№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 29 көшеге асфальт төселді

29 көшеге асфальт төселді

Жаңақорған кентіндегі көшелерде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бес-алты көше ғана емес, 29 көшеге асфальт төселді. Бір қуантатыны, Жаңақорған кентінің шеткі аумақтары – Саяжай, МАИ бекеті, Қорғантоғай және Ипподромға асфальт жол барды. Тұрғындар қуанышты. Алайда сапа қалай? Жол талаптарға сай салынды ма? Осы сұрақтарға жауап алу үшін жауапты сала мамандары, депутаттар және ел ағаларынан құрылған топ арнайы рейдке шықты. Біз де көшке ілестік.


Аудандық маслихат хатшысының 2020 жылғы 26 маусымдағы №14 өкімімен құрылған комиссия мақсаты белігілі. Алдымен аудан әкімдігінде мәслихат депутаттары тарапынан құрылған уақытша комиссия отырысы өткізілді. Аудан мәслихатының хатшысы, кент әкімі мен комиссия мүшелері, мердігер компания, техникалық қада­ғалау, жөндеу жұмыстарына авторлық қадағалау мекемелерінің жауапты мамандары қатысып, тұрғындар көкейіндегі сауалға жауап іздеп көрді.
Сонымен жолдың сапасын бақы­лаушы комиссия алдымен Қорғантоғай көшесіне тоқтады. Көшенің ұзындығы 1132 шақырым, технадзор «Ай-Мереке» болса, жалпы жоба авторы – Мухит Мамуов, депутаттар тізімінде Арман Мажитов, Зағипа Абжалелова жүріп, тұрғындармен тілдесті. Жауаптылар жиналғаннан кейін іске кіріскен ел ағасы Алшынбай Тұртанов көше тұрғындарын ортаға жинап, асфальттың бір шетін бұздырып, сапасын көзбен көрді. Не деді?
– Асфальттың қалыңдығына сын айтылмайды, жақсы, дегенмен жігіттер, шынын айту керек, сапа сын көтермей тұр. Асфальттан бөлек, жол жиегіне төселетін қалыңдығы стандартқа сай келмейді. Оған құм мен тас араласу керек, онда да майда тас болуы тиіс. Оны жай төсеп қана қоймай, қалыңдығын келтіріп, үстін қайта-қайта тегістеу керек. Әлі де уақыт бар, түзелер деген ойдамыз, – деді комиссия мүшесі, ҚР Құрметті құрылысшысы.
Осылай кемшіліктерді қағазға түсір­ген комиссия ертерек түзеу керек деп ескертті. Сөзге араласқан көше тұрғындары асфальт құрылысы бас­талғалы басы-қасында өздері жүргенін айтты. 
– Біз асфальттың құрамын, оның сапасын, қанша жылға жарайтынын білмейміз. Көрші-қолаң болып салы­нуына бақылау жасадық. Трак­тормен 30 тонналық грейдердің жүргені анық. Жұмыс жүйесіз деп айтуға келмейді, рахмет айтамыз. Осы жолды көп күткеніміз рас. Енді сарапшылардың айтқанын реттеп бергенін күтеміз, – деді көше комитеті Құлахмет Әлменов.
– Бұл асфальт суық (холодный) деп аталады. Кем дегенде 28 күнде қатып, өз-өзіне келеді. Көлік көбірек жүруі керек, сол кезде жақсы тапталып, отырады. Бұл асфальтты кез келген уақытта жинап, араластырып қайта төсей беруге болады. Ал ыстық (горячий) асфальт екі сағатта қатып қалады. Сондықтан бір айдан кейін тәуелсіз экспертиза алып келіп, тексертеміз, – деді М.Мамуов.
Айтпақшы, кенттегі орташа жөндеу жүргізіліп жатқан көшелердің басым бөлігінің құрылысына «Жаңақорған Жібек Жолы» ЖШС жауапты. Бұл мекеме тек аудан ғана емес, Сыр өңіріне танымал, қанша жылдан бері жол құрылысымен айналысып келеді. Сондықтан сапалы жұмыс атқарады деген сенімдеміз. 
Одан кейін Сыздық Ахметов және Достық көшесіне бет алдық. Бұл көшелерді де топ мүшелері жол сапасын жіті бақылады. Жолдың ені, қалыңдығы бәрі сәйкес келеді. Жеңіс, Ш.Уәлиханов, Сейтенов, Илялетдинов көшелерін аралаған комиссия мүшелері әлі де жұмысты сапалы ету керектігін ескертті.
