№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қалыпқа сыймайтын тұлға – Назарбаев феномені

Қалыпқа сыймайтын тұлға – Назарбаев феномені


Сан қилы тарауы көп қарт тарихқа зер салсақ, мемлекеттің негізін қалаушы тұлғалардың есімдері алтын әріппен жазылғанын көреміз. Халықтың бағына туған осындай жандармен қызметтес болып қана қоймай, оның сеніміне ие болу – кез келген адам үшін зор мәртебе екені сөзсіз.
Мен өзімді осындай мәртебелі жандардың қатарына қосамын. Себебі тағдырыма тәуелсіз Қазақ елінің негізін қалап қана қоймай, әлемнің биігіне батыл бастап, мүмкін еместей көрінген белестерді бағындырған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың командасында ұзақ уақыт қызмет істеу жазылды. Бұл – маған берген Жаратқанның сыйы әрі ел алдындағы зор жауапкершілік екені анық.


Мен алғашқы күннен бастап Нұрсұлтан Әбішұлына қалтқысыз сендім, сол себептен де жан-тәніммен беріле қызмет істедім. Өйткені Президенттің сенімін ақтау – ел сенімін ақтау деп білдім. Елбасының қасында жүріп, көп нәрсеге көзім ашылды. Ұйым-дастырудың ұтымды тұстарын меңгеріп, іс жүргізудің қыр-сырын үйрендім. Сон­дықтан Назарбаевты елдің ішкі және сыртқы саясатын шебер үйлестіре білген тарихи тұлға деп есептеймін.
Иә, Қазақ елін әлемге әйгілеп, дүние жүзіне танытуда Назарбаевтың рөлі де, тарихи орны да ерекше. Қазақстан Президенті әлемдік ірі форумдарда Цзян Цзэминь, Джордж Буш, Барак Обама, Владимир Путин, Ху Цзиньтао, Си Цзиньпин секілді әлемдік саясаттың алпауыттарымен қатар тұрды. Әлем наза­рындағы алқалы жиындарда Назарбаев үнемі алдыңғы қатарда, көп­тің назарында болды. Биік мінберден жұртты аузына қаратып, салмақты ой, салиқалы сөз айтты. Тың идеялар көтеріп, елімізге ғана емес, тұтас дүние үшін тиімді бастамаларға назар аударды.
2012 жылы Сеулде болған Ядролық қаруға қарсы бүкіләлемдік саммитте Нұрсұлтан Әбішұлы АҚШ президенті Барак Обама мен Қытай басшысы Ху Цзиньтаоның ортасында отырды. Жер бетіндегі барлық жағынан күшті, қуатты, алып екі мемлекеттің басшыларын қос қапталына қондырып, әлемді аузына қарата сөз бастауды абырой-беделдің ең биігі десек, артық айтқандық бола қоймас. Мұндай беделдің ешқандай атақ-даңқ пен ақшаға сатылмайтыны да айдан анық дүние. Тіпті «мен мықтымын!» деп мың жерден кеуде көтеріп, төске өрлесең де заманның заңғар саясаткерлерін мойындату өте қиын.
Осы ретте жер шарына әмірі жүріп тұрған мемлекет басшыларының Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ықы­лас­тары ерекше. Оны Елбасымыз ту­ра­лы айтқан сөздері мен берген баға­ларынан да анық аңғаруға болады. Мысалы, Англияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тетчер: «Назарбаев – қалыпқа сыймайтын тұлға», деп баға берді.
Ал Ресей президенті Владимир Путин: «Мені таңғалдырғаны – Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа заманға тез бейімделді. Назарбаевтың заман ағы­мын дөп басқанына әлі күнге дейін қайран қаламын. Қазақстан үшін Назарбаев – қайталанбас тарихи тұлға. Ол Қазақстанның тұңғыш Президенті болуымен қатар, қазақ халқы үшін жаңа мемлекеттік құрылымның негізін қалады. Бұл тұрғыда оның тарихи рөлі ерекше», деді.
Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредер де Қазақ мемлекетінің басшысына бас иіп: «Президент мырза өзінің тамаша реформаторлық қабі­летімен танылды. Біріншіден, Қазақстан тәуелсіздік алысымен бірден нарықтық экономикаға көшті. Оның нәтижелері мен табыстарын көріп отырмыз. Екін­шіден, әлемдік дағдарыс тұсында сіздердің Президенттеріңіз саясат пен экономиканың тізгінін тең ұстай білді», деп көш бастаудағы көрегендігін мойындаған.
