Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкім ел арасында

Әкім ел арасында


Руслан Рүстемов ашықтық пен жариялылықты негізге алып, елмен етене жұмыс жасауды басшылыққа алды. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын басымдық етіп, 26 ауылдық округке арнайы барды. Тұрғындармен еркін форматта кездесіп, оларды толғандырған мәселелерді білді, әрі шешілу жолын тауып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты. Енді бәрін рет-ретімен баяндасақ.


Дүйсенбілік қат-қабат жұмыстан саңылау тапқан Руслан Рүстемов Қаратауды қоныс еткен ауылдарға асықты. Алдымен Манап ауылдық округіне тоқтады. Делегация құрамында әкімнің штаттан тыс кеңес­шісі Алмас Нәлібаев, ау­дандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов бар. Ауыл әкімі Ербол Әлменов ауыл белсенділерін клуб үйіне жинапты.
Халық ақыны Манап Көкеновтің ізі қалған ауыл­дың өзіндік аурасы бар. Әрбір тасы мен талы өлең оқып тұрғандай әсер етеді... Әкімнің тау беткейдегі ауылдардың ішінде бірінші Манапты таңдауының бір себебі де осы...
Ел-жұрттың амандық-саулығын білгеннен кейін аудан әкімі Руслан Рүстемұлы:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мем­лекет қалыптастыруға бола­ды» деді. Міне, біз осыны басшылыққа алып, халықпен етене жақын жұмыс жасауға ниеттіміз. Біздің бас­тама­ларымыздың әділ бағасын беретін де халық. Сондықтан өздеріңізге сәлем беріп, ой-жоспарыммен бөлісу үшін арнайы келіп тұрмын...
Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шау­ха­манов ағамыздың: «Жаңа­қорған екі аудан: оның Сыр беткейі, қыр беткейі бар» дегені ойға келіп тұр. Шынында, Жаңақорған ауданын бір сәтте аралап шығу мүмкін емес. Қызылорда облысындағы үлкен аумақ, перспективалы аудан. Өт­кен аптада біршама елді мекендерге арнайы бардым. Оның 15-сі Манап ауылдық округі болып тұр.
Жалпы уақыт озып, адамдардың жайлы өмір сүру салты қалыптасқан сайын жаңа мәселелер алдымыздан шығады. Бұл – заңдылық. Біз мұның шешілу жолын табуымыз керек. Мәселен, мемлекеттік бағдармаларды ұтымды үйлестіріп, иннова­циялық жобаларды көптеп жүзеге асыруымыз тиіс. Әсіресе дайын өнімдерді өндіруге басымдық берген дұрыс. Біздің ауданның потенциялы мол. Оған жер жағдайы да, өндіріс орындары да жетеді, бәрінен бұрын, тұрғындардың еңбекқорлығы мен ізденгіштігі шешуші рөл атқаратыны анық...
Жаңақорған ауданындағы ең күрделі мәселе – ауыз су. Күні кеше осы мәселені шешуге байланысты кеңей­тілген техникалық кеңес өткіздік. Оған тапсырыс берушілер, мердігер ком­пания өкілдері, техникалық қадағалаушылар, авторлық бақылаушылардың басын қосып, ауыз суды үй-үйге кіргізудің, құрылыс нысандарын уақтылы әрі сапалы жүргізудің мән-жайын анықтадық. Жыл аяғына дейін мердігер компания 68 шақырым құбыр жүргізіп, 2000 обонентке ауыз су кіргізеді. Бұл жобаның 35 процентін құрайды.
Одан бөлек, атқаратын істер көп. Мәселен, ауданда 5000 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Енді жобалық-сметалық құжаттардың ішкі мазмұнын арттырып, халыққа қажетті жобаларды қаржыландырып, ауыл-ауылдан тұрғын үй салуға мән береміз... – деді.
Манаптықтар әкімнің халықшыл істеріне сәттілік тілеп, бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді.
– Манапқа жапсарлас жат­­қан Талап бекетіне баратын айналмалы жолды асфальттайтын уақыт келді, – деп уәжін жеткізді ел ағасы Сәдірхан Ниязов.
Ал Шырынбек Сыздықов болса ауыл шетіндегі тоғанды жөндеу ісін қолға алуды және Б.Қосаева көшесін жөндеуді ұсынды. Себебі тоғанға жиналған суды ысырапсыз жұмсау міндеті тұр.
