№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қарқынды бизнес – қуатты елдің тірегі

Қарқынды бизнес – қуатты елдің тірегі

Бүгінде Үкімет шағын және орта бизнес саласына көңіл бөліп, көптеген жеңілдіктер қарастыруда. Соның бірі – қайтарымсыз гранттар. Әрине 555 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа барлығы бірдей ісін дөңгелетіп әкете алмасы анық. Алайда іске епті, белсенді кәсіпкерлер де бар. Солардың ісін аудан басшысы Руслан Рүстемов арнайы барып көрді. Делегация құрамында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев пен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбековте болды.

Алдымен делегация ауданда иіс сабын өндіруді бастаған Гүлназ Мейрамбекқызының Т.Бегелдинов көшесі №75 үйіне барды. Ол той-томалаққа және т.б қызықшылықтарға қажетті кәде-сыйлар шығарады екен.
Әкімді иіс сабын өндірісі қызықтырды. Кәсіпкер осы істің мән-жайын айтып берді:
– «Бастау-бизнес» бағдарламасы бой­ын­ша 1 айлық курс оқыдым. Сосын хош иісті сабын шығару мақсатында 555 600 теңге көлемінде грантқа қол жеткіздік. Оған арнайы станогын алдым, – деді кәсіпкер.
Сабын жасау әдісін жаңадан ойлап тапқан жоқ, бұрыннан қалыптасқан мемлекеттік стандаттармен жұмыс істейді. Шикізат ретінде жануар мен өсімдік майларын және сілті қолданады.. Қазір иіс сабынның 15 түрін шығаруға мүмкіндік бар. Кәсіпкер алдағы уақытта істі кеңейту жоспарында бар екенін айтты.
Екінші нысан – Байдүйсен көшесі №53 үйіндегі Назира Машрапованың кондитерлік өнімдерін көрді. Кәсіпкер қайтарымсыз грант алып, оған пеш, мұздатқыш, миксер алған. Бүгінде торттың 5 түрін дайындауда.
– Күн өткен сайын тапсырыс берушілер саны артып келеді. Кейде 7-8 торт дайындаймын. Алдағы уақытта кондитерлік цех ашу ойда бар, – дейді іскер келіншек.
Одан кейін Мұсаханов көшесі №18 үйінде ашылған фитнес клубты көрді. Кәсіпкер Бақытжан Ерманұлы 555 600 теңге көлемінде грант алды. Сосын кәсібін кеңейту мақсатында «Ауылшаруашылығын қаржылай қол­дау қоры» АҚ арқылы 6 млн. теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.
Жаттығу кешеніне жауапты Жансұлтан Ерман:
– Ашылғанымызға 14 күн болды. Қазір 20 абонемент жазылды (айына 5 мың теңге). Одан бөлек 14 адам әр келген сайын жаттығу ақысын төлейді. Аптаның жұп күндері қыздар келіп жаттығу жасайды, – деді.
Соңғы нысан – Жалғасбек Оспановтың массаж кешені болды. Ол «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша 1 айлық курс оқып, массаж жасау кабинетін ашу мақсатында қажетті құрал жабдықтарды алды.
– Тұрақты келушілерім бар. Жұмыс жүруде. 555 мың теңге грант алып, қажетті құрылғылар алдым. Бұл ісіме жеңілдік беріп, клиенттеріме сапалы қызмет етуге жол ашты, – деді Жалғасбек Жұмаханұлы.
– Бүгінде мемлекеттің экономикалық қуатын кәсіпкелік саласының дамуымен өлшейді. Себебі шағын және орта бизнес кез-келген жағдайға тез бейімделіп, дамудың жолын таба алады. Дерек көздеріне қарағанда, Еуропада шағын бизнесте жұмыспен қамтылған адамның саны шамамен 70 процентті құрайды. Ал АҚШ-та жұмыс істейтін халықтың 52 проценттен астамы шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Шағын аралда орналасқан Жапонияда 12 миллиондай шағын бизнес кәсіпорындары жұмыс істейді. Көрдіңіздер ме, қуатты елдің тірегі – дамыған бизнес.
Яғни кәсіпкерлік саласын дамыту арқылы қосымша жұмыс орындарын ашып, импортқа тәуелділіктен арылуға қол жеткізуге болады. Сондықтан Үкімет шағын және орта бизнесті дамытуға түрлі мемлекеттік бағдармалар арқылы жағдай жасауда. Соңы тұрғындарға жан-жақты түсіндіріп, ауданда кәсіпкерліктің үлесін арттыру керек, – деп аудан әкімі тапсырма берді кәсіпкерлік саласына жауапты басшыларға.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
08 қараша 2020 ж. 713 0