Мұндай жағымды пікірді Жапония­ның 2001-2006 жылдардағы премьер-министрі Дзюнъитиро Коидзуми де білдірген. Ол Астанаға келген ресми сапары кезінде: «Орталық Азия елдерінің арасынан Қазақстан ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тамаша даму жолына түсті», деп елге де, Президентке де өзінің әділ бағасын берді.
Жасырып-жабары жоқ, осы пікір­лердің қай-қайсысы да кеудемізге мақтаныш, көңілімізге қуаныш сезімін ұялатады. Өйткені астарын ұққан адамға бұл сөздердің Нұрсұлтан Назарбаевқа ғана емес, бүкіл Қазақстан халқына көрсетілген құрмет пен ерекше ілтипат екені айқын аңғарылады.

ШЕКАРАНЫ ШЕГЕНДЕП...

Шекара кез келген мемлекет үшін қай кезеңде де шетін мәселе болып саналады. Тіпті бұл түйткілдің та­лай соғыс пен дау-дамайдың басты себебі болғаны да тарихта жазулы тұр. Осындай өте нәзік мәселені асқан дипломатиялық шеберлікпен шешу – екінің біріне бұйыра бермейтін қабілет. Тағдыр тәуелсіздіктің елең-алаң шағына қарамастан Қазақстанның сыртқы шекарасын заңдастырып, бекітуді де Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына жазған екен. Өзіміз сияқты азаттыққа енді қол жеткізіп, етек-жеңін енді жия бастаған Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан мемлекеттерін айтпа­ғанның өзінде, империя ретінде сөзін жүргізіп үйреніп қалған, әр метр тұрмақ, сантиметр үшін таласып, тіпті дауласуға, қажет болса жауласуға да дайын Ресей және Қытаймен арамыздағы шекараны шегендеу оңай іс емес.
Рас, Ресеймен 6847 шақырымға созылған шекараны бекіту оңайға соққан жоқ. КСРО тарап, бұрынғы одақтас елдер тәуелсіз мемлекет атанса да Ресей президенті Борис Ельциннің қасындағы серіктері Қазақстанмен шекараны бел­гілеуге асықпады. Нұрсұлтан Назарбаев Борис Николаевичпен ескі дос­тығын араға салып, бұл мәселені бір­неше рет ресми түрде көтерді. Бірақ орыстар шаруаны соза берді. Ақыры Назарбаев Ельциннің көңілді кезін дөп басып, тілін тапты. Нәтижесінде Ресей президенті серіктерінің қарсы болғанына қара­мастан, біздің Президент алдын ала әзірлетіп қойған құжатқа қол қойып жіберді. Енді орыс жағы қанша наразы болғанымен, бәрі кеш еді. Сөйтіп Назарбаевтың шебер дипломатиялық қабілетінің арқасында әлемдегі күшті мемлекеттердің бірі Ресеймен шека­рамызды шегендеп, заңдастырып алдық.
Халқы 1 миллиард 300 миллионнан асатын Қытаймен арадағы шекараны бекіту де Президенттен ерекше күш-қуат пен қажыр-қайратты қажет етті. Себебі Ресей империясы мен кезіндегі әлемдегі ең мықты мемлекеттің бірі болған Кеңес одағының өзі Қазақстанның Қытаймен шектес шекарасын бекіте алмады. Кеңес одағы тарқаған соң бұл мәселе біздің еншімізге тиді. Енді ғана дербес ел атанған Қазақстан үшін бұл істі кейінге шегеруге еш болмайтын еді. Ал Қытай жағы керісінше осы мәселені созумен болды. Себебі Қытай оқулықтарында Бейжіңнен Балқашқа дейінгі аумақ сол елдің жері деп оқытылады. Екі елге ортақ стратегиялық маңызы зор су көздері тағы бар. Нұрсұлтан Әбішұлы Қытай Халық Республикасының сол тұстағы төрағасы Цзян Цзэминьмен бұл мәселені бірнеше рет талқылады. Екі елдің дипломаттары да талай мәрте бас қосып, нәтижесіз тарқасты. Себебі шекарадағы даулы мәселе көп болып, соның салдарынан кейінге шегеріле берді. Назарбаев сабыр сақтап, арадағы сыйластыққа арқа сүйеп, соңын күтті.