Одан кейін әкім Талап ауылдық округіне тоқтады. Ауылдың беткеұстар ақсақалы Төлеген Абдраймов аудан басшысының биік жетістіктерге жетуіне тілектестік білдірді. Сосын іске епті Ербол Тақырбасовтың бастамаларын қолдау керектігін, шеткі ауылдың мәселелері шегеріліп қала бермесе деген ниетін жеткізді.
Талаптықтар үшін жайылым­дық жердің тарлығы қолға құрсау болып отыр. Бұл ауылда егіндік жоқ, халық төрт түліктен несібесін айырып отыр. Мұның өзектілігін әкімнің кеңесшісі Алмас Нәлібаев та қаперге салды. Бұған қоса аяқсудың мәселесі өзекті. Ауылдың малын 12 шақырым жердегі Сырдария өзенінен суару қашықтық етеді. Ауыл шетінен құбыр қазу керек, болмаса ертеректе қазылған құбырларды ашу керек. Бұл да уақыт кешіктірмей шешілуі тиіс. Себебі ауылдың табыс көзі – мал шаруашылығы саласы.
Келесі кезекте Бесарық ауылдық округіне кезек келді. Әкім тоқтаған 17-ші ауылда жер дауы өзектілігін байқатты. Мұның жай-жапсарын Смағұл Оразбеков жеткізді. Ауыл бел­сендісімен келіспейтіндер де бар. Ержан Күзембаев, Рысжан Төлепбергенованың ойы бас­қа қырынан өрбіп, Әлібек Абдуллаевтың ауылдың берекесі үшін істеліп жатқан істерін айтты. Ал ауданның ардагерлерін бір ұйымға біріктірген кеңестің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов әкім келгенде жеке бастың қамын емес, елдік мәселелер жөнінде сөз еткен дұрыс болатынын ескертті.
Клуб үйінің директоры Рашид Нәлтаев екі халықтық ұжым бар екенін, оларды арнайы құрал-жабдықпен жабдықтауға мән беруді сұрады. Яғни оркестрге музыкалық аспаптар және сахналық киімдер қажет екенін жеткізді.
Күн батар шақта Қосүйеңкі ауылдық округіне іліндік. Қазақ әдебиетінің қос алыбы – Дүкенбай Досжан мен Тынымбай Нұрмағамбетовтың туып-өскен ауылының өзіндік ерекшелігі бар. Тау суынан нәр алған алқаптың жұрты еңбекқор, қанағатшыл. Қосүйеңкінің тізгінін ұстаған Жанай Жанпейісовтің ауылда атқарған бастамалары аз емес. Дегенмен ауыл деңгейінде шешіле бермейтіні бар. Бұл жайында Тұралы Мырзахметов сөз етіп, негізгі мәселелерді жіпке тізгендей болды.
Біріншісі, ауыз су мәселесін шешетін кез келді.
Екіншісі, малдың өрісі та­рылды. Ауылға жақын жерді шаруа қожалықтар иеленіп, жайылымдықты тарылтып жіберді.
Үшіншісі, мал базарға сұраныс бар. Себебі Сыр өңірінің төрт түлігінің үштен бірі біздің ауданда. Бірақ Түркістанның нарығына байланысты бағаны реттеп отырмыз.
Төртіншіден, ауданда малдың азығын дайындайтын (жем түрлері) цех ашылса. Әсіресе тау беткейдегі шаруалар қиындықты сезініп отыр.
Бесіншіден, ауылда интернет жоқ. ХХІ ғасырдың негізгі көр­сеткіші – жоғары жылдамдықты интернет. Сондықтан елді мекенге тездетіп интернет әкелу маңызды.
Тұрғындардың ұсыныс-тілек­терін мұқият тыңдаған ауданның бас менеджері Руслан Рүстемов:
– Әрине, барлық мәселені бір сәтте шешіп тастауға аудан бюджетінің әлеуеті жетпейді. Сіздер айтқан қажеттіліктерді басымдығына, маңызына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Аудандық бюджеттің мүмкіндігінен бөлек облыстық, республикалық деңгейде шешетін мәселелерді қараймыз. Одан бөлек, мемле­кеттік бағдармалардың игілігін қарапайым халық көруі үшін жұмыс жасаймыз, – деді.

***
Аудан басшысы Руслан Рүстемовтің сейсенбілік сапары Екпінді ауылдық округінен бас­талды. Талай тұлғалардың кіндігін кескен топырақтың өзіндік қасиеті бар. Иә, ұлттың тарихы мен мұрат-мүддесін Елтаңбаға сыйдырған Жандарбек Мәлібеков осы Екпін­дінің топырағынан нәр алған. Оған әлемді мойындатқан сом білекті Алмас Өтешовты қосыңыз. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Дегенмен сапардың жайын тоқталайық...
