№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Есдәулет СЕЙІЛОВ: «Жаңақорған жаңарды, жаңғырды»

Есдәулет СЕЙІЛОВ: «Жаңақорған жаңарды, жаңғырды»

Кент тұрғындарының сан сауалы бар. Әсіресе ауыз су, көше жарығы, жаяу жүргінші жолы және т.б төңірегінде. Жаңақорған кентінің әкімі Есдәулет Сейілов берген брифингте осы сұрақтардың жауабын білуге тырыстық.
Әкім алдымен атқарылған істерге тоқталуды жөн көріп:
– Биыл 29 шақырымды құрайтын кентішілік 29 көше орташа жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясын­да Хорасан ата, А.Иманов, Түйменов, Қорғантоғай, Қ.Алдаберген көшесі мен Ипподром және Саяжай учаскесіндегі көшелердің орташа жөндеуіне рес­публикалық бюджеттен берілетін транс­ферттер есебінен қаржы қаралды, – деді.
Бірінші кезекте жөндеу жұмысы аяқ­­талған көшелерден бастасақ, Ипподром №27 көшесі мен Қорғантоғай, Қ.Алдабергендегі жолдың құрылысын «Қызылорда жолдары» ЖШС жүргізсе, Саяжайдағы және Түйменов көшесін «Шиелі-Жолшы» ЖШС жауапты болды. А.Иманов көшесіне жөндеу жұмысын «Азрет-жол құрылыс» ЖШС жүргізді. Қазір орталық көшенің 95 проценті бітті. Ал кенттің күретамыры Хорасан ата көшесін орташа жөндеуді «Асфальт» ЖШС жүргізуі тиіс. Аталған мекемелердің техникалық бақылауына әр түрлі мамандар жауапты болғанымен, барлығының авторлық қадағалауына ДК «М.Мамуов» жауапты. Хорасан ата көшесінің жөнделуі қазан айының соңына дейін бітуі тиіс еді. Негізі барлық көшелердің жөндеу жұмысы маусым айына дейін белгіленді. Енді мұндай ауқымда көше жолы қашан жүргізілетіні белгісіз. Сондықтан сапаға мән беріп, стандартқа сай салу міндеті тұрды. Біз осы сұрақтың жауабын сұрадық.
– Әрине жолдың сапасы бірінші орында тұруы тиіс. Техникалық бақы­лаушыларға осыған мән беруді тап­сырдық. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаржы үнемделіп, Сығанақ, К.Бакирова, О.Бидашев көшесіне орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде кенттегі ұзындығы 14,1 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жүргізілуде, – деді Есдәулет Мырзадәулетұлы.
Енді кентті көркейту жұмыстарына ке­зек берсек, «Елді мекендерді абат­тандыру және көгалдандыру» бағ­дарламасы бойынша атқарылған жұмыс­тар көп. Бұл ретте, жаяу жүргіншілер жолы салынғанын айту керек. Бұл ұзақ жылдан бері өзекті мәселеге айналып келген-ді. Мұсаханов, Хорасан ата, Құрманғазы, Санатория-Жаңаауыл кө­ше­сінің бойынан тротуар салынып, тұрғындар бір қуанып қалды. Бас көшеге кент келбетін әсемдеп тұратын жаңа үлгідегі жарықтар орнатылды. Асфальт жүргізілмеген көшелерге тас төсеу жұмыстары жандандырылуда. МАИ бекеті 1, 7, 8, 9 көшеге тас төсеу басталса, Мұсаханов пен С.Қожанов көшесіндегі тозығы жеткен бағаналар заманауи үлгіде жаңғыртылады.
– Осы істен шыққан бағаналарды қайта жөндеп, ретке келтіріп, бағанасы мүлдем жоқ Жанпейісов, сосын мазаратқа апаратын темір жол бойы секілді көшелерге қайта қойылады. Бұл тәжірибе жүзеге асты, Сығанақ көшесі, №110 мектеп-лицей алдындағы бағаналар ескірсе де, қайта жөнделіп, бүгінде кешкі жарыққа жарап тұр. Қысқасы Жаңақорған жаңарып, жаң­ғырып келеді, – деді әкім.
Жалпы әкім берген мәліметтердің реттілігі осылай жүйеленді. Енді ел не дейді? Неге көңілі толмайды? Қандай мәселелер толғандырады? Соған тоқталсақ. МАИ бекетіндегі Қ.Алда­берген көшесіндегі асфальт сапасы туралы әртүрлі әңгіме бар. Көшенің ені тар, жолдың сапасыз екені, әр жерден ауыз су құдығының қақпағы асфальттан биік болып тұрғаны көзге көрінеді. Осыны тұрғындар алға тартып жүр.
– Негізі кентішілік жолдардың ені 5 метрден басталады. Ол рас, Қ.Алда­берген көшесі тар болып қалған. Көшенің сметасын былтыр жасап, енгізіп қойған. 5 метр етудің басты себебін ақша үнемдеу деп түсіндірді. Бұл қате негізі, басқа басқа, ол көше қазір МАИ бекетіндегі басты көшеге айналды, өйткені ол көшемен қоғамдық көлік те жүреді. Мен бұл жұмысқа араласа алмадым, өйткені кент тізгіні маған биыл берілді. Бірақ бұдан кейін жасалатын жолдардың ені кем дегенде 6 метр болады, – деді әкім.
Газдандыру, ауыз су мен бағдаршам мәселесі аудандық тұрғын үй шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мін­де­тінде екені белгілі болды. Оны төл басылымының келесі санында тарқататын боламыз. Өйткені қарапайым бағдаршам мәселесін талапқа сай шеше алмау ұят нәрсе.
Енді А.Иманов көшесінің бойындағы жолақты сызықтарға тоқталсақ. Бұл бір жолақты сызықтар көпке түсініксіз болуда. Көлік кептелісі көбірек орын алып, айыппұл арқалайтындардың саны арта ма деген пікірлер әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Өйткені Халық банк алдындағы бағдаршамнан бастап автовокзалға дейін қарсы бағытқа бұрылуға тыйым салынған.
– Біз бұл сызықтарды дұрыс деп шештік. Өйткені жол апаты тәртіп­сіздіктен орын алуда. Сондықтан тәртіпке бағынбасақ болмайды, бастап­қыда бәрі осылай көрінгенімен, кейін үйреніп кететініміз рас, – деді кент басшысы.
Қазір жүйіткіген көлік, әсіресе жастардың жылдамдықты шамадан тыс асыруы, масаң күйде көлік бас­қаратын жүргізушілер жиілеп кетті. Біз тұрғындардың ойын жеткіздік. Соған сай кент әкімінің жауабын бер­дік. Брифинг осысымен мәнді бол­ған­дай. Алдағы уақытта сала басшыларынмен брифингтер жалғасады. Қадірлі оқыр­ман, қызықтырған сұрақта­рыңыз­ды жолдаңыздар, біз тиісті сала басшы­ларынан жауабын алып береміз...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
24 қазан 2020 ж. 11 921 0