Цзян Цзэминь – кезінде Кеңес ода­ғында жұмыс істеген адам. Орысшаға жетік. Екі жақ өкілдерінің арадағы даулы жерлерге байланысты кезекті бас қосуында Цзян Цзэминь Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Шекара ісін екеуміз билік басында тұрғанда шешіп алға­нымыз дұрыс. Болашақта Қытай билігіне жаңа толқын келсе, олар бұл мәселеге басқаша қарауы мүм¬кін», дейді. Сөйтіп Қазақстан мен Қытай арасындағы даулы болып келген 944 шаршы шақырым жердің 537 шаршысы Қазақстанның, 407 шаршы шақырымы Қытайдың үлесіне тиді. Екі ел арасындағы 1533 шақы­рымға созылған шекара екіжақты келісім негізінде бекітілді. Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақс­танға» берген сұхбатында (14 желтоқсан, 2001 жыл) былай дейді: «Ел іргесін бекітіп алдық. Көр­ші­леріміздің бәрімен дерлік, ең бастысы ұлы Қытаймен шекарамызды айқындап алғанымыз ерекше айтатын іс. Мемлекеттік шека­рамызды толық белгілеп, басын ашып беру – менің осы елдің Президенті ретіндегі ең қасиетті міндеттерімнің бірі. Келешек ұрпаққа жер дауын қал­дырмауымыз керек...
Жалпы, әлемдегі елдердің бәрімен сыйластық қарым-қатынас орната алғанымыз осы он жылдағы олжамыздың бастыларының бірі».
Нұрсұлтан Әбішұлының алып көр­шілермен шекараны айқындауы Қазақс­тан үшін тарихи әрі өмірлік маңызы зор жеңіс болатын.

АСТАНАНЫҢ АВТОРЫ

Біздің тәуелсіздік алғалы қол жет­кізген ең басты жеңісіміз бен жетіс­тігіміз Астана екені айтпаса да түсі­нікті. Сондықтан бас қаланың басты авторы – тәуелсіздік десек, еш қате­лесе қоймаспыз. Әрине идея, ой, бастама бірінші кезекте Елбасынікі. Ал мұндай ойдың сол тәуелсіздікке дейін пайда болғанын айтса, шыны керек, көпшілігіміздің күмәнмен қарайтынымыз айдан анық дүние. Бірақ – шындық осы. Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланғаннан кейін астананы Арқаға көшіру ісін жан-жақты ой елегінен өткізе бастады. Ал егемендіктің екінші жылы, яғни 1993 жылдың басында астананы Ақмолаға көшіруге нық бекінді. Себебі Алматының ел астанасы ретінде құлашын кеңге жая алмайтыны белгілі еді. Үйлер өте тығыз орналасқан. Жаңа ғимараттар тұрғызу үшін көп нәрсені бұзу керек. Бұған көшедегі көлік кептелісін қосыңыз. Қала ішіндегі жолдарды кеңейту де мүмкін емес. Ал астананың тынысы кең болуы керек.
Сондай-ақ Алматының елдің шығы­сында – әсіресе, батыс пен солтүстік облыстардан тым қашықта орналасуы да астананың ауысуына өз ықпалын тигізді. Шыны керек, Алматыдан Арқадағы Қарағанды мен Ақмолаға бару үшін мың шақырымнан артық жол жүруге тура келеді. Жер түбінде жатқан Ақтау мен Атырау туралы айтудың өзі артық. Ал Ақмола елдің дәл ортасында, тоғыз жолдың торабында орналасқан.
Бұған қоса Алматы сейсмологиялық жағынан да қауіпті аймақта тұр. Эколо­гиялық жағдайы да уақыт өткен сайын ауырлап барады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның солтүстік бес облысына көз алартушылар да аз болған жоқ. Әсіресе Солженицын, Жириновский сияқты шовинистер біздің солтүстік облыстарды Ресейге қосуды қатты көкседі. Осындай жағдайда елорданы солтүстікке көшірудің маңызы тіпті арта түсті.
