Қойшының қуанышы
Қазан айының ортасы ауғанда таудағы қойшылар Сырға көш түзейтінінің өз себебі бар. Бұл кезде мал «күйгелек» болып, аналықтар құрсақ шаша бастайды. Осы мезгілде отар арасына асылтұқымды қошқарларды араластырып, көктемде сапалы төл алуға қамданады. Қой қоңды болмаса, еткен еңбек зая болады. Осы мақсатта қой малын егіндік алқаптарға апталап жайып, қоңын көтеріп алады.
Алдына салған 700 бас аналыққа 100 бас қошқар салып, күйек науқанын бастап кеткен Бақытжан Бұлтбаев киелі кәсіпті аяқасты етпей, бабалар жолын жалғаған жан. Әкесі Қайым Бұлтбаев Кеңес үкіметі кезінде белгілі шопанның бірі болса, анасы Күләйім Мұқатқызы еңбекте озат, аудандық кеңестің депутаты болған. Әкенің өнегесін бойға жиған Бақытжан бала жастан мал шаруашылығына араласып, мол тәжірибе жинаған. Епті жігітті байқаған «Ақсеңгір» шаруа қожалығының төрағасы Рақымбаба Құтыбаев асылтұқымды мал шаруашылығына жұмысқа алып, қамқорлық танытты.
Күздік егістікке түскен отарлар өртке тап болып, қожалықтың бір отарының күйік шалғанынын естіген Бақытжан қойшылардың бейнеті еш кеткеніне қапаланды. Бекерден малдың қырылуы қойшылардың еңсесін түсіріп жіберген еді. Ен далада бітпейтін оймен арпалысып жүргенде зоотехник Ғалым Құрықбаев сүйіншілей келді.
– Бәке, басыңызды көтеріңіз. Ертең аудан орталығында «Алтын күз – 2020» мерекесінде «Озат шопан» номинациясына сізді лайық деп таныпты. Жиналыңыз, марапатыңызды алып қайтыңыз! – деді.
– Рас па? Нақты мен бе екен?
– Ой, Бәке, сіз секілді өз ісінің шебері алмағанда кім алар дейсіз?
Айтулы шарада үлкен марапат аларына сенбеген Бақытжан таңын әзер атқызып, ертерек орталыққа жетті. Орталық алаңға жиналған жұрттың қарасын, әсем безендірген алаң, өнерін салып жатқан өнерпаздарды көргенде одан сайын қобалжып тұрды. Есімі аталып, кілем үстімен сахнаға көтерілгенде кәсіптің қай түрі болмасын адалдықты, ізденімпаздықты, төзімділікті қажет ететінін түсінді.
– Қой бағуды кәсіп еткеніме ешқашан өкінген емеспін. Қойдың жайын жасау, оны төлдету, сүт пен ет өнімдерін алу үлкен шаруа. Мұндай шаруаға кез-келген адам шыдай бермейді. Қиындыққа төтеп беріп, тәуекелге бел байламай ердің ісі біткен емес. Атакәсіпті дамытып, заманауи техникаларды игеру заман талабы. Мал шаруашылығында ғылым мен технологияны дұрыс пайдаланып, заманауи мүмкіндіктерді жүзеге асыру мақсатымыз, – деді марапат иесі.
«Ақсеңгір» шаруашылығының шопаны Бақытжан Бұлтбаевты үздік деп танудың өз себебі бар. Өткен жылы 672 аналықтан 672 бас төл алып, 100 пайыз мақсатын орындады. Әрі әрбір қойға мұқият қарап, ауырып қалса, ем-дом жасайды. Құрттаған қойды тазалап, тұяғы өссе қағып әлек. Түн ауғанша, әрбір малдың көңіл күйін бағады. Түз тағысы тимеу үшін де жанталасып жүргені. «Бүгінде ұсақ малда түрлі індет бар. Көбінің адамға жұғу қаупі жоғары. Сондықтан мал жайып келген соң, кешқұрым қолға резеңке қолғап, үстіне арнайы киім киіп, отарға кіріп, дімкәс қойларды жеке қораға қамап, оларға тиісті ем-шара жасайды. Мал дәрігерін шақырып, кеңесіп алады. Осылай етпей, мал оңалмайды, – дейді Бақытжан Қайымұлы.
Мал қоңды болса көп дерт дендей бермейді. Қыс пен жазғы жем-шөбін мөлшермен беріп, жайылым мен қыстақты ерте қамдайды. Жазда Жайылма ауылына қарасты «Диірмен» маңына жайланса, қыста Қыркеңсеге бет алып, Батырша төбені қыстайды. Малдың жайына қарай көшіп-қонып, мал шығынын болдырмауға бекінеді.
– «Алтын күз-2020» мерекесінде мерейімді асырып, марапатқа лайық санаған аудан басшылығына, «Ақсеңгір» шаруақожалығының төрағасы Рақымбаба Құтыбаевқа алғысым шексіз. Мал-жанымыз аман болып, қауіпті індеттен аман болайық! – дейді мерейі тасыған шопан.
Өз шаңырағында төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған қырықтан асқан жігіттің ендігі арманы өз ұрпағына осы кәсіпті үйрету. Атадан мирас болған кәсіпке адалдық таныту – азаматтық борыш.