» » Бизнестің көзі – білімде

Бизнестің көзі – білімде


Үкімет «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы шағын және орта бизнесті дамытуды көздейді. Яғни күнделікті өмірде тұтынатын заттарды өндіріп, импорт көлемін азайту мақсаты тұр. Мұны шындыққа айналдыру Үкімет үшін жеңілдікпен несие беріп, істі бастауға ниеттілерді қолдауда. Бұл мүмкіндікті жас кәсіпкер Қайсар Төлегенов тиімді пайдаланып, кәсібін кеңейтуде. Нарықтың көшінен қалмай, үйренуді, дамуды көздеген кәсіпкердің тындырымды тірлігімен танысуды жөн көрдік.


Қайсар Абайұлы осыдан бес жыл бұрын «Талдысу» ауыз суын шы­ғаруды қолға алған-ды. Шағын цех жұмысын бастағалы өндірісі өркендеп, тауарды Сыр өңіріне тарата бастады. Таза ауыз суы арнайы 1, 5, 9 литрлік пластмасса ыдысында шығарылуда. Аудандағы кез-келген дүкен сөресінен табуға болатын таза ауыз суға көрші облыстардан да сұраныс артуда. Сондай-ақ, өңірдегі өндіріс ошақтарына да жіберілуде. Шағын кәсіпорын мұнымен тоқтап қалған жоқ. Нарықтағы сұранысты қанағаттандыру үшін шабдалы, лимон шырыны қосылған қара және көк шай шығаруды қолға алған. Күніне 2500-3000 литр көлемінде өнім шығаратын кәсіпорын тапсырыс берушілерге тегін жеткізіп беруімен де ерекшеленеді.
Жақында МАИ бекеті маңында ашылған «Ырыс» сауда үйі тұтыну­шылардың назарын өзіне аударды. Бұл маңда іздеген затыңның барлығы табылатын қолжетімді дүкен жоқ-тын. Іші мұнтаздай таза, салқын, ең бастысы базар бағасымен бірдей. Алыстан арбаламай жақыннан қажеттінің бәрін алуға болады. Маркеттің үлкен жолдың бойында орналасқанын ескерсек, жұмысы жанданып, тірлігі бір ізге түсетіні айдан анық. Ол ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 53 миллион теңге қаржы алып, жылқы өсіруді қолға алды. Ол «Сұлтантөре» шаруа қожалығының шаруасын шалқытып, аясын кеңейтпекші.
– Әрбір бастамам мемлекеттен қолдау тауып отыр. Жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Кәсібімді бұдан әрі де кеңейтсем деймін. Қой шаруа­шылығымен де айналысу жоспарда бар. Әрбір істің қиыны мен қызығы бар, дегенмен қимылдаған қыр асады емес пе, әзірге тек еңбектену керек, – дейді жас кәсіпкер.
Кәсіпкердің «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жылқы шарауашылығына мән бергені қызықтырып, неге бұл саланы таңдағанын сұрадық.
– Жаңақорған ауданы мал шаруа­шылығын дамытуға қолайлы. Оның ішінде, жылқы өсіріп, көбейтудің мүмкіндігі мол. Жылқы қысы-жазы өз аяғымен жүріп, үйренген өрісінде жайылады. Тек ара-тұра көз салып, қарап тұру керек. Оның үстіне, жылқының өнімдері – саумал, қымызға жыл өткен сайын сұраныс артып келеді. Бордақыласаңыз еті өтімді. Сондықтан жылқы шаруашылығына мән бердім, – деді ол.
Табысты кәсіпкерден бизнестің көзі неде екенін сұрадық.
– Бизнестің көзі – білім мен еңбекте. Тәуекелшілдік те қажет, – деп қысқа жауап қатты Қайсар Абайұлы.

P.S.: «Ердің атын еңбек шы­ғарады», «Еңбегің қатты болса, тап­қаның тәтті болар» демей ме, ең бастысы бейнетке белсене кірісіп, таудай тірлік бітіріп жүрген Қайсардың қарекеті әрбір жасқа үлгі.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА

08 тамыз 2020 ж. 272 0