Әкім ауыл-ауылды аралап жүргендегі мақсатын түсіндірді:
– Біздің сапардың негізгі мақ­саты – елге сәлем беріп, ауылдағы ағайынның қал-жағ­дайын білу. Толғандырған мәсе­лелерді ашық талқылап, шешілу жолын іздеу.
Уақыттың бір орында тұрмай­тыны анық. Осы уақыт озған сайын адамдардың жай­лы өмір сүруге деген сұранысы арта беретіні ақиқат. Сондықтан халықтың өмір салтын жақсарту үшін күш-жігерімізді аямаймыз. Әсіресе мемлекеттік бағдармаларды ұтым­ды үйлестіріп, инновациялық жобаларды көп­­теп жүзеге асыруға мән бе­реміз. Ауданның потенциялын пайдалана отырып өнім өндіруге басымдық береміз... – деді.
Қайрат Қожамжаров басқа­ратын Екпінді елді мекенінде елдіктің екпінін байқауға болады. Шағын ауыл көшелерінің 80 пайызы асфальттанған. Меди­циналық нысан бой көтерді. Жаңадан мектеп пайдалануға берілді. Халқы егін және мал шаруашылығына бейім. Бірақ соңғы жылдары тұрғындарды ауыл шетіндегі су қашыртқысының жайы алаңдатып келеді. Егер күріштіктің қалдық суын тартатын канал тазаланбаса, ауыл мен егістік ыза судың астында қалады. Сосын жел тұрса немесе жаңбыр сіркіресе электр жарығының сөнетіні дағдыға айналды. ХХ ға­сырдың 70 жылдары салынған электр бағаналарын жаңартудың кезі келді. Бұл жайында ауыл тұрғындары Әбдуәкім Мұратбеков пен Нағашбек Боранбаев айтты.
Келесі кезекте Қожамберді ауылдық округіне тоқтадық. 800-дей халық тұратын шағын елді мекенде сәулетті спорт кешені бой көтеруде. Ауыл тұрғындары осыған дән риза.
Әкім берекелі істің басынан табылып, жобамен танысты. Аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің бас­шысы Махмұт Рақымжанов: «Кешен жыл аяғына дейін беріледі. Ашылған жағдайда волейбол, қазақ және белбеу күресі ашылады. Бұл – шағын ауыл халқы үшін перспективалы жоба. Эльмира Ділматаева өз ауылына инвестиция салып, жерлестерін қуантып жатыр. Бұдан бөлек, Сунақата ауылына да дәл осында спорт кешенін салып берді. Эльмира ханым ер азаматтардан аз еңбек сіңіріп жатқан жоқ» – деді.
Кәсіпкердің ісін көпке үлгі еткен аудан басшысы:
– Мемлекет іс жасаймын деген азаматтарды қолдауға қашанда дайын. Тек біздің кәсіпкерлерге тәуекел ету керек, ынта-жігер керек. Өз кезегінде Үкімет өз қамқорлығына алып, кезең-кезеңімен қаржыны қайтаратын болады. Сондықтан Эльмирадай батыл, әрі тәуекелшіл болу керек, – деді.
Қожамберділіктердің атынан сөйлеген Сәулебек Құлбаев мектептің көшесін асфальттауға көмек беруін сұрады. Ал халық қалаулысы Әзия Қыстаубаева ауылдық клуб үйіне жаңа аппаратураның қажеттілігін еске салды. Ауыл әкімі Молдахмет Нәлібаев аяқ су мәселесін шешудің тетіктері жөнінде айтты.
Кезінде Сібірден Сырға көшірілген кәрістер алғашында Сүттіқұдықты қоныс етіп, күрішті жерсіндіруге күш салды. Кейінгі кездері ауыл халқы мал шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосты. Бірақ соңғы жылдары аяқ су мәселесінің өзектілігі күн тәртібінен түспей келеді. Тіпті Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарынан-ақ айтыла-айтыла әбден жауыр болған тақырыпқа айналды.
Сүттіқұдықтағы спорт кешені алдына жиналған халық осы мәселені аудан әкімінің алдына қойды. Ауыл қариясы Әлібай Айдарбеков: «Біздің жырымыз да, өлеңіміз де осы аяқ су мәселесі. Осы мәселенің көтерілгеніне 20 жылдан асты. Бізге аяқ су керек», – деді.