Тағы бір әсер еткен фактор ретін­де сол тұста солтүстіктегі өнеркәсіп ошақтарында жұмыс күшінің жетіс­пеушілігі салдарынан өндіріс саласы тұралауға айналды. Ал халық тығыз орналасқан оңтүстікте жұмыссыздық белең алды. Егер астана солтүстікке ауысса, оңтүстіктегі мыңдаған адамды сол жаққа көшіруге болар еді. Сөйтіп солтүстіктің демографиялық жағдайын реттеумен қатар, елдегі жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік туады.
Кейін Нұрсұлтан Әбішұлы осы бір үміт пен күдік алма-кезек шарпысқан күндер туралы «Еуразия жүрегінде» кітабында (91-93-б.б.) былай деп жазды: «Астананы көшіру идеясына белді біржолата бекем буа отырып, мен ортаға бәрін салатынымды, өзімнің саяси мансабымды, тіпті мүмкін өмірімді бәйгеге тігетінімді түсіндім... Сөйтіп барлығын таразылай келе, мен астана көшеді деген шешімге біржолата бекіндім! Үкімет пен Парламент мүшелері бастапқыда «аң-таң қалды» дегенім бекершілік. Іс жүзінде менің астананы көшіру қажеттігі туралы алғаш сыртқа шығарып айтқан ойым менің көзімше жымиыспен, ал менің сыртымнан, сірә, күлкімен қабылданды. Ең қызығы, менің босқа сөйлемейтіндігімді біле, олардың бәрі дерлік менің көшіру туралы ойымды тым сәтсіздеу, орынсыздау қалжың деп қабылдады...».
Президент Назарбаев 1994 жылы 6 шілде күні Парламент сессиясының жалпы отырысында жаңа астананы таңдау 32 өлшем бойынша жүзеге асқанын тәптіштеп баяндап берді. Депу­таттардың азы ғана Назарбаевты қол­дады. Көпшілігі қарсылықтарын үнсіз ғана білдірді. Осылайша бұл бастамаға аса мән бермей, орындалмайтын арман ретінде қараған Парламент елеусіз ғана қолдау білдірді.
Елбасы белгілі публицист, қарымды қаламгер Сауытбек Абдрахмановқа бер­ген сұхбатында бұл істе алдын ала ойластырылған аз ғана қулыққа бар­ғанын да айтады. Бұл жөнінде Президент:
«...Мен Парламентке астана ауыс­тыру идеясын ғана ұсынып, оның орындалу мерзімін әдейі тұмандатып қойып едім. Кейіннен баспасөзге берген сұхбаттарымда қабылданған ше­шім­де астананы көшірудің уақыты көрсетілмеген, тек Үкіметке қажетті құжаттарды әзірлеу керектігі ғана айтылған, бұл мәселе нақтылы түрде кейінірек шешіледі, ол болашақтың ісі деп түсіндіріп те жүрдім. Ал шын мәнінде біз Парламент қолдауын алысымен-ақ жұмысқа қызу кірісіп кеткен едік...», дейді («Өмір өткелдері» кітабы, 531-бет).
Осылайша Президент жаңа астана кұрылысына қаржы іздестіруге кірісті. Жоғары Кеңес депутаттары 1994 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысымен Қазақстанның тұрғын үй құрылысына 50 млн доллар қаржы бөлді. Сол қаржыға Астанадағы 9-шағын аудан салынды.
Келесі 1995 жылы «Жаңа астана» арнайы қоры, ал 1996 жылдың күзінде Президент жарлығымен «Ақмола» еркін экономикалық аймағы құрылды.
Президент сырттан инвестиция тартуға бар күшін жұмсады. Шетел басшыларымен ресми кездесулерден кейін Нұрсұлтан Әбішұлы бизнесмен­дермен, ірі компания қожайындарымен жолығатын. Ол кезде Қазақстанды көп ел біле бермейді. Президенттің әлемдік деңгейдегі абырой-беделі де бүгінгідей емес. Соған қарамастан Назарбаев шетелге барған сапарларында Ақмола тақырыбын арнайы көтеретін. Осындай табандылықтың арқасында Нұрсұлтан Әбішұлы аз ғана уақытта Астана құрылысына 200 миллион доллар өтемсіз инвестиция жинады.
