Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МАЛШЫЛАР СЛЕТІ: ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУДЫҢ ТЫҢ ТЕТІГІ

МАЛШЫЛАР СЛЕТІ: ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУДЫҢ ТЫҢ ТЕТІГІ


Санта-Гертруда. Бұл америкалық асылтұқымды мүйізді ірі қара. Етті сиыр әлемдік рейтингте өнімділігі һәм өтімділігі жөнінен көш бастап тұр. Қазақстан бойынша тек Алматы мен Қызылорда облысын ғана жерсінген. Сыр елінде Санта-Гертруда тұқымы Келінтөбеде көбеюде. Асылтұқымды мүйізді ірі қара Керімхан Егізбаев басшылық ететін «Orda Агротехнология» ЖШС-не тиесілі. «Жақсыны көрмекке» деген, ооблыстық ІV Малшылар слетінің құрметті қонақтары дәстүрлі қойшылар тойының әлқиссасын Келінтөбе ауылында тәжірибе алмасудан бастады. Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков бастаған делегация құрамында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің басшылары, республикалық палаталар мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдері, отандық ғалымдар, облыстық басқарма басшылары мен Қызылорда облысының барлық ауданынан арнайы делегаттар қатысты.
«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, республиканың түпкір-түпкірінен жиналған слет делегаттары Келінтөбенің дархан жайылым даласында серіктестіктің серпінді жұмысымен танысты. Тәжірибе алмасып, ой-пікірді ортаға салды. Өз кезегінде серіктестік басшысы Керімхан Егізбаев репродуктор шаруашылығының тынысына тоқталды. Әуелі Қазақстанның мал шаруашылығына бейім 5 облысындағы шаруа қожалықтардың жұмысымен танысып шыққан шаруа ойлана келе, америкалық асылтұқымды түлікке тоқтайды.
– Жалпы бұл серіктестік ғылыми өндірістік «Агротехнология» шаруа қожалығы негізінде құрылған. Өзім бұған дейін егін шаруашылығы саласында шыңдалдым. Кейіннен мал шаруашылығына ден қойып, асылтұқымды сиырмен айналысатын қожалықтардың жұмысын зерттедім. Алғашқыда қазақтың ақ бас сиырын алмақ ниетім болған. Бірақ, климат ерекшелігін ескере отырып, «Санта-Гертруда» сиырына тоқтадым. Осылайша, атакәсіпті қайта қолға алмақ мақсатта «Байқоңыр» әлеуметтік корпорациясы арқылы 150 бас Санта-Гертруда асылтұқымды сиырын сатып алдық. Репродукторлы шаруашылықты жолға қойып, ет бағытындағы жұмысты бастап кеттік, – деген Керімхан Егізбаев бұл мүйізді ірі қараны таңдағандағы басты себебі – Сыр өңірінің ауа-райына өте төзімді екенін жеткізді. Оның айтуынша, сиырдың терісі қалың болғаннан кейін, маса, сона, кене деген зиянкестерге шыдамды. Әрі аса көп күтімді қажет етпейді. Қора-жай да қажет емес. Жайылымдық жерде жайылып, тез жерсінетіні белгілі болды. Сыр табиғатына төзімді асыл түліктің орта есеппен салмағы – 500-600 келі. Ал, бұқаларының салмағы 800 келіден басталады екен.
Сонымен қатар, серіктестік басшысы әлі бордақыланбаған асылтұқымды түліктің ет сапасы өте жоғары болатынын жеткізді. Себебі, «Санта-Гертруда» мүйізді ірі қарасының ет сапасы жөнінен әлемдік рейтингте көш бастап тұрғаны белгілі болды. Яғни, сұраныс жоғары. Ет бағытындағы шаруашылықтың жұмысына риза болған слет делегаттары сұрақ-жауап алмасып, мол ақпаратқа қанықты.

