Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қарттарым, аман-сау жүрші!

Қарттарым, аман-сау жүрші!





Аталы сөздің өрнегін кестерлеп, қартын қазынаға теңеген қазақтың үлкеннен бата алып, құрмет көрсетуі қанына сіңген асыл қасиеті ғой. Халықаралық қарттар күні қарсаңында аудан әкімі Сұлтан Мақашов елдегі ғасыр жасаған әзиз жандарға ізет білдіріп, ақ батасын алу үшін жолға шықты.


Құрамында аудан әкімінің орын­басары Ғалымжан Сопбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов пен білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов бастаған топ кешегі майдан даласында оқ пен оттың ортасында ел үшін ерлік көрсеткен сүйегі асыл сарбаздарға сәлем берді.
Алғашқы бағыт Ақүйік ауылдық окру­гінде тұратын Найманбай Құрба­нов­тың үйі. Ауыл әкімі Әскербек Мұсаев жауынгер үйіне жол түзеді. Елдегі жаңалықтарды естіп, үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын майдан­гер қонақтарды өзі күтіп алып төрін ұсынды.
Сұлтан Ысқақұлы өзінің кішіпейіл­ділігімен, қарапайым­дылығымен. ауыл-ауылды аралағанда еркін форматты қалайтынын білдік. Бұл жолы да ақсақалды етене жақын тартып, әңгіме-дүкен құрды.
– Ассалаумағалейкум, қалыңыз қалай ақсақал?
– Жақсымын, қош келдіңдер қарақ­тарым.
– Ақсақал, ауданға жаңадан келген әкім Сұлтан Мақашов бо­ла­мын.
– Түсіндім, қадамың құтты болсын, елге адал қызмет ет балам.
– Рақмет, мереке қарсаңында сәлем беріп, батаңызды алуға кел­дім.
– Дұрыс, біздің Тәңірден тілеріміз енді елде соғыс болмасын, өскелең ұрпақ бейбіт күнде күн кешіп, өздерің секілді аға буынның қам­қорында есейсін деген тілегімізді күніне мың қайталаймын, – деген Найманбай қария ақ батасын беріп, соғыс жылдардағы басынан кешір­ген қиындықтарды шолып өтті.
97 жасқа қадам басқан май­дангер 1942 жылы соғысқа атта­нып, Сталинград майданында Венгрия­ны азат етуге қатысқан. Майдан дала­сында екі мәрте ауыр жара­ланған. Отты жылдардағы еңбегі ескеріліп, «Қызыл жұлдыз» ордені, «Отечественной вой­ны I-степени», «За Отвагу», «За победу над Германией» мерекелік медальдарымен награтталған. Соғыс­тан 1947 жылы оралып, туған ауы­лында 30 жылдай мал баққан. Ден­саулығы әлі де мығым өткенінен жауын­гер қарт өнеге өрбітіп, келген қонақтарға батасын берді.
Келесі бағыт Бесарық ауылында тұратын Нұрман Асановтың шаңырағы. Абыз ақсақал қонақтар келісімен орнынан тұрып сәлем берді. Тоқсанның бел ортасына келсе де майдангер қария әлі де ширақ көрінеді.
– Ата, жағдайыңыз жақсы ма? Сұлтан деген балаңызбын. Жа­қын­да әкім қызметіне кірістім. Сіз­дің аман-саулығыңызды білуге келдім.
– Рақмет балам. Біздің хал осындай. Қарттық басқан сайын көп ауыратын болып жүрмін. Бірақ өздерің секілді азаматтарды көріп көңілім сергіп, құр атқа мінгендеймін.
Батагөй ақсақал елдің тыныштығын тілеп отыр. Сонау отты жылдардан аман-есен оралып, елдің еңсесін тіктеуде еңбек сіңірді. Ел алдында беделі биік. Тоқсан төрт жастағы қарияның қан майдандағы отты жылдары әлі көз алдында. Майданға 1942 жылы алынып, Варшаваны азат етуге қатысады. Ерлігі ескеріліп, «Қызыл жұлдыз», «За отвагу», «За освобождение Варшавы» жауынгерлік орден-медальдарымен марапатталған. Елге 1949 жылы оралып, Талап кең­шарында шаруашылықта еңбек етеді.
