№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңақорған кентінде 29 көше жөнделеді

Жаңақорған кентінде 29 көше жөнделеді


Аудан басшысы Сұлтан Мақашов жыл басында есеп берген кездесуінде 2020 жылы Жаңақорған кентіндегі 29 көше орташа жөндеуден өтетінін мәлімдеді. Содан бері бес ай сырғып өте шықты. Жағымды жаңалықты сүйіншіледік. Енді оның сұрауы бар. Сондықтан сала мамандарына сұрау салдық.

Аудан әкімі тазалыққа көңіл бөлгені белгілі. Өйткені тазалық болмаса абаттандыру жұмыстарының құны көрінбейді. Дегенмен көшелерді асфальттау ісі заман талабына сай болғаны абзал. Әсіресе шеткі аймақтар – Саяжай, МАИ бекеті, Алтыкрант, Қорғантоғай жаққа мән беретін кез келді.
2019 жылдың аяғында аудан әкімі Жаңақорған кентінің әрбір көшесін аралап, тазалығын бағамдап, орташа жөнделетін көшелерді белгілеп алды. Сосын «Ауыл – ел бесігі» жобасы және т.б мемлекеттік бағдарламалар аясында шешуді ұйғарып, Нұр-Сұлтан қаласына бірнеше рет барып, қаржыландыру көзін тапты.
Жоспар бойынша наурыз айында басталуы тиіс жөндеу жұмысына коронавирус тоқтау салды. Карантин жарияланып, жоспарлы жұмыстар кейінге шегерілді. Құзырлы мекемелер қашықтан жұмысын жалғастыруға мәжбүр болды. Ал жөндеу жұмыстары қашықтықтан жүргізуге мүмкіндік болса әлдеқашан аяқталып қалған болар ма еді, бәлкім! Бірақ жоспарлы істі аяқтау әлі де кеш емес.
Жаңақорған кентінде 132 көше бар. Хош! Қай көшенің тұрғындарына асфальт бұйырғалы тұр? Алдымен кенттің орталық көшесі Хорасан ата мен А.Иманов көшесін жаңғырту, кеңейту ісі қолға алынады.
Саяжай учаскесінің 1597 метрі, Ипподром аумағының 13 және 27 көшесі, МАИ бекетіндегі Ш.Бәкірұлы көшесі және онымен қиылысатын көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүреді. Сондай-ақ Қорғантоғай, Жеңіс, Достық, А.Тоқсанбаев, М.Түйменов, К.Алдаберген, О.Оңғар­бай, А.Сейтенов, А.Аюпов, Ш.Уалиха­нов, С.Ахметов, А.Сұлтанов, Н.Ержа­нов, К.Омаров, Е.Айтпенбетов, С.Мұсылманқұлов, С.Сұлтанмұратов, И.Цой, Н.Илялетдинов, А.Байниязов, С.Алибеков көшесі қамтылады. А.Тоқсанбаев пен Әлшекей көшесінің арасындағы қиылыс орташа жөндеуден өтеді.
Күзгі және көктемгі жауын-шашынды күндері жұмысқа немесе мектепке баратын тұрғындар көшедегі лай-батпаққа батып, көлікпен жолға таласып, көңілсіз күй кешетін. Енді бұл олқылық та реттелетін күн алыс емес. Хорасан ата көшесінің оң және сол жағы, осы көшеден №125 С.Сапарбеков мектебіне дейінгі және Шипажай, Құрманғазы, З.Мұсаханов көшесіне жаяу жүргіншілер жолы түседі.
Мән-жайға қанығу үшін кент әкімі Есдәулет Мырзадәулетұлын сөзге тарттық.
– Биылғы жылы кент ішіндегі 29 көшеге орташа жөндеу және 3 көшеге жаяу жүргіншілер (тротуар) жолын салу жоспарланды. Оның жетеуі «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша, 22-сі «Жол картасы» бағдарламасымен іске асады. Көшелерге орташа жөндеу жұмысын жүргізетін мердігер компаниялар 21 көшені «Жаңақорған жібек жолы» ЖШС, үш көше «Қызылорда жолдары» ЖШС, екі көшеден «Шиелі-Жолшы» ЖШС мен «Азірет жол құрылыс» ЖШС, бір көшені «Асфальт» ЖШС жүргізеді. Елдегі жағдайға байланысты Ипподром, Қорғантоғай, К.Алдабергенов көшесіне жауапты мердігер «Қызылорда жолдары» ЖШС компаниясына хат жолдадық. Олар көп ұзамай бастауы тиіс. Қалған компанияларға 18 мамырдан кейін құлаққағыс жасаймыз. Әрбір серіктестік 2-3 ай көлемінде сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тапсыру міндеттеледі. Толық құрамды комиссия талапқа сай қабылдап алады, – дейді кент әкімі.
Кент ішінде ауыз су мен газ құбырлары жүргізіліп бітті. Енді бұл жөндеу халықты қуантатыны анық. Әсіресе шеткі аумақтағы тұрғындарға септігі мол болғалы тұр.
Ең қуанарлығы 29 көшенің 21-ін жергілікті «Жаңақорған жібек жолы» ЖШС жүргізеді. Жерлестерінің игілігі үшін істі сапалы атқарады деп ойлаймыз.

Майра ҒАНИЕВА
16 мамыр 2020 ж. 1 805 0