№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білімді ұрпақ – білікті ұстаз бейнесі

Білімді ұрпақ – білікті ұстаз бейнесі


Келешек тұтқасын ұстар ұрпақты мектеп тәрбиелейді. Оқушының оң мен солын ажыратып, әр әріптің мәнін үйретіп, тәлімді тәрбие беруде ұстаздар қауымының орны ерек. Осындай ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, талай шәкірттің сауатын ашып, талабын шыңдап, үлкен өмірге аттандырған ұстаз Оралсын Аблуллаеваның ізденіс жолын мақалаға арқау еттік.

Отыз екі жыл ұстаздық өтілі бар Оралсын Кемелханқызы №240 Ғани Мұратбаев атындағы мектептің белді де беделді ұстазы. Бүгінде 4-сыныпқа жетекшілік етеді. Ол мектептегі бастауыш сыныптар бірлестігінің белсенді мүшесі. Жас ұстаздармен тәжірибе алмасып, оқушыға сапалы білім берудің қыр-сырымен бөлісіп келеді.
Бірлестік жетекшісі Рахманова Айымкүл: «Оралсын тәжірибелі тәлімгер. Балалардың ойлау қабілетін арттырып, саналы ұрпақ болып қалыптасуына көп көңіл бөледі. Әр сабағына ізденіп, сабақты қызықты өткізуге дағдыланған. Осы қасиеттерін үнемі жас буын өкілдеріне үлгі етемін», – дейді.
Ақиқатында, ұстаз ата-анадан кейінгі жас өспірімдердің тәрбиелі, білімді, белсенді болып қалыптасуына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда Оралсын Абдуллаевадан тәлім алған азаматтар елдің түкпір-түкпірінде табысты еңбек етуде.
Қазір сыныбындағы 25 оқушының 15-і дәстүрлі, 10-ы ата-ана өтінішімен қашықтан білім алады. Қос бағытта сабақ беруде заманауи технология тілін меңгерді. Қашықтан сабақ беру туралы ой өрбіткенде ұстаздың айтары көп.
– Жас ұстаздардан қалыспай, жаңа үрдісте сабақ беруді бастадық. Білмегенімізді бір-бірімізге үйретіп, пікір алмасып, қашықтан сабақ берудің қыр-сырын тез үйрендік. Сабақты қызықты деректермен толықтырып, видеосабақтар жасадым. Бұрын сабақ үлгерімі орташа балалар сабаққа белсенді қатысып, тапсырмаларды бұлжытпай орындап, тың тәжірибелер жасап, сыныптастарымен бөлісіп, пікір алмасып отырады, – деді ол.
Қашықтан сабақ берудің әсіресе, бастауыш сыныптар үшін жауапкершілігі аса ауыр. Мейірімді мұғалімінен алыстап, ғаламтор арқылы білім алып жүрген жеткіншектер өз бетінше білім алуға дағдылануда. Бірі ертерек сабағын орындап, уақытында жауап берсе, бірі кештетіп, кейде түнделетіп жауабын жіберіп жатады. Бұндай жағдайда оқытушыларға күндіз-түн жұмыс жасауына тура келеді. Біздің Оралсын апайдың оқушылары да күндіз-түні ұялы телефонына хат жолдап, білмегенін сұрап жатады.
Ол: «Әр баламен жеке-жеке жұмыс жасап, арнайы түсіндіріп, білмегенін айтып, жақсы жауабына қолдау білдіріп, көңілін көтеріп, сабаққа деген ынта-ықыласын арттыруға тырысамын. Уақытпен санаспай, балалардың білім алуы үшін күш салудамын», – деді.
Сыныбының ата-аналары Оралсын Абдуллаева туралы әңгімелерімен бөлісті.
– Оралсын Абдуллаеваның ата-аналармен де байланысы берік. «Ата-аналар сайысы», «Толағай» отбасылық жарысын үнемі ұйымдастырып, бала, ата-ана және ұстаз арасындағы байланысты нығайтып жүреді, – деді ата-ана Алмаш Әбишева.
Ұлағатты ұстаздың отбасын ұстаздар династиясы деуге негіз бар. Жолдасы Кенжехан Толысбай мектеп директоры болса, өсіріп отырған ұл-қызы педагогикамен еңбек жолын ұштастырған жандар. Ұлкен қызы ана жолын жалғап, Алматы қаласында бастауыш пәні мұғалімі болса, екінші қызы мен ұлы Қарағанды қаласында мұғалімдік мамандығы бойынша жоғары білім алуда. Үйдегі қос перзенті мектептің белсенді оқушыларының бірі. Шаңырақтың да шаттығын ойлап, жұмыстың да берекесін кіргізіп жүрген ұстаздың өмір жолы жас аналарға үлгі болары сөзсіз.

Мақпал МАРҚАБАЙ
08 желтоқсан 2020 ж. 771 0