– Е, жарқындарым, от пен оқтың ортасында, қаншама ана ұлынан айы­рылды, бауырдан, арқа сүйер ағадан, ізін жалғайтын баласынан көз жазып қалды. Алайда, олардың барлығы келер ұрпақ үшін жанын қиды. Міне, шүкір, бейбіт заман орнады. Жаратқан осы күнімізден айырмасын. Ең бастысы, қазақ елінің бірлігі артып, ынтымағы жарассын, – деп жылы лебізін де білдірді қария.
Ауданда көзі тірі екі ардагерге сәлем беріп, сый-сияпатын көрсеткен Сұлтан Ысқақұлы ардагерлердің иық­тарына шапан жапты. Жеңісті жақын­датқан жауынгер аталарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Аудан басшысының сөзінен осыны ұқтық.
– Бүгінгі біздің асыл қазына, баға жетпес байлығымыз осы кісілер. Біз оларды көзі тірісінде қадірлеп, ұлықтауымыз міндет. Олар тірі тарих, сондықтан оларға күн сайын тағзым етсек те көптік етпейді, – деді әкім.
Одан әрі ғасыр жасаған әзиз ана­ларға бет алдық. Бүгінде Жаңақорған ауданында тұратын жүзден асқан үш ана бар. Аудан басшысы бастаған делегатына алдымен Келінтөбе ауы­лын­да тұратын Сұлу Баркенованың үйіне барды. Ауыл әкімі Жақсылық Әбілқайыров күтіп алып, жол бастады.
– Апа қалыңыз қалай? Денсау­лығыңыз жақсы ма?
– Аллаға шүкір, шөбере-шөпшектің қызығына тоймай келеміз.
– Ауырмаңыз, біз келіп тұрамыз. Тағы да мерекеңізбен!
– Рақмет, балам.
Шөпшегінің қолынан су ішкен Сұлу апа ашаршылық тауқыметін тартып, қуғын-сүргінге куә болып, соғыс жылдары тылда еңбек етті. Бүгінде 8 ұл-қызды тәрбиелеп, немере, шөбере, шөпшек сүйген кейуана әлі де тың көрінеді.
Ақ самайлы анадан батасын ал­ған әкім Қожакентте тұратын Әсия Каримованың қара шаңырағына бет алды. Біз кіргенде төсекке таңылған ананың көңілі жабырқаулы көрінді. Қазақта «бала – бауыр етің» деген қастерлі сөз бар, жалғыз ұлынан айы­рылған Әсия әжей есікке елеңдеп отырғанын көрдік. Жүзден асса да ұлын ойлап отыратын кейуананың көңілі дархан даладай кең ғой шіркін! Бізді жатсынбай бауырына басып, сәлемін берді. Мән-жайды түсіндірген Сұлтан Ысқақұлы жылы лебізін білдіріп, сый-сияпатын табыстап, ақ батасын алды.
Одан әрі осы ауылда тұратын Ақшайы Мүслимоваға да құрмет көр­сетті.
– «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген сөзді әсілі қазақ тегін айтпаса керек. Расында ананың айналайыннан, ақ тілеуінен артық құндылық жоқ қой бұл өмірде. Әрбір нәзік жанға бүгінгідей жүз жасаған әжелердің жасын берсін, – деді аудан басшысы.
Бұрынғыдан «шұғынық мәңгі сол­майды» деген сөз қалған екен. Ғасыр жасаған жандардың жан дүниесі сол гүлдердей берік. Себебі, денсаулықтары сыр берсе де, Әзиз аналардың айтары – кейінгі ұрпақ бейбіт өмір сүрсе дейді.

Р.S.: Әр әжімінің өз айтары бар әз әжелеріміз бен ақ самайының әр талына тарих тұнған ақсақалдардың тілеуі бір. Ол – елдің бүтіндігі, жұрттың амандығы, ұрпағының саулығы. Ана жүректің осы дұға-тілектері бізді желеп-жебеп жүргені анық. Біз ғасыр жасаған ғұмыр ғибратынан осыны ұқтық. Ал осындай көргені көл-көсір, білгені бір төбе болатын қарияларға лайықты құрмет көрсетіп, жоғын түгендеп, барының басын құрап беру әрбір азаматтың перзенттік парызы.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
01 қазан 2019 ж. 1 133 0