Жұмыспен қамту орталығының бір күні
Жұмыспен қамту орталығы аты айтып тұрғандай, қоғамдағы әлеуметтік топтың тәртіппен өз орнын меншіктеуіне мүдделі мекеме болғандықтан қашан көрсең де көпшілік сапырылып жатады. Сан түрлі сұрақпен келушілер де көп. Орталыққа бүгін де адам біраз жиналыпты. Электронды күту залында отырғандардың дені көпбалалы аналар мен жеке кәсіп иелері екен. Әңгімелесе келе байқағанымыз, бірі мемлекет тарапынан бөлінетін грантқа, бірі жұмыс іздеп, бірі жастар практикасы арқылы жұмысқа тұруға құжат дайындап жүр екен. Кезек күтушілер залына қойылған арнайы табло бәрін өзі реттеп тұр.
Арнайы залда 8 маман, 8 ассистент, 1 консултант, 1 статист, 1 бағдарламашы келушілерге қызмет көрсетуде екен. Әрбір ассистент құжатын түгендеп мамандарға жолдайды. Біз орталық маманы Арайлым Асанбаеваны сөзге тарттық.
– Аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 1015 отбасы бар. Осы көмекке көбірек мұқтаж Аққорған ауылынан 81, Келінтөбеден 78 отбасы болса, кент орталығының ішінде МАИ бекеті аумағынан 51 отбасы алуда. Әр тоқсан сайын атаулы құжаттар қайталанып жаңартылып отырады. Өйткені отбасы құрамында жаңалық болмай тұрмайды. Отбасында бір кісі жұмысқа тұруы, не 18 жасқа толуы, не қайтыс болу жағдайлары тіркелуі мүмкін. Сондықтан әр тоқсан сайын құжат тапсыру міндеттелген.
Мұнда келушілердің алдымен жеке куәлігін ақпараттық жүйеден тексеріп, зейнетақы қорына ақша аударылмағаны расталса жұмыс іздеуші болып тіркеледі екен. Мамандығына сай 10 жұмыс күні ішінде жұмыс табылмаса жұмыссыз деген мәртебе беріледі екен. Ал жұмыссыз азаматтың өз бизнес идеясын қорғап, мемлекеттік грантқа құжат тапсыруға толық құқы бар екен.
Орталықтан екі баланың анасы Гүлайым Рақымбердиеваны кездестірдік. Ол кенттегі «Еркетай» балабақшасына жұмысқа тұруға құжат дайындауда екен. 2007 жылы арнаулы орта оқу орнын бітірген ол тәрбиешінің көмекшісі ретінде ақылы қоғамдық жұмысқа тартылыпты.
– Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктерін барынша дұрыс пайдалана білген адам жетістікке жетеді. «Екі қолға бір күрек» деген халқымыз. Жұмыс табылғанына қуаныштымын, – дейді ол.
Иә, расымен бүгінде жұмыстың түрі көп. Десе де кейбір жұмыссыз азаматтың ұсынылған жұмыстан бас тартатыны қынжытарлық. Бірі жұмыс ауыр десе, бірі жалақысы аз дегенді алға тартады. Бұл жөнінде бесарықтық «Аманат» шаруа қожалығының төрағасы Сансызбай Қалменов былай дейді.
– Шынымды айтсам, ауылда жұмыссыздар көп десек те, жеме-жемге келгенде соның бірін таппайсың. Шаруа қожалығымызға жұмысшы қажет болып, орталыққа арнайы келіп отырмын. Үкіметтің қолдауы бізге аса маңызды. Айлығының жартысын мемлекет төлесе, жартысын қожалықтың атынан береміз. Бұл бізге тиімді.
Расымен «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыратын уақыт емес. Кез-келген жұмыс істеп, табыс табамын деушілерге қолдау көп. Әсіресе, мемлекет тарапынан қарастырылған гранттар мен жеңілдетілген несие көп кәсіптің аяқтан тұруына көмек. Біз орталық маманы Самал Абдуллаевадан бизнес бастаудың қыр-сырына қанық болдық.
– Бізге келушілердің саны күн санап көбеюде. Осы үш айда 500-ден аса азаматтар арнайы курстар оқыды. Кәсіп бастауға ниеттілердің дені мал ұстауды мақсат етеді. Сондай-ақ, тігінші, кондитер, сұлулық салондарын ашу үшін курстарға жіберіледі. Оған 350 млн 40 мың теңге қаралған, – дейді ол.
Маманның айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бағыты – қысқа мерзімді оқыту. Өз мамандығы бойынша жұмыс таппаған азаматтардың қосымша мамандық игеруіне мүмкіндік жасалады. Әлеуметтік жұмыс бағыты бойынша жұмыс берушілер (шаруа қожалықтар, жеке кәсіпкерлік, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және т.б) жұмысқа қабылдаған азаматтардың жалақысының 35 пайызын мемлекет есебінен субсидиялайды. Қоғамдық жұмыс «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-ші бағыты – бойынша ең төменгі жалақы 42 500 теңгені құрайды. Жастар практикасына 29 жасқа дейінгі жоғары және арнаулы білімі бар жұмыссыз жастар қатыса алады. Жалақысы 25 айлық есептік көрсеткішпен (әлеуметтік аударымдарын қоса есептегенде 72 925 теңге) есептеледі. Қайтарымсыз гранттар бойынша 16 жастан зейнет жасына дейінгі кез-келген жұмыссыз азаматтар қатысады. Ол үшін «Бастау бизнес» жобасы немесе «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 1-ші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтуі шарт. Сосын бизнес жоспар дайындап, комиссия алдында қорғауы тиіс. Ал көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелеріне оқу талап етілмейді. Қатысушылар комиссиядан құлаған жағдайда екінші рет бизнес-жоспарын талапқа сай дайындап, қайта қатысуына мүмкіндігі барын білдік.
Орталықтан көпбалалы ана Рәш Асылбекованы кездестірдік. Ол: Мемлекеттің беріп отырған гранты бізге үлкен қолдау. Осыған дейін көпбалалы ана ретінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізген болатынмын. Оған екі сиыр алдық. Бүгінде ол төлдеп, пайдасын көріп отырмыз. Енді ұлымның пластик шығаратын шағын цехына көмек сұрай келдім. Ұлым Нұрболат бұған дейін Алматы қаласында өз күшімен ашылған цехтың, бөлімшесін кент орталығынан ашуға ниетті, – деп ойымен бөлісті. Мұндай идеяға орталықтан қолдау болады деген үміттеміз.
Бүгінде ауданда көпбалалы 3 958 отбасы болса, оның 1 494-і кентте тұрады. Батыр ана, Алтын алқа, Күміс Алқа иелері 3117 ана екен.
Осы ретте жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков жаңалығымен бөлісті: – Облыста алғашқы болып «Бақытты отбасы» жобасын қолға алмақшымыз. Бұл жоба аясында тұрмысы төмен, қамқорлықты қажет ететін отбасылардың аяқтан тұруына көмек беретін болады. Жобаның алдағы мәслихаттың кезекті отырысында қаржысы толық шешіледі. Сол кезде қосымша 5 адамды жұмыспен қамтитын боламыз, – деді.
Бұл кезде жұмыспен қамту орталығына келушілер саны едәуір артып, әрбір келушіге мамандар қажетті құжаттарын алдырып, жұмысы біткен азаматтар қуанып шығып жатты.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА