Соңғы жаңалықтар

Көк жөтел ауруы жайлы.

26 сәуір 2024 ж. 73

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Қажымұқанның ізбасары

Қажымұқанның ізбасары


Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы саналы ғұмырында ұлттың абыройын асырды. Қажымұқанмен шеңдес балуан біздің ауданда да бар. Оның есімі – Қосаман Шерниязұлы. 50 жасына дейін талай аламанға түсіп, Сыр өңірінің абыройын асқақтатты. Сәті түсіп, Қосаман балуанмен дидарласып қайттық. Ондағы мақсатымыз – жастарға ауданнан шыққан даңқты балуанды таныстыру.


Қазақтан шыққан даңқты балуан Қажымұқанға талай қиянат жасалды. Қосаман ағамыздың бабында тұрған шағында сондай әрекеттер істелді. Соған қарамастан берілмеді, сағы сынбады. Қайта өзін дәлелдеуге күш салды. Сөйтіп күрестің 4 түрі – самбо, дзюдо, қазақша және еркін күрестен Шымкент қаласының 4 дүркін, Қарағанды облысының 7 дүркін чемпионы атанды.
– 70-80 жылдары елдегі ең мықты балуандардың шоғыры Алматы, Шымкент, Қарағанды облысы болатын. Жалпы менің спорттық мансабым әскерге барған шақтан басталды. Осы жерде бір ақиқатты айтсам, аудандағы күрес спортының нағыз бастау алған тұсы – Иманберді Кадировтан басталды. Одан кейін Нұрбек Балымбетов, содан кейін жол менікі болды. Мектепті тәмамдап, 1965-1966 жылы Түркістандағы училищеге оқуға түстім. Араға жыл салып, әскерге шақырту келді. Баруға қамданғанда Иманберді ағам маған бір ұсыныс айтып, күрестегі жетістігім туралы құжатты алып баруды өтінді. Бардым, шынында оның көп пайдасы тиді, – деп бастады әңгімесін ол.
Содан әскерде спортқа, әсіресе күреске икемі бар жастарды бөліп алып, жарыстарға шығара бастады. Алып күштің иесі самбо мен дзюдо, қазақша күрестен өткен турнирлерге қатысып, дивизиясының атын шығарды. Орыстың мен деген балуандарын жеңіп, І дәрежелі атағына ие болды.
– Ол кезде апталап жүріп күресетін едік. Шаршау, демалу дегенді білмедік. Оқу-жаттығуды Волгоград, Махачкала, Баку қаласында жалғастырдық. Іріктеу басталды, физикалық, психикалық дайындығымызды тексерді. Менің бір ғана мақсатым болды, ол – жеңілмеу. Кілемге көтерілсем арқам ұстап, қарсыласыма асығып тұратын едім, осындай мінезімді көрген басшылық Мәскеу қаласына апарды. Кеңестік заман, Ресей құрамындағы елдердің кіл мықтылары бас қосқан үлкен жарыс басталды. Солардың ортасына тап болдым. Жартылай сында Еуропаның 12 дүркін чемпионы Давид Рудманмен жолым түйісті. Не керек, 4-ші орынмен оралдым, – дейді ақсақал.
Қазақтың қайсар ұлын көрген жарыс қожайындары Мәскеуге қалуға ұсыныс айтады, оқуға түсіретіндерін жеткізеді. Бірақ «спорт меня не кормит» деп бас тартады. Өйткені ауылда қарт әкесіне қарау керек болды. Әскерден «спорт шебері» болып оралады. Түркістандағы оқуын жалғастырады. Ақылман ағасы, әрі ұстазы ретінде қолдау білдірген Иманберді жас балуанды еркін күреске баулиды. «Барлығын нөлден бастадық, еркін күрестің әліпбиін парақтап, айналдырған екі-үш жыл ішінде Шымкент облысында чемпион атандым. 4 рет облысты бағындырып, туған өлкеге келдім. Ол кезде бүгінгідей жағдай жоқ. Мықты балуан оң-солын таңдамайды дегендей, орта салмақ, ауыр салмақ, аса ауыр салмақта да белдесіп, өзімізді дәлелдедік» дейді ол.
– Қосаман екеуміз құрдаспыз, ол нағыз бабындағы балуан болды. Әсіресе қазақша күресте ол салмаққа қарамады, алып та, шалып та жықты. Көбіне иықпен қағып тастайтын, техниканы өте керемет меңгерді. Бойында рух, жігер болды, егер біреуден ұтылып қалса, есесін қайтармайынша тыным таппайтын, – дейді спорт ардагері Мәметәлі Жәденов.
Туған мекеннен алыстағысы келмесе де, күнкөріс қамымен Қарағанды қаласына қоныс аударады. Сонда 12 жыл тұрып, талай шәкірт тәрбиелейді. Бапкер бола жүріп, өзі де күреседі. Жеті жыл қатарынан Қарағанды облысының чемпионы атанады.
– Ауылға келгеннен кейін бапкер болып жарытпадым. Жұмыс жоқ. Қазіргі колледжге қызметке орналастым. Онда да ұзақ уақыт шәкірт тәрбиелей алмадым. Марқұм төменарықтық Мейір Кенжебеков деген балуанды баптадым. Мықты жігіт еді. Қарап отырсам, саналы өмірім күреспен өрілді. Ең өкініштісі, мақсат-мұратыма толық қол жеткізе алмадым, – дейді ағамыз.
Қосаман Шерниязұлы туралы әлі де айтар әңгіме көп. Бірақ бір мақаланы ауқымына сыймайтыны анық. Сондықтан алдағы уақытта қайта тоқталатын боламыз. Біздің білгеніміз, ағамыздың спорттағы арманы орындалмағанымен, өмірдегі мұраты орындалды. Ол – жары Саруа Жұмабекқызы екеуі 4 ұл-қыз өсіріп, ел қатарына қосты.

Әли ТЕМІРБЕК
20 қаңтар 2021 ж. 497 0