Арқар алған аңшылар
Әр Аңшының өзіне тән ерекшелігі болады. Кейбірі мақтаншақтау, енді біреулері сабырлы, томаға тұйық дегендей. Енді біздің пайымдауымызша, мақтану оларға жарасып тұрады. Тау кезіп, ұшар шыңдарға көтеріліп немесе ну жыныс тоғайды аралап аң-құс ату оңай кәсіп емес. Сонша әбігерленіп, қиналып, қара терге малынғанда қанжығаң майланса жақсы. Құралақан қайтатындар да жеткілікті. Атып түсірген құсыңды қалың бұтаның арасынан таба алмай қалсаң ше?! Өкінішті, әрине.
Қосүйеңкіде Жаңабек Бақбаев деген ағамыз болды. Автодүкенімен малшыларға сауда қызметін көрсететін. Жаз маусымында Қаратаудың қойнауын жайлаған шопандарды аралайды. Қолы қалт етсе ер мінезді, тіктеу сөйлейтін Жанкең таудың аңғарларын аңдып, биіктерді дүрбісімен шолып, көзіне шалынған аңды алмай қоймайтын. Сондай бір сапарларында үлкен арқарды жайратып салып, орнында бауыздап, үйіне олжалы оралады. Семіз аңның еті дәмді, бала-шағасы, көрші-қолаң, ағайындарына ауыз тигізіп, алғысқа қарық болады.
Қосүйеңкіде Жаңабек Бақбаев деген ағамыз болды. Автодүкенімен малшыларға сауда қызметін көрсететін. Жаз маусымында Қаратаудың қойнауын жайлаған шопандарды аралайды. Қолы қалт етсе ер мінезді, тіктеу сөйлейтін Жанкең таудың аңғарларын аңдып, биіктерді дүрбісімен шолып, көзіне шалынған аңды алмай қоймайтын. Сондай бір сапарларында үлкен арқарды жайратып салып, орнында бауыздап, үйіне олжалы оралады. Семіз аңның еті дәмді, бала-шағасы, көрші-қолаң, ағайындарына ауыз тигізіп, алғысқа қарық болады.
Әке жолын жалғаған
Дүниеден озған соң сол Жаңабек ағаның баласы Әллахан әке кәсібін қызыға жалғастырды. Бүгінде ол да кәнігі аңшылар қатарында саналады. Жақында нысанасына іліккен бір арқарды атып алып, таңсық еткен үй-ішіне, көпшілікке дәм таттырды.
Жанкең де, ұлы Әллахан та тек арқар, киік, қарақұйрық атумен шектелмей, тауды, өзен жағаларын мекендейтін бұлдырық пен кекілікті де жиі атады. Әкелі-балалы аңның жүрер жерін аңдып, қақпан құруды да шебер меңгерген.
Қақпанға түскен құлжа
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында зейнеткерлікке шыққан Жанкең тау қуысында құрған қақпанын орнынан таппай таң қалады. Мықтап-ақ бекіткен, біреу-міреу үстінен түсіп алып кетті ме екен? Ойы сан-саққа жүгіріп, сол маңайды іздей бастайды. Еңбегі еш кетпей, күн батар мезгілде аяғы мертігіп, қақпан бұтаға ілініп қалған жерінде жаралы арқарды тауып алады. «Бұйырғанға дауа жоқ» деп түнделете ауылға жетеді.
Далада түнейтін Адекең
Қосүйеңкі елді мекеніндегі тағы бір белгілі аңшы – Адым Ағаділов. Өзі ұзын бойлы, батыр тұлғалы азамат. Адекең кейде тауға кеткенде үш-төрт күнсіз оралмайтын да «ауруы» бар. «Ер азығы мен бөрі азығы- жолда» деп тағам, сусындарын ала кеткенмен жеңгеміз Саудагүл, ұл-қыздары уайымдайды. Сөйтіп үрей жеңе бастағанда «құр қайтқаным ұят қой» деп еңгезердей ағамыз кіріп келіп, үй-ішін мәре-сәре етеді. Баласы Мәди қуана тысқа жүгіріп шығып, атқа бөктерілген арқарды асханаға кіргізеді.
Мәди – жас талап
Бүгінде осы Мәди әкесінің ақыл-кеңесін, үйреткендерін көкейіне тоқып, аңға шығып жүр. Әрдайым олжалы оралатын оның қадамына ауылдастары сүйсініп, келешегінен мол үміт күтуде. Лайым солай болғай.
Құс іздеудің қызығы-ай
Иә, аңшылық-саятшылық өкінішінен қызығы басым кәсіп. «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» деп ұлы Абай өлеңмен өрнектегеніндей, Қосүйеңкіде кезінде ителгі ұстап, кішігірім аң-құсқа салғандар да болды. Ата-бабаларымыздың ежелгі дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жалғасса игі.
Қалың тоғайды қырғауылды атып түсіріп, үйретілген итпен іздегеннің адам бойын ләззатқа бөлейтін рахатын айтсаңызшы... Ол нағыз ойлылардың көңілді демалысы.
Құдайберген ЕРТАСОВ.