналады..Мәселен, 2003 жылы « Ауыл жылы» аясындаволейболдан өткізілген аудандық чемпионатта  «Үздік ойыншы» деп танылса, 2004 жылы аудандық мекемеаралық спартакиадада волейболдан үздік танылғаны үшін сол кездегі аудандық саяхат және спорт комитетінің төрағасы Әмір Рысбеков қол қойған Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы жылы  Сидней олимпиадасының жеңімпазы  Бекзат Саттархановтың 30 жылдығына орай  волейболдан ерлер командасы арасында  өткен облыстық турнирде  «Ең үздік шабуылшы « атанды. 2004 жылы облыс әкіімінің жүлдесі үшін өткізілген жазғы спартакиадасында ерекше жетістіктері үшін облыстық білім басқармасы бастығы М.Өтемұратовтың қолынан марапат алса,  2005 жылы Казатомпром мекемелері арасында өткен волейбодан командалар жарысында  2 орын алғаны үшін марапатталды.
Университетте  оқып жүргенінде аудан орталығындағы №163 мектеп басшылығының шақыртуымен білім ордасына оқытушылыққа қабылданып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Осында жүргенінде Өрғараев Мұхтар ағайының тәлімін көп көрді. Екі жылдан соң, яғни 2007 жылдың1 қаңтарынан бастап туған жердегі өзі оқыған мектепке ауысып келді.
Байкенже мектебіне келсе баяғы өздеріне сабақ берген Үрқия апайлары зейнетке шығып, кадр қажеттілігіне орай өзіне таңдау түсіпті. Батыр ағайлары болса баяғыдай ұрып тұр. Тіпті бірнеше мәрте өзі баулыған командасымен барған жерінде бағы басым түскендіктен жоғары жаққа да әбден танымал болып, сол жылдары Сидней олимпиадасына жол тартқан облыстық спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаевтың өзі қарамағына шақырып, қайтып ораламын дегенше ойлануға мұрсат беріпті. Карьера қуған жас үшін бұл бола бермейтін мүмкіндік. Бірақ Батыр ағайлары үшін бұл жақтағы баулыған шәкірттерінің тағдыры одан да қымбат екендігіне, сондықтан ауылды тастап кете қоймайтынына бәрі де сенімді еді.
Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған  ауылдың жас спортшылары елде өтіп жататын түрлі турнирлерде көзге түсіп, беделі бұрынғыдан да өсті. Бұрын құрамында жүрген Тілес сынды мүшелері кәсіби білім алып келіп, қатарды қайта толықтырған соң  әлеуеті одан әрі нығайып, қандай жарыста болмасын жүлденің алдын бермейтін болды.
Бірде Өзгент ауылында Дәумен Шоманұлына арнап мешіт ашылып, ұрпақ­тары әкесінің атында турнир ұйымдастырған. Осы турнирде байкенжеліктер 1 орынды еншіледі. Ол кезде аудандық спорт бөлімінің бастығы Қалмахан Тәжіғұлов болатын. Осы турнир көрермендері әсіресе Тілестің ойынына дән риза болып, талдырмаш ұланның тұла бойында буырқанған дүлей күш, көздегенін мүлт жібермес әбжіл қимыл, қолы жетпеске қарғып секіруді қолданып соққы берген керемет тактикасына қызыға қарап таңданыстарын жасыра алмаған. Әй осы қатты секіретін жойқын қимылымен Тілес бүкіл Қазақстанды шулатқан шығар-ау.
Осындай турнирлердің бірнешеуі Машбек ауылында өтті. Еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға  арналғанволейболдан республикалық ашық турнирде де Тілес үздік ойынымен көзге түсті. Осы жылы №213 «Қыркеңсе» орта мектебінің түлегі , Самат Шегенбайұлы Төлешовты еске алуға арналған 11 турнирде Аязбаев Тілес «Үздік төреші» ретінде марапатталды. 2008 жылы «Волковгеология» АО ұйымдастырған спартакиадада Тілес Келесұлы жеңіл атлетикадан 1 орынды иеленді. 2009 жылы Петропавл қаласында өткен «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының бағдарламасында  3 орынды жеңіп алды. Осы жылы Ауған соғысының ардагері Мұхтар Нарымбетовты еске алуға арналған аудандық турнирде  1-орынды жеңіп алды. 2012 жылы Машбек ауылында өткен облыстық ашық турнирде Байкенже ауылы 1 орынды жеңіп алды. Ауыл спортшылары Ақтөбеден, Өскеменнен келген командалармен де бірнеше сайысқа түсті. Бұл келгендердің барлығы жоғары лигада ойнайтын өңшең ығайлар мен сығайлар, солардың өзіне дес бермеген байкенжелік болейболшыларға төреші ағайын жағынан сәл демеу болса жүлделі орынды алып кетіп тұр. Сонда жоғарыдан келген ағаларымыз таңданысын жасыра алмай, таланттың бәрі ауылда екен ғой деп мойындап кеткен.
