№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды

Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды

Рас, анасы бар адамдардан бақытты жан жоқ шығар, сірә! Ананың «айналайынын» есту бақыты бұйырған адамзаттың анаға деген махаббаты мәңгілік. Бүкіл әлемнің құрметі нәзік жандыларға арналатын мерекенің бастауы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудан әкімі Руслан Рүстемұлы аналарды қабылдап, құрмет көрсетіп, жылы лебізін білдірді.Дүниеде үш нұр бар, алғашқысы – күннің нұры, бұл адамның көзіне, кескін-келбетіне құйылады. Екіншісі – ақылдың нұры, бұл пенденің пейіл-парасатына, сана-сезіміне беріледі. Ал, ананың жанарынан төгілген нұр – бұл перзентінің жүрегіне құйылатын құдырет нұры. Иә, «ана» деген үш әріптің астарында адамзат баласына қуаныш сыйлар қаншама қасиет бар десеңізші?! Ана алдындағы қарыз ешқашан өтелмейді.
Жаңақорған топырағында алтын алқа иелерінің қатары күн санап артып келеді. Оны жылдағы бала туу көрсеткішімен өлшеуге болады.
– Әлемде адамзат үшін анасынан асыл, әжесінен ғазиз, апа-қарындастарынан ардақты, жарынан аяулы, қызынан қылықты жан жоқ. Сондықтан «анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген тәлім осыдан қалса керек. Қазақ халқы да салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, ислам діні құндылықтарымен ұштастыра отырып қызды тәрбиелеген. Адамның асылы анадан демей ме. «Ұлтты тәрбиелегің келсе, қызды тәрбиеле, ал ұлды тәрбиелегенің ер-азаматты тәрбиелегенің» дейді қазақ.
Қазақ текті халық, қыздың атында ру да, ұран да болды. Мәселен, қаз дауысты Қазыбек бидің кезінде батырлар руға «Қарқабат» деп шапты, ал Қарқабат Қазыбек бидің анасы. Міне қазақтың қызға деген құрметі осылай көрінеді. Сондықтан көктемнің шұғылалы күнімен келіп жеткен аналар, ару-қыздар мерекесі құтты болсын! – деп әкім аналарды құттықтады.
Ауданның әлеуметтік-эконмикалық дамуында, мәдени-рухани өркендеуіне үлес қосып жүрген аналарға аудан басшысы марапат ұсынып, сый-сыяпат көрсетті. Зейнеткер, темір жол саласының ардагері, көп балалы ана Дариға Кадирова, алтын және күміс алқа иелері де арнайы шақырылыпты. Олардың қатарында Айсұлу Тастаева, Гүлмира Әлібаева, Балжібек Егембердиева, Кенжегүл Лепесбаева, Талшын Шолабекова бар. Сондай-ақ кәсіпкер, әрі көп балалы ана Нұрбике Өмірзақова мен Ақмарал Маликоваға да аудан әкімі алғыс білдірді.
– Бізді осылай құрмет төріне шығарып, мерейімізді үстем етіп отырған Руслан балам өзіңіз бен әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтамын. Әрине анаға деген махаббат ештеңемен өлшенбейді ғой, сондықтан перзенттік пейілдеріңе, ағалық мейірімдеріңе рахмет. Біз қашан да балаларға тілеулеспіз, өзімнің замандастарымды, ізімізден ерген аруларды мерекемен құттықтаймын, – деп ізгі тілегін Дариға анамыз жеткізді.
Асыл дінімізде анаға деген құрметті сахабалардың ісінен көреміз. Әбу Хурайра (р.а) үйіне кіргенде кезінде анасына: «Алла саған мені кішкентайымда қалай тәрбиелеген болсаң, тура солай мейірімін жаудырсын», – деп дұға жасайтын болған. Есесіне анасы: «Ержеткеннен кейін маған жасаған жақсылығыңдай Алла да саған мейірімін жаудырсын», – дейді екен. Ал, Хасан Басри (р.а) анасымен бір табақтан тамақ ішпеген. Оның себебін сұрағандарға: «Анамның қалап тұрған нәрсесін одан бұрын алып қоямын ба деп қорқамын», – деп жауап берген.
Аудан әкімінің қабылдауында болған жас ана Талшын Қалдыбайқызы: «7 нәрестені өмірге алып келгенім үшін Жартақанға сансыз шүкіршілік етемін. Бала Алланың берген сыйы ғой, бұйыртып жатса қазақтың санын көбейтіп, ұлағатты ұрпақ, иманды ұл-қыз тәрбиелеуге тырысамын» – деп ниетімен бөлісті.
«Ат биеден, алып анадан туады» дейді халқымыз. Әлемнің 6 дүркін чемпионы, Олимпиаданың 3 дүркін алтын алқа иегері, кәрі құрылықтың теңсессіз батыр балуаны Бувайсер Сайтиев: «Маған олимпиаданың 3 алтынынан анамның қасында өткізген бір күнім мың есе артық, мен анамның құшағында мың есе бақыттымын» деген болатын. Міне, адамзаттың анаға деген құрметі шексіз екенін осыдан көруге болады. Өйткені, анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Сондықтан аналарымыз аман болсын, мереке құтты болсын, арулар!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
06 наурыз 2021 ж. 498 0