Сунақатаның серпілісі
Ұлы Жібек жолының ірі сауда орталығы болған – Сығанақ шаһараның топырағында қазық қаққан Сунақ ата ауылында күрмеулі мәселелері оңтайлы шешімін тауып келеді. Бүгінде Сунақата ауылдық округінен 10 ұсыныс көтерілген, оның ішінде, бір ұсыныс толық шешімін тапқан. Бұл жөнінде аудан әкімінің есеп беруінде толықтай көз жеткіздік. Ауылдағы ауыз су мәселесіне байланысты көтерілген ұсыныс бойынша және интернет желісінің жылдамдығын арттыру, ұялы байланыс желілері жөніндегі ұсыныстар оң шешімін табатынын жеткізді.
Ауылдағы электр энергиясының қуаттылығының төмендігі КРЭК мекемесінің аудандағы бөлімшесінің жоспарына сәйкес өткен жылы 5 шақырым 10 кВ электр желісіне, 6,6 шақырым 0,4 кВ электр желісіне күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 1 дана 10/0,4 кВ қосалқы станция қойылды. Ал, осы жылы тағы 2 дана қосалқы станция қою жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өткен жылы №194 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді.
– Ауылда салынып жатқан тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымына қаржы бөлу жөніндегі ұсыныс бойынша ауыл әкімі инфрақұрылым тартылатын көшеге қажетті құжаттарын дайындап тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдарына ұсынса, жоба сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптамадан өткізуге қажетті қаржысын аудандық бюджеттен қарастырылатынын атап өтті.
Ал, мектептің алдындағы көшеге жол белгілерін орнату және «Айгүл» балабақшасы ғимаратының тар болуына байланысты жанынан қосымша бөлмелер салу жөніндегі ұсыныс бойынша білім саласына осы жылдан бастап аудандық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Өйткені облыстық бюджетке қарайды. Сондықтанда қазіргі уақытта қолда бар ғимаратты тиімді пайдалану қажет, – деді аудан әкімі.
Ауыл әкімшілігінің ғимаратын салу жөніндегі ұсыныс бойынша, биылғы жылға қаржылық мүмкіндікке қарай, ғимараттың қазіргі жағдайын қарап, бюджеттік комиссияда талқылап, салыстырмалы түрде қажетті деп табылса жоба-сметалық құжатын жасауға қаржы бөлінеді. Ауылдық округі әкімі аппаратындағы бос тұрған заңгер маманының штатына ауылдың азаматын алынса деген ұсынысқа аудан әкімі:
– Ауылда бос жүрген жоғары білімді жастардың көп екенін де білемін. Бірақ мемлекеттің жүргізіп отырған саясатынан барлығыңыз ақпарат құралдары арқылы хабардарсыздар. Мемлекет басшысының мемлекеттік қызмет саласына жүргізіп жатырған реформасына сәйкес 2020-2021 жылдарға 25 пайызға дейін мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жөнінде тапсырма берілді. Соған сәйкес қысқартылған қызметкерлерді жұмыспен қамту керектігі тағы бар. Олар да ауданымыздың азаматтары. Міне, сондықтанда бірінші кезекте аудандағы қысқарған қызметкерлерге осындай бос орындарды ұсынатын боламыз. Егерде Сунақата ауылына келетін қызметкер болмаған жағдайда «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңының аясында мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсының талабына сай жұмыс істелетін болады, – деп жауап берді.
Сондай-ақ ауылдағы мекемелердің басшыларының тағайындалуы мен учаскелік полиция инспекторлардың тұрақтандырылуына баса назар аудара отырып, алдағы уақытта бірінші басшылар мен учаскелік инспекторлар көшіп барып жұмыс жасау керектігін қадап айтты.
Ауылда өткен жылы көтерілген ұсыныстардан бөлек елді мекендегі Енді көтерілген Ә.Сүлеймен, Ж.Түлкібаев, М.Мәметова және Тәуелсіздік тас төсеуге аудандық бюджеттен – 2,6 млн теңге және 2 көшеге күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдар орнатуға – 1,7 млн теңге бөлінді. 2021 жылы аудандық бюджеттен Еңбек елді мекені Молдағұлова көшесін көркейтіп, көгалдандыруға – 5,9 млн теңге, көшелерге тас төсеуге – 2,6 млн теңге қаралды. Міне, Сунақатаның серпілісі осындай жұмыстардан көрінді.