– Жеңіс көшесіне жүргізілген жөндеу жұмысының сапасына көңіл толады. Әрине кемшін тұстар жоқ емес. Оны уақытында түзетер деген ойдамыз. Ең бастысы, көрше тұрғындарының көптен күткен тілегі орындалды, – деді комиссия мүшесі Төребек Искаков.
Тұрғындардан бір сұрақ туындады. Асфальт салынды, бірақ ауыз су үйлерге кіргізілмеді, енді сол асфальт қайтадан бұзылады ма? Көпшілік осыған алаңдаулы.
– «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында кент ішіндегі 22 көше, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы арқылы 7 көше жөнделуі тиіс болатын. Жөндеу жұмысы аяқталуға жақын, толық аяқталып, комиссия мен депутаттар қол қойғаннан кейін қабылданады. Егер жөндеу жүргізілетін көшелереге алдымен ауыз суды үй-үйге кіргіземіз деген ұстаным болғанда біз ұтылатын едік. Яғни жөндеуге берілетін қаржыдан қағыламыз. Сондықтан қолда барда пайдаланып жатырмыз. Ал ауыз су құбырын асфальт астымен жүргізетін боламыз, – деді кент әкімінің орынбасары Нұржан Сүлейменов.
Өте орынды. Көпті алаңдатқан да осы жағдай емес пе? «Жол қадірін жүрген біледі» демекші, күнделікті жүріп жүрген жолымыздың ойы мен қыры тегістеліп, асфальт төселіп жатқаны тұрғындарға қуаныш сыйлауда. Әлеуметтік маңызы күн тәртібінен түспейтін жол мәселесінің шешімін тапқаны көңілге медет болғанымен, халық арасында сапасы қандай екен деген заңды сұрақ та жоқ емес. Бүгінгі комиссия осы сұраққа жауап іздеп көрді. Дегенмен тұрғындар автокөліктердің шектен тыс жылдамдықты асыруына наразы. Арнайы жылдамдықты түсіретін белгі, не жол кедергісі қойылса деген ұсыныстары бар. Ал әкімдіктің айтатыны, ауыр жүк көліктері бұрылыстарда немесе жол жиегінен бұрылғанда абай болмаса кеше ғана салынған асфальттан түгі қалмайды.
Біздің түсінгеніміз, рейдке бір айдан соң шығу керек екенбіз. Өйткені, асфальт 28 күннен кейін қатады. Сол аралықта жол жиегіне төселетін тас та бітеді. Бұл жауапты сала мамандарының пікірі. Өйткені бақылау жұмысына аудандық мәслихаттан, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зейнолла Әшірбеков, құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов және аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров та бақылаушы топтың құрамында болып, кеткен кемшіліктерді тізбектеді.
Ұзындығы 1590 шақырымға созылған Саяжайдағы көшенің құрылысын «Шиелі Жолы» ЖШС жүргізді. Айта кетерлігі, бұл көше Саяжайдың барлық көшесін қиып өтеді. Бүгінде үшінші көшесіне дейінгі жерге асфальт 5 сантиметр қалындықпен төселді. Бір айдың ішінде жұмысты тиянақты орындаған мердігер мекеме жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтыды. Олар 85 мың теңге көлемінде айлығын алған. Жалпы Қорғантоғай көшесінен басқа көшелер стандартқа келетінін жеткізген Алшынбай Тұртанов әлі де жұмысты ширата түсу керектігін айтты. Өйткені жол құрылысына жақын 20 жылдықта дәл мұндай орташа жөндеу жүргізілмейтіні анық.
Жоспар бойынша бірнеше көшені аралауға тиіс едік, бірақ уақыттан озып ерте аралап, сапаға сын айтпас бұрын, әліптің артын баққан дұрыс-ау. Өйткені әкімдік әлі жұмысты қабылдап алған жоқ, елмен ақылдасып жасалатынын жеткізді. Яғни, комиссия алдағы уақытта қайта бақылауға шығады. Айтылған ескертулердің орындалатынына сенімді. Біз де осындай ойға келдік. Мәселе мін іздеу емес, сапалы болғаны дұрыс емес пе? Мәселен, былтыр ғана салынған Алтынсарин аймағындағы жол сапасыз түсіп, ойдым-ойдым шұқырға айналды...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
18 шілде 2020 ж. 1 140 0