Енді өтемсіз инвестициялар мен гранттар есебінен салынған ғимарат­тарға тоқталайық. Президенттің Ақор­дасын Әбу-Даби даму қоры тұрғыз­са, Парламент Сенатының кеңсесі Сауд Арабиясының, «Бәйтерек» пен «Сал­танат сарайы» Оман королінің қаржысына бой көтерді. Ұлттық кітапхана «Аджип» және «Қарашығанақ Петролеум» компанияларының қаржы­сына салынды. «Аджип», сонымен бірге Үкімет үйінің құрылысына және «Оқжетпес» шипажайын қайта жаң­ғыртуға миллиондаған доллар қаражат бөлді. «Нұр-Астана» мешітін Катар мемлекеті тұрғызса, «Астана-Арена» стадионының құрылысын «Испат-Кар­мет» қаржыландырды. АҚШ бизнес­мендері «Қазақстан» спорт кешенінің бар шығынын көтеріп алды. Астана қаласы әкімдігінің ғимаратына Кувейт қоры мол қаржы бөлсе, «Астана-Тауэр» бизнес орталығын Түркияның АBS орталығы салып берді. Кардиология орталығы Сауд Арабиясы корольдігінің грантына, елшілер қалашығы «Қазақ­мыстың» инвестициясына тұрғызылды.
Осы ретте айрықша айта кететін жайт, 2005 жылдың басына дейін Астана құрылысына 2 миллиард доллар инвестиция тартылды. Мұның 70 пайызы өз еліміздің азаматтарынан түсті. Осы жерде инвестиция тартуда Президент Назарбаевтың іскерлігі мен ерен еңбегін ерекше атап өту керек. Ол кісінің ғажап ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекқорлығының арқа­сында Астананың құрылысы көз ­ жылдамдықпен қарқын алды.
Президент Астанаға туған перзен­тіндей қарады. Тіпті жұмыс жаңа бастал­ған алғашқы айларда түнгі сағат 2-ге дейін құрылыс басында немесе кеңседе жиналыс өткізетін. Ертеңіне ештеңе болмағандай, таң бозында кабинетінде отыратын. Осындай сәтте біз Нұрсұлтан Әбішұлының қажыр-қайратына, ақыл-парасатына және тапқырлығына таңға­лушы едік. Ол кісі қай шаруаның болса да оңтайлы жағын дөп басады. Есеп-қисапқа жүйрік. Қаланың қай жерінде құрылыс қарқынды, қай жерінде бәсең екенін ішкі түйсікпен сезіп, біліп отырды.
Бір жолы Президент жауапты қыз­меттегі біраз басшыны (ішінде қала әкімі де бар) автобусқа отырғызып алып, Республика даңғылының қапталындағы үйлердің арасына апарды. Ол жерде тобықтан келетін батпақ екен. Жеңіл машиналар арқылы таралған сол батпақ Республика даңғылына төселген асфальттың сәнін кетіріп, істелген жұмысты жоққа шығаруда. Ал күн жылынғанда шаң-топыраққа айналып, бас қаланың қақ ортасы көзге қораш көрініп тұрғаны рас еді.
Нұрсұлтан Әбішұлы бәрімізге жаға­лай көз тастап: «Не қарап жүрсің­дер?!», деді. Үйлердің арасындағы шағын көшелерге асфальт төсемейінше қаланың сол кездегі бас көшесі Рес­публика даңғылында тазалық бол­майтынын ұғып, үнсіз төмен қарадық. Президент машинасына мініп, тартып отырды. Біз лай су мен батпақтың ортасында қала бердік...
Елбасы шетелге шыққанда бөлек үлгідегі, әдемі ғимарат көзіне түссе, бізге суретке түсіруге тапсырма беретін. Кейде үлкен шаһарлардың көрікті жерлерін ұзақ аралап, архитектурасы айрықша көз тартатын құрылыс нысанын іздейді. Жаңалық тапса, балаша қуанады. Бұл Мемлекет басшысының Астананы салу кезіндегі жұмысының бір парасы ғана. Ал Президенттің осы жолда көрген бейнетін біз қанша тырыссақ та сөзбен жеткізе алмайтынымыз анық.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бас архитекторы ғана емес, сонымен бірге бас құрылысшысы да. Назарбаев Арқа төсінде Астанадай ғажап қала сала отырып, туған халқына қайталанбас ескерткіш соқты, қазақ халқының әлем жұрты алдындағы абыройын көтерді. Жер шары жұртшылығы Астанаға қа­рап, Қазақстанға, оның қайсар да еңбекқор, мейірбан халқына баға бе­реді. Осылайша қазақ халқы ширек ғасырға жетер-жетпес уақытта жарқын болашаққа бастайтын алтын көпірін салып, тәуелсіз саясаттың дербес алаңын қалыптастырды.
