№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ»: ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ ҚОМАҚТЫ ҚОЛДАУ

«ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ»: ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ ҚОМАҚТЫ ҚОЛДАУ

 Елімізде «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту мақсатында 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлініп, басым жобаларға жеңілдетілген несие берудің бағдарламасы іске қосылды. «Қарапайым заттар экономикасы» деген ұғым азық-түлік, киім-кешек, құрылысқа қажетті құрал-жабдық сынды күнделікті тұрмыста аса қажет заттармен етене байланысты. Бір қарағанда экономикаға еселеп табыс әкелмейтіндей көрінгенімен, негізгі сұранысты осы «қарапайым заттар экономикасы» өтейді. Мемлекеттік қазынадан бөлінген 600 млрд теңгенің 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтерге бағытталмақ.

  Өткен аптада аймақ басшысының төра­ғалығымен облыс әкімдігінде алқалы бас­қосу өткен болатын. Онда «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданғаны белгілі болды. Аталмыш қаулы негізінде елімізде құрылыс индустриясы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол қартасы әзірленген.
– «Қарапайым заттар экономикасы» негі­зінен 2 бағыттан тұрады. Бірінші – кәсіпкерлік субьектілеріне жеңілдетілген несие бөлу, екіншісі – жоғарыда аталған өнер­кәсіп салаларын дамыту. Жеңілдетілген несие бойынша банктер кәсіпкерлерге 7 жылға 15 процентпен несие береді. Қайта өңдеу жобалары бойынша оның 7 проценті «Даму» қоры арқылы субсидияланады. Ал, агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 проценті ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 8 және 5 процентпен өтейді. Ендігі міндет – осы жеңілдіктерді кәсіпкерлерге жеткізу – деді облыс басшысы Қырымбек Көшербаев.
Ал, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» сала­ларын дамыту бағдарламасының іске асы­рылуына жәрдемдесу мақсатында Кәсіп­керлер палатасы жанында Жобалық кең­­се құрылған. Жобалық кеңсе құрамына Кәсіп­керлер палатасы, облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармалары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары енген.
– Бүгінгі күні жобалық кеңсе мүшелері кәсіпкерлер арасында кең көлемді ақпа­раттандыру жұмыстарын жүргізуде. «Даму» қорымен бірлесіп, Палатаның алаңында осы бағдарламаның іске асырылуына тікелей жауапты қалалық және аудандық кәсіпкерлік бөлімдері, Палатаның филиал басшылары, екінші деңгейлі банк өкілдеріне арнайы семинар ұйымдастырылды. Бағдарламада басымдық берілген жобалар азық-түлік, жиһаз, жеңіл өнеркәсіптері және құрылыс тауарларын шығаруды қамтығандықтан, осы салалардың 200-ге жуық кәсіпкерінің қатысуымен төрт кездесу өткізілді, – деді Ғалымбек Жақсылықов.
Палата директоры мәжілісте өңірлік Жо­ба­лық кеңсенің жұмысында жалпы құны 8,3 млрд. теңгені құрайтын 90 жоба бар екендігін, оның ішінде, қазірдің өзінде 2 жоба мақұлданғандығын жеткізді.
Мұнан өзге, бүгінде 5 жоба банктің қарауында, 21 жобаның құжаттары жинақ­талып, 58 жоба бойынша келісімдер жүргі­зілуде екен.
Ғалымбек Жақсылықов: «Бүгінгі күнге дейін қала кәсіпкерлері белсенділік танытып келген болса, енді аудан кәсіпкерлері қосылып жатыр. Жалпы, кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары. Мысалы, киім сатумен айналысатын кәсіпкер киім тігумен, мал сою пунктісі бар кәсіпкер мал бордақылаумен, мал асырайтын кәсіпкер етті қайта өндеумен айналысуға ынталы», – дейді.

НЕСИЕГЕ КІМДЕР ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛАДЫ?

Бізде өз кезегінде аталмыш бағдарлама аясында кімдер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алатындығын білмек мақсатта аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаевты сөзге тарттық.
Сала басшысының сөзінше, Бағдарламаға жеке кәсіпкерлік субъектілері, яғни, шағын, орта және ірі бизнес өкілдері қатыса алады.
– Негізі несиенің сыйақы мөлшерлемесі жылына – 15 процент. Оның 7 процентін мемлекет субсидиялайды. Ауыл шаруа­шылығы саласында кейбір жобаларға субсидия 10 процент. Кәсіпкерлерге ақырғы сыйақы мөлшерлемесі – 8 процент. Ал, кей­бір ауыл шаруашылығы өнімдеріне – 5 процент.
Кредит беру және субсидиялау мерзімі қоса алғанда 7 жылға дейін. Несиелер инвестициялық мақсатта (жаңа өндіріс немесе жұмыс жасап тұрған өндірісті кеңейту) 70 пайызға дейін және айналым қаражатын толықтыруға – 30 процентке дейін. Жалпы, бұлбағдарлама шеңберінде несиелер 365 тауар өндіруге, оның ішінде 118 азық-түлікке және халық тұтынатын 247 тауарға беріледі, – деді Қаржыбек Тәжібайұлы.
Сондай-ақ қаржыландырылатын негізгі басым жобаларды да атады. Оның ішінде; агроөнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және үй тауарлары өндірісі, құрылыс материалдары өндірісі саласына бағытталған.
Сала басшысы өз сөзінде «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын облыста іске асыруға 7 банктің филиалы қатысатынын тілге тиек етті. Олар: Халық банк, Сбербанк, АТФ Банк, ForteBank, ЦентрКредитБанкі, Цеснабанк, Еуразиялық Банк.
Оған қоса, Қаржыбек Бүркітбаев «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы жайлы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінен толығырақ ақпарат білуге болатынын жеткізді.
Қорыта айтқанда, қазіргі таңда Қазақстан өндірістік тауарлардың, яғни киім-кешектің, құрылысқа қажетті материалдардың, түрлі жиһаздардың 82 процентін, азық-түлік өнімдерінің 23 пайызын шет мемлекеттерден сатып алады. Сол себепті Үкімет «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға ден қойып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сол арқылы импорттың үлесін азайтуға маңыз беріп отыр.

Әбдісамат ӘБДІШ.

23 сәуір 2019 ж. 2 140 0