Баспана – бақыт шамы
– Жасыратыны жоқ, Жаңақорған ауданы халықтың өсімі жөнінен өңірде көш бастап тұр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында аудан халқы 20 мыңнан астам адамға толықты. Әрине, халықтың өскені жақсы, өміріміздің өскелең болғаны өзекті. Соған сай әлеуметтік сала жағынан болжам жасалады, халықтың сұранысын реттеудің алғышарты жоспарланады. Қазір ауданда 960 азамат үй кезегінде тұр. Біздің басты мақсат – кезекте тұрғандар қатарын азайтуға байланысты барынша жұмыс жасау екенін айрықша айтқым келеді. Биыл, 2021 жылы республикалық бюджет есебінен 20 үй салу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Оған 168 млн теңге қаржы бөлінді, құрылыс жүргізілетін жер МАИ бекеті аумағынан таңдалды, – дейді Руслан Рүстемұлы өзінің жазбасында.
Әкімнің жазуынша, 18 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй салуға негіздеме құжаттар жасалды. Ол салалық министрлік назарына ұсынылды. Үміт бар. Сол секілді 2 пәтерлі 3 бөлмелі 20 отбасыға арналған үй құрылысын жүргізу жоспары жасалды. Мұның да жобалақ-сметалық құжаты жасалып, салалық министрлікке ұсынылды.
– Әрине, жұмыс мұнымен шектелмейді. Биылдың жобалық кезеңі біткен жоқ. Әлі де атқарылар іс ауқымды. Бұдан бөлек, тұрғындардың жеке тұрғын үй салу жөніндегі өтініштерін қанағаттандыру мақсатында 213 га аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеуге қаражат бөлуді жоспарлаудамыз. Осы жоба жүзеге асқан жағдайда 1000-нан астам отбасы тұрғын үй құрылысын жүргізуге мүмкіндік алып, тұрмыстық әлеуетін арттырады. Міне, мұның бәрін ашық, ресми түрде жариялауымның себебі, бір жағынан сіздерді құлақтандыруға, екінші жағынан тұрғын үй, жер телімі мәселесімен хабарласып жатқан азаматтарға ақпарат ретінде ұсынып отырмын. Ендеше, қай мәселе де кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізгім келеді, – дейді ол.
Әрине, әрбір азамат Жиренше шешен айтқандай: «Аяғым шығып жатса да, өз лашығым артық» дейтін баспанасы болғанын армандайды. Өйткені баспана – бақыт шамы. Әкім осы шамды жағуға ниетті екен. Мұндай бастаманы халық зор қызығушылықпен қолдайтыны анық.
Дайындаған
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