Осының арқасында Президент Аста­наға әлемнің небір мықты деген мем­лекет басшыларын ертіп келді. Нәтижесінде бізде қызыға да қызғана қарайтын дос көбейді. Ал «досы көпті жау алмайды». Сол сияқты сыйласы көп елдің айбыны күшті, қорғаны мықты болады. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның іргетасын алғаш бекіткен тоқсан бірінші жылдан бастап осыны бір сәтке де есінен шығарған емес. Соның айқын дәлелі ретінде Назарбаев Астанада бірнеше рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастырды, Астанада Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына және Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясына төраға болды, Астана экономикалық форумы мен Шетелдік инвесторлар кеңесіне жетекшілік етті. Ал былтыр дүркіреп өткен ЭКСПО-2017 халық-аралық көрмесіне дүние жүзінің ірі мемлекеттері басшыларының ар­найы келуі Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделін одан әрі айшықтай түсті. Астананың әлемдік қаржы орталығына айнала бастауы да – Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясаты мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Осындай ерен еңбектің арқасында бүгінде бүкіл әлем Астананы дүние­жүзілік бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде мойындап үлгерді.
Астана қазіргі таңда дүние жүзіндегі ең сәулетті қалалардың бірі болуымен қатар, өндірісі мен шағын және орта бизнесі қарыштап дамыған алып шаһарға айналды. Нақты деректерге сүйенсек, 2017 жылы Астана тұрғындарының 63%-ы шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп, 1 триллион теңгеден астам сомада бюджетке түсім жасаған. Елор­дадағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 100 мыңнан асуы да бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі мол екенін аңғартады.
Астананы Ақмолаға ауыстыру ту­ра­лы сөз болғанда көпшілік Алма­тының әсем табиғатын қимай, үскірік аязы мен сары масасы арқылы ғана белгілі Ақмоланы менсінбей, «ең болмаса жөнді тал да өспейді» деген сөздер де айтқан болатын. Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдың өзінде-ақ «Жасыл белдеу» жобасын жүзеге асыруға бұйрық берді. Қаланы азынаған желден сақтап, таза оттегімен қамтамасыз етуге арналған «Жасыл белдеу» жобасы аясында 84 мың гектар алқапқа ағаштың 60-тан аса түрі отырғызылды. Алғашында Назарбаевтың бұл бастамасына да күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Олар Арқаның сайын даласы орманды өлкеге айналатынына сенбеді. Алайда бүгінгі нәтиже Елбасы бастамасының батыл қадам болғанын айқын дәлел­дейді. Бұл бағдарлама бойынша 2020 жылы Астана маңайындағы орман көле­мі 100 мың гектарға жетуі тиіс.
Иә, Астана – Президенттің төл туын­дысы. Астана мен Нұрсұлтан Назар­баевты бір-бірінен бөле-жарып қарау мүмкін емес. Уақыт өтер, халқымыз жаңа ғасырларға да аман-есен жетер. Қазақ мемлекеті бұдан да жақсы заманды басынан өткерер. Сонда Астана туралы әңгіме қозғалса, Нұрсұлтан Әбішұлы есімі елордамен бірге айтылатыны ақиқат. Ақындар Астана жайлы жыр жазса, Нұрсұлтан Назарбаев сол жырдың басты қаһарманы болатыны сөзсіз. Жазушылар Астана туралы толғанып, қалам тартса, Президент Назарбаевты айналып өте алмайтыны – тағы бір шындық. Басқаша болуы еш мүмкін емес.
Қадірлі ағайын, шағын мақала аясында Елбасының қазақ мемлекетіне сіңірген еңбегін, ол кісінің тарихи тұлға ретіндегі бейнесін толық ашып көрсету мүмкін емес. Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бірнеше мыңжылдық тарихындағы ұлт үшін туған ұлы тұлға екені – балталаса бұзылмайтын ақиқат сөз.

Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ,
«Байсерке-Агро» көпфункционалды агрохолдингінің президенті,
Egemen Qazaqstan

02 желтоқсан 2020 ж. 365 0