Ал енді халық ойындарынан Астанаға барған сапары жүдә жойқын болды. Тілесбұл жолы елдің намысы үшін спорттың үш түріне қатар қатыспаққа бел буды. Оның волейболдан бөлек екінші жақта өтіп жатқан 100 метрге жүгіруден жарысқа қатысып алаөкпе болғаны аздай, өзін күтіп қағып алуға дайын тұрған жігіттердің алқалауымен таксиге отырып құстай ұшып қаланың басқа жағында өтіп жатқан  минифутболдан жарысқа үлгіріп, мұнда да қан қан сорпасы шығып, қайраттылық танытуына тура келді. Бос қайтпады. Атаулы орындарды иеленіп, ауылдың  мәртебесін биіктетіп оралды.
Оны сегіз қырлы, бір сырлы деуіміздің дәлелі, аудандық оқу бөлімі мен салалық кәсіродақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Көңілді тапқыштар» клубында үздік өнер көрсетіп марапатқа ие болыпты.
Тілестің жеңісті жолдары одан соң да осылай жалғаса берді.
Нақ қазіргі күндері Тілес ауыл мектебінде шәкірттер тәрбиелеп келеді. Жары Айзада екеуі төрт перзент тәрбиелеуде.
Спорт жаттықтырушысы. Жоғары оқу орнын бітіргендегі дипломы бойынша мамандығы бұл. Ал жалпы өмірде бұл жігітті бір кәсіппен тізгіндеп, аяғын байлап қоямын деуге келіншегінің де шамасы келмейді-ау. Өйткені тым еркін. Қазір ерлердің көбі осы еркіндігінен айрылып қалған жоқ па? Еркін боламын деген адам ен далаға шығып кету керек қой. Әрі сейіл, әрі спорт, таза ауа, тамылжыған табиғат. Неше шақырым болса да жаяу жіріп, жүгіріп, серуендеп қайтуды әдет етсең тынысың ашылып, тұла бойыңа қан тарап, анау-мынау ауруыңжайын тауып кететіні тағы бар.
Аңшылық дегенде әшейін құмарлық, әйтпесе атып әкелген қарақұйрығы ма, қоян, қырғауылы бар ма, қызы бар үйге іліп кететін баяғының қыран жігіттеріндей көңілі қалаған жамағайынның үйіне қалдырып кетіп бара жатқаны. Бұдан бөлек көктемге іліге көкпар деп көңілге жел бітіп, ауыл іргесінде өтіп жататын қиқудың басында тағы өзі жүргенін көресің. Түздің адамының алды мен арты бірдей кең, ат бер десең ат беретін, зат бер десең зат беретін мырзалығы тағы бар, кімсің Тілес атануының түп-төркінінде өзіне осындай бақ еншілеткен  сонау бала кезден басталған спортқа  деген махаббат жатқанын мойындауымыз керек-ау. Өйткені спорт деген – ең алдымен өз-өзіңе деген сенімділік. Өзіне сенген адамға бұл дүниеде уайым-қайғы жоқ. Бұл Тікеңнің де екі жағасын жайлауға жіберіп, жас жанына жаздай жайдары, жалпыға бірдей жағымды мінез дарытып қойған да  осы өзі сүйген мамандығына деген адалдығы деп ой түюге әбден болатындай. Олай болса, жігіттер,қыздар, спортты қадірлейік. Таңнан кешке дейін телміргеніміз бір алақандай телефон болмай кең дүниеге шығып, Тәңірдің біздің қызметімізге беріп қойған телегей-теңіз тартуынан өз еншіміздіегеленіп қалуға ұмтылайық. Спортты сүйген адамның еңсесі қашан да биік.


Баян ҮСЕЙІНОВА
15 наурыз 2021 ж. 470 0