Аудан әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Алмас Нәлібаев та Сүттіқұдықта аяқ су мәселесі өзекті екенін дәйектеп, оның шешілу жолын ұсынды. Яғни Сырдария өзенінен екі электр носасы арқылы су алып, оны ескі каналмен жеткізуге болады. Әрі ауыл әкімі Мақсат Абдуллаевқа осы бағытта жұмыс жасауды тапсырды.
Әкім Сүттіқұдықтағы спорт кешенімен де танысуды ұмыт қалдырмай, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Жаңақорған ауданындағы ірге­лі ауылдың бірі – Төменарық. Сонау патшалық Ресей кезеңінде болыстық ретінде қалыптасқан ауылдың түтіні түзу. Тіпті кейбір деректер, Төменарықтың тарихын әріге сілтейді. Әрине оның жөн-жосығын тарихшылар анықтар. Дегенмен ойға келетіні, Төменарық бір кездері Қызылорда, Ташкент, Семей қаласымен бірге елордаға ұсынылған-ды. Мұны Руслан Рүстемұлы сөзге қосып, төменарықтардың мерейін өсіре түсті.
Жә, енді сапардың жайына келсек. Төменарықтықтардың ұзақ жыл­­дан бері көтеріп жүрген мә­селесі – аурухана салу. Бұл жөнінен Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да, Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова да хабардар. Дегенмен ауыл халқы тезірек жүзеге асқанын қалайды.
Мұның жай-жапсарын аудан­дық аурухананың бас дәрігері Яхия Шорабаев түсіндірді. Оның сөзінше, 2017 жылы жасалған жобалық-сметаның уақыты өтіп кеткен. Енді қайтадан жасатып, 15 төсектік ауруханасымен бірге қамтылған амбулоториялық кешен салу керек. Ауыл ақсақалдары тіректі ауылдың көшелерін асфальттаудың маңызын да тілге тиек етті. Ауылдастарының атынан сөз алған Темірбек Құтжанов: «Біздің әкім Нұркен Қошқорбаев жұмыс істеймін деген азамат. Қажет болса орталық қалаға барып, іс бітіруге құмбыл. Былтыр бірнеше көшені асфальттау жағы қаралған еді. Осыны кешіктіре бермесеңіздер», – деді.
Аудан басшысы Руслан Рүстемов барған ауылдық округтердің негізгі мәселелерін күнделігіне түртіп алып, алдағы уақытта шешілу жолын іздейтінін, әрбір қажеттілікті жан-жақты сараласа, нақты шешілу жолы табылатынын айтып, ауылдың түтіні түзу ұшу үшін еңбек ететінін жеткізді...

***
Әкімнің жұмыс сапары тағы жалғасты. Есептеулі уақытты тиім­ді пайдаланудың жолы ауылдарға әкеле жатыр. Шиелі ауданымен шектесетін Сунақата, Еңбек елді мекеніне өзі бастап келеді. Қасында дербес бөлім басшылары. Ауылдың мәселесін реті келсе сол жерде шешіп отыру әуелгі әдеті. Біз соған дағдыланғанбыз. Айтса айтқандай, ел ағалары, жастар жиналыпты. Әкімшіліктің аядай бөлмесі лық толды. Ауыл әкімі Ақылмұрат Жұмаділдаев елдің тынысын таныстырып, бүгінгі бағдарын жеткізді. Ә дегеннен Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов жұрттың пікірін ұйып тыңдады. Сонан соң ұсыныс-пікірдің мәнісін тарқатты. Аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді. Биылға бағытталған жобалардың жүйесін баяндады. Көпшілік жаңа әкімнің жұмысына көңілі толды. Осылай өткен аптаның бейсенбісінде Сыр беткейдегі ауылдардан басталған сапар осы бейсенбіде Сунақата, Ақүйік, Қыраш ауылдық округінде жалғасты.
Ежелгі Сығанақ шаһарының іргесіндегі Сунақата киелі мекен саналады. Мұның өзіндік киесі бар, құт дарыған жер. Халқы да өркениетті қоғамның өкілі ретінде сезінеді. Мұны әкіммен жүздесу барысында аңғардық. Ауылда жаңадан қоныстанушы артқан, елге ел қосылып жатыр. Осы аудандарда инфрақұрылым қажет. Сол секілді бала қауіпсіздігі үшін мектеп маңайынан жол жүру белгісін орнату маңызды екені айтылды. Сосын ауыз су әңгімеден тыс қалмады. Мұның бәрін ел анасы Әзия Қыстаубаева апамыз сөзге арқау етті.
