Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Баланың талабын тау еткен

Баланың талабын тау еткен


«Дәулет – есіктен, ақыл – бесіктен кіреді» дегендей, білім бесігі – мектептен басталады. Жас жеткіншектерді халықтың қадір-қасиетін білуге үйретуде, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әдептілікке баулуда бастауыш сынып мұғалімдерінің алар орны ерекше. Балаға әріп тануды үйретіп, бойына тәрбиені сіңдіріп, бүгінде сол еңбегінің құрметті зейнетіне шыққан ұстаз Зағипа Мейірбанова жайлы естіген жылы пікірден соң апаймен дидарла­суға асықтық.


Өткен күндердің белгісіндей болған шәкірттері сан саланың тізгінін ұстаса, бұрымдылары бір үйдің отын маздатқан аяулы ана, өнегелі келін атанды. Шәкірті сәлем беріп келе қалса құрақ ұшатын апайдың баладай аңғал, ақжарқын мінезі кім-кімді де баурап алатыны сондай жарасымды. Табиғатынан бір елі ажырамай, ойын дәл айтып үйренген оның алаңсыз күндері жоқтың қасы. Әсіресе бастауышпен қоштасқан соңғы сыныбы немерелерімен қатарлас болғаннан кейін бе, еркелей қоңырау шалып, кейбір білмегендерін әлі күнге дейін сұрап тұрады екен.
Сөз патшасы өлеңнен дұрыс ұйқастар тауып, жадында сайраған кейбір әуендерге салып жүретіні де оның шығармашылыққа жақындығын аңғартады. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген нақылы тауып айтылған. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті, болашағы. Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің, мұғалімнің алатын орны да ерекше. Зағипа Махмудқызы – осындай жан.
Ол Қыркеңседегі №213 орта мектебінде білім алған. Білім ордасындағы матемтика пәнінің мұғалімі, Мария Ізбазханова, қазақ тілі, әдебиеті пәнінен сабақ берген Мүтән Бисенбиев, физика пәнінің оқытушысы Уалихан Бөженов сынды білікті ұстаздардың салып кеткен жол Зағипа апайдың мұғалім болуына себепші болады.
– Бастауыш сыныпта сабақ берген Серікбай, Нышан Әбуов ағайлардың есімін әлі күнге дейін мақтанышпен айта аламын. Ол кезде мектепте әсіресе бастауыш сыныптарда ер мұғалімдердің үлесі көп болатын. Олардың ер балаларға ықпалы да зор еді. Мұғалім келе жатқанда жейделерінің жағасын, галстуктарын дұрыстап жатушы едік. Әрине қыз балалар да ағайдың қас-қабағынан бәрін түсініп, оқымай келуге ұялатын. Бәріміз бір үйдің балаларында тату болатынбыз, – деді жарты ғасырға жуықтаған ыстық естелікті есіне алып.
Мектепті бітірген соң Түркістан қаласындағы педагогикалық колледжді бітіріп 1982 жылы туған ауылға еңбек жолын тәрбиешіліктен бастайды. 1984-1985 жылдары «Өзгент» орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған оның өміріндегі әрбір 45 минуттың, балалармен өткізген әрбір сәттің алар орны ерекше. Қиыны мен қызығы мол әрбір сәтті былайша әңгімелеп берді.
– Әсіресе бастауыш сынып мұғалімдері сабақтың қалай тез өткенін білмей қалатынбыз. Енді ғана партаға отырған әрбір үйдің еркесінің тілін тауып сабақ оқыту ұстамдылықты, қажырлылықты қажет етеді. Бірде мынадай қызық болған. Кеңестік кезеңінде «Бұл – Ленин бабамыз» өлеңін жатқа айтып келу берілген. Сонда сыныптағы өзі пысық, сүйкімді Әбілқасымов Мұхамедәлі деген оқушым «Үйімізде, төрімізде портретте тұрған кім? Бұл Бипан, Шералы» деп әке-шешесін айта жөнелді. Себебін сұрасам, «Үйде Лениннің емес, папам мен мамамның суреті ілулі тұр» деп жауап бергені бар. Иә, бала деген аңғал, пәк ойындағын тура айтады емес пе? Тағы бірде алма дегенде «А» келеді, тауық дегенде «Т» келеді деп «ат», одан кейін «ат-тар» деген сөзді оқыту үстінде «Көп ат үйір болмай ма?» деп бірінші сыныптың партасындағы оқушымның осындай ұтқыр сөздері әлі күнге дейін жадымда. Алдымда отырған әрбір баланың жан-дүниесі ұстазының көз алдында. Қайсыбірін айтайын, бүгінде елдің түкпір-түкпірінде нәтижелі қызмет етіп жатқандары да жоқ емес. Мейрамдарда жақсы сөзін, жылы лебізін білдіріп хабарласып жататыны көңіліңді көкке көтеріп тастайды. «Ұстаз шәкіртімен бақытты» деген осы болар, – деп жауап берді ардагер ұстаз.
Оқу ордасында 37 жыл талмай қызмет еткен Зағипа Махмудқызы 7 бастауыш сыныпты түлеткен шәкірттерінің ішінде 2 «Алтын белгі» иегері атанған. Соның құрметіне білім бөлімі мен облыстық кәсіподақ ұйымының шешімімен Астана қаласына жолдама бергені ұстаз мерейін өсіріп, ақ адал еңбегінің еленгені қуаныш сыйлаған.
Шәкірт жүрегіне жол тауып, ізгілік нұрын себуге ұмтылған ұстаз еңбегі қашан да шәкіртінің жүрегінде. Баланың бойындағы қабілетін дамыту арқылы өзін, әлемді тануға, қоғам алдындағы жауапкершілікті, адамгершілік қадір-қасиетін сезіндіруде ұлан-ғайыр еңбекпен астасып келетін ащы тер мен тәтті дәм қашан да мұғалім мәртебесін биіктетпек.

Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ

17 ақпан 2021 ж. 451 0