Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бақша өсіру бала баққандай

Бақша өсіру бала баққандай


Дәл осылай дейді «Шоқымазар» шаруа қожалығының бақша өсірушісі Мұхамедәлі Даубалаев. Ол 12 гектар бақшаның әр гектарынан 560 центнерден өнім алып жылдың үздік бақша өсірушісі атанды.


Ол он жылдан бері осы кәсіпті меңгерген маман. Ерте көктемде қамданып, жанын жалдап жаз бойы бейнет қылатын іс адамының еңбегі шаш етектен. Бұл жайлы бақша өсірушінің өзі әңгімелеп берді.
– Барлық дақылдың ішінде қарбыз ұрығын өсіру қиынға соғады. Ол алдымен тұзды суға батырылады. Бұл әдіс тұқым сапасын анықтауға мүмкіндік береді. Ауыр, түбіне батып кеткендер жарамды деп саналады.
Алайда, бұл жеткіліксіз. Отырғызудан біраз уақыт бұрын зарарсыздандыру үшін тұқымдарды 3-4 сағат қыздырады немесе бір апта күнде қалдырады. Содан кейін бір күн тұқым жылы суда ұсталады. Бұл өнуді тездетіп, өскіндерге қосымша күш береді.
Егу үшін қолайлы кезең 10 см тереңдіктегі топырақ жылынуы. Құмды және басқа да жеңіл борпылдақ топырақ үшін қарбыз тұқымын отырғызу тереңдігі 4-8 сантиметрді құрайды, бірақ топырақ қатты, тығыз болса тұқымды 4-6 см-ден аспайтын тереңге тастау дұрыс болады. Сонымен қатар тұқымдар неғұрлым жақсы болса, олар соғұрлым жақсы өнім береді. Көбінесе ауыл тұрғындары тұқымды алдын ала егіп, көшеттейміз. Күн әбден жылынғанша клеенканың астында өседі, – деді ол.
Әр кәсіптің салмағы бар. Сол сияқты қарбыз егудің де қыр-сыры көп. Әсіресе жайсыздау жаз болса, егіншінің еңбегі зая кетеді. Кейіпкеріміз бұл үшін мойыған емес. Балаша мәпелеп өсірген егінін суарып, тынымсыз тірлікпен кештің қалай батқанын байқамайды. Кешкісін алдынан шығар ұл-қызы мен шаңырақ шаттығын келтіріп отырған жары Мақпалмен жарасымды өмірі жанына шуақ сыйлайды.
Ауыл әкімі Талғат Зейдалиев: – Мұхамедәлі сөздің емес, істің адамы. Еңбек жолын ауылмен байланыстырған ол шаршағанды білмейді. Балаларының үлкендерін егістік басына әкеліп, еңбекке баулып жүр. Биыл қарбыздың бағасы төмендеген жоқ. Ерте піскендерін сырттан алып кеткенімен, кейінгі толық піскендері кент, ауыл тұрғындарына молынан жетті. Мұхамедәлінің бір ерекшелігі жұмысына берілген. Егістіктен шыққан қарбыздан әсіресе осы маңай тұрғындарының дәм татқанын қалайды. Онысы ауылға деген жанашырлығы болса керек, – дейді.
Жүгірген баладан еңкейген қартына дейін егіннің қыр-сырына әбден қаныққан ауыл еңбеккерлері оңай жерде нан жоқтығын біледі. Әрқайсысы атадан қалған шаруаны шыр айналдырып отыр. Кәсібінен нәсіп іздеген ауыл еңбеккерінің тау көтерер қайратты күші мен сабырлы қалпына қайран қалған ауылдастар мінезге бай, үлкен мен кішіге бірдей қамқор болып жүрген азаматты мақтан тұтады.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
28 қазан 2020 ж. 351 0