ҚЫРКЕҢСЕДЕГІ
ҚАРҚЫНДЫ ҚАРЕКЕТ

Түсауа қойшылар слетінің құрметті қонақтары Қыркеңсе ауылдық округіндегі «Бекарыс Агрофуд» серіктестігіне тиесілі Қалмақ тұқымды репродуктор шаруашылығына аялдады. Жас фермер Серік Мырзабаев төскейден төрт түлікті түгел өргізіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген еңбекқор шаруа. Қыркеңсе ауылы бұдан елу жыл бұрын еңсе көтерсе, жас фермердің «Бекарыс Агрофуд» серіктестігінің құрылғанына енді бір жыл толады. Бұған дейін «Бекарыс С» шаруа қожалығының тізгінін ұстаған Серік Әбдіжаппарұлы тірлігі тиянақты. Еті тірі елгезек жігіт кәсібін кеңейтпес бұрын, бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрді. Бұл жөнінде ол слет делегаттары алдында көсіле әңгімелеп берді.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде жұмыс жасаймын деймін азаматқа мүмкіндік мол. Әсіресе, атакәсіпті арқау еткен шаруаларға мемлекет қолдауы зор. Мәселен, бүгінгі таңға дейін мемлекеттік «Құлан» бағдарламасы 23 млн. теңге, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 10 млн. теңге, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 млн теңге алдық. Бұған дейін, мал басын көбейтіп, селекциялық жұмыстармен айналыссақ, былтырдан бастап «Бекарыс Агрофуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдық. «Байқоңыр әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, 300 миллион теңгенің жобасын жасадық. Жобаның үлес салмағын айтар болсақ, корпорацияның 44,7 пайыз, біздің серіктестіктің үлесі 55,3 пайыз, – деген Серік Мырзабаев қазіргі таңда жобаның 134 млн теңгесінің 38 млн теңгесі игеріліп, 127 бас ет бағытындағы асыл тұқымды қалмақ қашарлары мен 11 бас қалмақ тұқымды бұқа сатып алғанын жеткізді. Жыл соңына дейін асыл тұқымды түлік санын 300-ге дейін жеткізетінін мәлімдеген қыркеңселік фермердің қарқыны қуатты. Бүгінде 100-ге жуық түйе, 580 бас мүйізді ірі қара, 600 жылқы, 1000-ның үстінде уақ малдың шаруасын ширатып отырған Серік қой-ешкіні қар түсіп, жер қатқанша оты молдау жайылымда бағатынын тілге тиек етті. Өз кезегінде слет делегаттары қыркеңселік жас шаруадан ет бағытындағы асыл тұқымды Қалмақ түлігінің табиғи ортаға бейімделу қасиеттерін сұрады.
– Қалмақ тұқымы Сырдың табиғатына өте төзімді. Терісі қалың болғандықтан сона, маса, кенеден қорғанышы мықты. Орта есеппен сиырдың салмағы 430-дан 550 келіге дейін жетеді. Бордақылау бағытындағы бұқалардың тірі салмағы 900 келі шамасында. Әзірге малдың басым бөлігі тау беткейдегі жайылымда жүргендіктен бұл қора-жайда қалмақ мүйізді ірі қаралары жергілікті сиырлармен бірге жайылуда. Етінің ерекше дәмдік сапасын атап өту керек, себебі бұл ет бағытындағы малға тән «мәрмәрлігімен» ерекшеленеді, – деді Серік Мырзабаев.
Сондай-ақ, жылдың аяғына дейін «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы 25 млн. теңгеге модульді мал сою бекеті орнатылатынын сөз етті. Бүгінгі таңда тұрақты түрде 8 адамды жұмыспен қамтып отырған жас фермер маусымдық мезгілде 28 адамға дейін жұмыс көзі болатынын айтты. Иә, бұл да болса, ауылдағы ағайынның «екі қолға бір күрек тауып», тұрмысын түзеуге тамаша мүмкіндік.
Түйіндей айтқанда, төскейінен төрт түлік өріп, көсегесі көгерген қос серіктестік яғни, келінтөбелік «Orda Агротехнология» ЖШС мен «Бекарыс Агрофуд» ЖШС-нің келешегі кемел. Болашағы баянды. Басты мақсаты – Елбасы Жолдауында айтылған ет өнімдерін алыс-жақын шетелге экспорттау. Мұндай күнге жетер уақыт та алыс емес. Өйткені, Сыр өңірінде алғаш болып асыл тұқымды «Санта-Гертруда» мен «Қалмақ» түлігін түлетіп отырған серіктестіктердің серпіні қарқынды. Бұған малшылар слетіне келген делегация құрамындағы отандық ғалымдар да оң бағасын берді.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
15 мамыр 2018 ж. 1 272 0