№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жел тұрса жарық сөнеді. Неге?

Жел тұрса жарық сөнеді. Неге?

Рас, жауын жауса немесе өткінші жел тұрса аудан орталығындағы кейбір көшелерде жарық сөнеді. Бұл – ауылдық округтерге де тән құбылыс. Мұны көз көріп, құлақ естіп жүргендіктен жоққа шығара алмайсың. Жыл сайынғы әкімдердің есептік кездесуінде тұрғындардың көтеретін үш мәселесі болса, соның бірі – электр жарығының талапқа сай келмеуі. Бұл мәселенің түйіні қашан тарқатылады? Мұның жауабын жауапты мекеме мамандарынан сұрадық.

Жыл басында Қандөз, Келінтөбе және Аққорғанда өткен есептік кездесуде жарық мәселесі бірінші орынға қойылды. Электр жарығына байланысты кент тұрғындарының да талап-тілегі қағазға түртілді.
Халықтың ұсынысы қанағаттан­дырыла ма? Бұл сұрақты алдымен кент әкімдігіне жолдадық. Олардан кенттің басты көшесі – Хорасан ата мен Аманкелді көшесін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқаны жайлы мағлұмат алдық. Ал қалғанына аудандық электр торабы жауап беретінін жеткізді.
– Жалпы кенттегі және елді мекендердегі бағаналар ескірген. Оның барлығын ауыстыру, күрделі жөндеу жүгі ауыр. Барлығы кезең-кезеңімен шешіледі. Ауыз су секілді бізде мемлекеттік бағдарлама жоқ, күрделі жөндеуді «КРЭК» мекемесі өз міндетіне алған, сондықтан барлық мәселе бірден шешіле қоймайды. Дегенмен биыл күрделі және жай жөндеу жұмыстары бойынша біраз жұмыстар атқарылады. Яғни мекеме есебінен аудан бойынша 14 дана қосалқы станциясы жөндеуден өтеді. Негізі жылдық жоспар бойынша да жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оқшаулағыштарын таза­лау, май құю, әуе желілерін ағаш бұтақтарынан тазалау және т.б жұмыстар үздіксіз жүргізіледі, – деді Жаңақорған аудандық электр торабының бастығы Шалқар Рахышев.
Ашығын айтқанда, бағаналар ғана емес, трансформаторлардың да тозығы жеткені белгілі. Осы ретте, аудан әкімінің жыл басында әкімдер есеп беруінде айтқан сөзін келтіре кетейік: «Біз тариф бойынша жарыққа тиесілі қаржыны, яғни жаққан ақшаны төлейміз. Сондықтан бізге берілетін жарық қуаты соған лайық болуы тиіс» – деп ескерткен еді. Дұрыс талап. Дегенмен көгілдір отынмен мен электр энергиясының коммуналдық төлеміне тұрғындардың қарызы қомақты екенін айта кеткен жөн. Бұл – бөлек мәселе...
Жыл басында тариф 1 кВт-қа 17 теңге 25 тиын болып өзгерген, баға тұрақты. Мәселе тарифтің құнында емес, жарықтың жиі сөніп қалатынында. Мәселен, желдің тұрмауын тілейтіндердің бірі – Аманкелді көшесінің тұрғындары. Осы көшеде газеттің ғимараты болғандықтан, оны өзіміз де сезініп отырмыз.
Кенттің негізгі көшесіндегі жағдайға байланысты өзге көшелер мен елді мекендердегі жағдайды айтудың өзі артық секілді.  
– Шыны керек, қазір бұрынғыдай емес, жағдайымыз түзелді. Жарық бар, газ бен ауыз су келді. Алайда жел тұрса жарықтың сөнетіні белгілі. Менің ойымша кеңестік кезеңде орнатылған бағаналар мен электр жүйесін ауыстыру керек. Әрі бұған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлу керек. Себебі жыл өткен сайын элетр энергиясын тұтыну көлемі артып келеді. Оған кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып келе жатқаны дәлел, – деді кент тұрғыны Алтынбек.
Біз шүкіршілікті ұмытпаған халықпыз! Қашанда ұсақ-түйек мәселелер болады, таусылмайды да. Ел ағалары елдегі тыныштық пен тұрақтылықты берекеге балайды. Бірақ  Алтынбек қария айтқандай, электр энергиясына сұраныс артып келеді. Соған сай электр бағаналарын жаңғырту, жаңалау жұмыстарын жүргізу керек. Бұл – уақыт талабы. Осы турасында Жаңақорған аудандық электр торабы мекемесінің басшысынан сұрадық.
– Алдымен кентішілік атқарылатын жұмыстарға тоқталсақ. Хорасан ата мен Аманкелді көшесін көркейту, абаттандыруға байланысты электр энергиясын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеу жұмысы Сапарбеков көшесінде іске асырылуда. Ұзындығы 6,16 шақырым болатын көше бойындағы 13 баған ауысады. Сол секілді Мұсаханов (3,7 шақырым), Сығанақ (5 шақырым, 8 баған) көшесіндегі әуе желілері ауысады. Қошқаров, Байдүйсен көшесі де жоспарға енгізілді. Ал қалған көшелер кезең-кезеңімен реттелетін болады, – деді Шалқар Әбдімәлікұлы.
Оның сөзінше, мекеме теңгерімде 35 киолвольт (Кв) линиядан басталады. Осы белдеуден Ақтас, Жаңақорған, Бірлік, Төменарық күрделі жөндеуден өтеді. Оған қажетті құрал-жабдықтары келді. Енді жарық көп өше бермейді деп сенейік. Ал 10 Кв бойынша қай ауылдар күрделі жөндеуден өтеді?
– 10 Кв бойынша Келінтөбе, Екпінді, М.Нәлібаев, Аққорған ауылдық округіне күрделі жөндеу жүргіземіз. Сондай-ақ арыз-шағымның көп түсуіне байланысты Қандөзге 2 қосалқы стансадан таралатын әуе желілері жаңартылады. Түгіскенде 23 бағана ауысады. Қазір ең күрделі мәселесі осы Түгіскен елді мекенінде. Ал Төменарықта 12 столбы ауысады. Жалпы Қожамберді мен Төменарықта барлығы 40-қа жуық бағана ауысады. Расында бағаналардың тозығы жеткен. Тағы айта кетейін, барлығын бірдей ауыстыруға шамамыз келмейді. Бірақ кезең-кезеңімен шешіледі, – деді мекеме басшысы.
Жалпы электр энергиясы төңірегінде тақырыптар көп. Мәселен, жарықты үнемді қолдану, жасыл энергияны қолданысқа енгізі және т.б жөнінде терең талдауға болады. Бірақ дәл қазір тұрғындарға жарықты тиімді жеткізу өзекті болып тұр. Бұған мақала жазу барысында тұрғындармен сөйлесу барысында қанық болдым. Әрі алдағы бірнеше жылды осы мәселе толық шешілу керек деп есептейміз.
01 тамыз 2020 ж. 726 0