Ал ауыл тұрғыны Қабибулла Алдабергенов электр жарығы мен жылдамдығы жоғары интернет өркениеттің негізгі нышаны екенін, осы екі құндылық уақытқа сай келмей, өркендеудің ауылы алыс екенін айтты. Тұрсынбек Қалымбетов болса мәдениет үйін қажетті жабдықпен жабдықтауды ұсынды.
Тұрғындардың өтініш-тілегін мұқият тыңдаған әкім:
– Уақыт өткен сайын жаңа сын-талаптарға кезіге береміз. Біз олардың ретін тауып шешіп, халық игілігіне айналдыруымыз тиіспіз. Мұндай басымдықтарды кезең-кезеңімен жүзеге асыра­мыз. Қазір Жаңақорған кен­тіндегі ауыз су мәселесі өз шешімін тапты. Жақында өткен кеңейтілген техникалық кеңесте мердігер компания басшылары мен тапсырыс берушілерді, техникалық қадағалаушылар, ав­тор­лық бақылаушылардың ба­сын қосып, екі компанияның арасындағы келіспеушілікті реттеп, суландыру ісін жалғастыруға қол жеткіздік. Жыл аяғына дейін 2000 абономентке су кіреді. Бұл жобаның 35 пайызын құрайды. Жалпы Президент белгілеп берген басым бағыттарды тиімді жүзеге асырып, халықтың жайлы өмірі үшін бар күш-қайратымды саламын, – деді Руслан Рүстемұлы.
Аудан басшысы ауылдағы орта мектептегі спорт зал және асханадағы құрылыс жұмыстарын көрді. Сосын Еңбек елді мекенінің халқымен жүздесті. Бүгінде ауылда 159 түтін бар. Айрандай ұйыған ауылдың еңбек жетістігі биыл да жаман болмайды деп үміттенеді.
Осыдан кейінгі сапар Қыраш ауылдық округіне бағытталды. Ауыл әкімі Сәруар Биімбетов елдің қазіргі тіршілігіне тоқталды. Бақсақ, төрт түлігін түлетіп, одан несібесін айырып отырған шағын ауылдың негізгі мәселесі – жоғары жылдамдықты интернет, жайылымдық жердің тарылғаны, ауыз су жайы, ауылішілік жолды жөндеу жұмысы екен. Мұны Берібек Бардісүгіров сөз етті. Бұл жайлы аудан әкімі мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Ал Ақүйік ауылдық округі жайлы сөз болғанда «Бірлік» деген тіркес ойға келеді. Себебі бұл ауыл халқының ауызбіршілігі қашаннан жарасқан, бірлігі бекемдігі, болашаққа байламы жоғары. Ауылдың ажары жарқын, жастардың спортқа, өнерге қадамы ерекше. Елді мекеннің елеулі істері мол. Қазір ауылда мейрамхана көптің кәдесіне жарап тұр, мешіт жұмыс істейді. Осы орайда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арапбек Әбиев біршама шаруаның атқарылғанын жеткізді. Ал, ауыл әкім Әскербек Мұсаев газдандыруды жүргізу, балабақша салуды қозғады.
Мұнан соң аудан басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік аясында кәсіпкер Бақыт Байділдаев салдырған спорт кешеніне барды.
Ауылдағы бастамаларға көңіл толған Руслан Рүстемұлы:
– Осыдан төрт жыл бұрын Жаңақорған туралы 5 ән болған екен. Соны 36-ға жеткіздім. Бұл ел мерейі үшін үлкен серпіліс болды. Біз ұрпақты осындай рухани-мәдени дамуға жетелеуіміз керек. Мына спорт кешені ендігі кезекте халыққа қызмет етеді. Әлі-ақ Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен Жасұлан Мұхтарбекұлының талай ізбасарлары шығатынына сенемін. Алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында ұтымды жобаларды бірлесе атқаратын боламыз. Ел үмітін арқалауда ерлер аман болсын, ауылдың несібесі арта берсін, – деп ойын қорытты.
Осымен аудан басшысының ауылдық округтерге жасаған сапары аяқталды. Енді әрбір ауылдық округтер бойынша негізгі жоспар түзіп, дамудың бағдарын айқындайтын болады. Бұл – ауданның кемелденуіне шешуші рөл атқаратын болады. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашықтық пен жариялықты ұстанып, халықпен етене жақын жұмыс істендер деген концепциясы біздің ауданда сапалы іске асып жатқанының көрінісі.

Қаныбек ӘБДУОВ,
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,


19 қыркүйек 2020 ж. 628 0