Тұрғындар талабы тұрақты назарда


Алдымен аудан басшысы Қорғантоғай аумағы тұрғындарымен кездесіп, қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарды хабардар етті.
–Биыл көп шаруа атқарылды. Бұрын небәрі бір-екі көшеге жөндеу жүргізілсе, биыл 31 көшеге орташа жөндеу жүрді, жарық бағаналары қойылды, жүргінші жолы жасалды. Енді келер жылдан да үміт көп. Біз отыздан астам көшенің жөндеу жұмысына жобалық-сметалық құжат дайындап, ұсыныс бердік. Оның ішінде Алтынсарин көшесін жарықтандыру, ойын алаңдарын салу, жүргінші жолын жүргізу секілді дария беттің қақпасынан кенттің көрікті келбетін көрсетуді жүзеге асырсақ дейміз, –деді аудан басшысы.
Мұнан кейін тұрғындар өз ойларын ортаға салды. Көшеге, жарыққа, қоқысқа қатысты ұсыныстар айтылды. Сауалға сай әкім жауап берді, тиісті заңдылық аясында атқарылатын шаруаның байыбын түсіндірді.
Бірер жылдан бері кенттің Қ.Тағаев көшесі тұрғындарының көтеріп жүрген мәселесі бар екен, әкім ендігі бағытын сонда бұрды. Шынында біршама тұрғын жиналып қалыпты. Олар көшені асфальттау, жарық жүргізу мәселесін айтты. Руслан Рүстемұлы 2021 жылдың жоспарына сәйкес көше құрылысына қатысты ойын жеткізді, аталған аумақта кезінде инфрақұрылым мезгілінде тартылмай, елдің ерте қоныстануы салдарынан осындай мәселе туындағанын түсіндірді. Және бұл мәселенің кезең-кезеңімен шешілетініне сендірді.
Қаныбек АБДУОВ