Құрбан айт – құлшылықтың ең абзалы
Бүкіл мұсылман қауымына уәжіп болған Құрбан айт мейрамы да келіп жетті. Алғаш Ибраһим әлейассаламға «перзентіңді құрбан етесің» деген аянмен келіп, пендесі оны құп алып, жалғыз ұлын өзінің разылығымен құрбандыққа шалмақ болып жатқанында Құдіреттің әмірімен көктен бір қошқар түсіп, сол заманнан бері адамдарға Алла жолына мал шалу парыз болғаны әмбемізге аян. Күні бүгінге дейін жағдайы келгендер мал шалып, оны ғаріп-қасерлерге таратып, Жаратушының разылығына қауышумен қатарқоғамда бірлік пен бауырмалдық қарым-қатынастың нығаюына шынайы жүрекпен атсалысып келеді.
Қасиеттімерекеқарсаңындаауданымыздыңбасимамы НематовӘбдіхалықМахмұтұлыменарнайысұхбаттасқанедік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Алдымен Жаңақорған халқын қасиетті Құрбан айт мерекесімен қүттықтаймын. Биыл мұсылман қауымы бұл қасиетті күнмен 31 шілде мен 2 тамыз аралығында қауышып отыр. Бұл күні ізгі ниетті барша қауым қайырлы, ізгі амалдары арқылы Жаратушысына жақындап, Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан соң Алланың разылығы үшін құрбандық шалады. Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес. Қасиетті Құранда «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да Аллаға жетпейді, оған жететін нәрсе - ниеттерің, жүректеріңізге ұялаған тақуалық Аллаға деген құрмет» делінген.
– Құрбандықтың маңызы туралы тереңірек тоқталып өтсеңіз?
– Бұл қасиетті күн әрбірімізді Жаратушыға жақындата түсуімен ұлық. Бұл күні отбасыларда мал шалынып, дастархан жаюдағы мақсат – қайырымдылық шаралары арқылы айналаңа, жақын – жуық туыстарыңа қуаныш сыйлау, қуат беру.
Бұл күні діні бір бауырлар бір – бірін зиярат етеді. «Кім өзінің бауырына қуаныш сыйласа ол пендемді қуантуды мойныма аламын» деген Алланың уәдесі бар.
Құрбандық шалу – зекет беру парыз болған адамға уәжіп. Жағдайы кем, қолы қысқаларға құрбандық шалу міндет саналмайды.
– Құрбандық шалу рәсімін қай мезгілде атқарған дұрыс?
– Жылдағы рәсім бойынша айт намазынан соң Құрбандық шалу басталатын. Биыл еліміз бойынша карантин жағдайына байланысты мешіттеріміз жұмысын атқара алмай отыр. Сондықтан мешітте айт намазы оқылмайды. Ал құрбандықты шалу мерзіміне нақты тоқталсам, 31 шілде күні 5-тен 10 минут өткенде күн шығады, күн арқан бойы көтерілгенде, яғни таңғы сағат алтыдан бастап үшінші айт күні ақшам намазына дейін жалғастыра беруге болады.
Биыл карантинге байланысты жұртшылық құрбандық шалуды өз үйінде атқарады. Көп кісілер құрбандықты арнайы орында шалуға тілек білдіріп отыр. Осыған орай аудан орталығындағы қасапхананы санитарлық нормаға келтіріп, дезинфекциялап, мал союға әзірлеп қойып отырмыз. Жылдағыдай құрбандықтың етін мешітке табыстағысы келген азаматтар осы жерде мешіт қызметкерлері өкілдерімен бірлесе арнайы жасалған тізім бойынша кембағалдарға тарту ете алады. Оны белгіленген үйлерге мешіт қызметкерлері өздері жеткізіп беруді мойнына алып отыр.
– Құрбандық еті қалай бөлінеді?
– Әрбір отбасы бір қой сояды. Жеті кісі болып бір ірі қара малды құрбандыққа шалуына болады. Бірақ ішінде біреуінің разылығы кем болса барлығының құрбандығы қабыл болмайды. Сондықтан жеті кісі де бірдей ниеттеніп разы болғаны жөн. Содан соң құрбандыққа шалатын малдың қоңы дұрыс, тұяғы бүтін, кемістігі болмағаны шарт.
Құрбандықтың еті киелі болғандықтан үшке бөліп, бір бөлігін бала-шағаға алып қалғанның артықтығы жоқ. Екінші бөлігін туған-туыспен бөлісіп жеу, бірақ ол міндетті түрде осы үш күннің ішінде орындалу шарт емес, шын ниеттеніп сақтап қойып, басқа күндері, қазіргідей жағдайда карантин біткеннен соң жақсы күндері жақыныңды, дос-жаранды шақырып қонақ етуге де болады. Ал үшінші бөлігін міндетті түрде жағдайы нашар, күнкөрісі төмен адамдарға таратқан жөн.
– Аудан дін саласына басшылық жасауға жаңадан келіп жатырсыз. Нендей жоспарыңыз бар?
– Ең алдымен маман-кадрларымыздың білімін тереңдетуді қолға алсақ дейміз. Көптеген елді мекендерде арнайы діни білімі бар мамандар тапшы. Бүгінде арнайы оқу орындарын бітіріп келіп жатқан дипломды жастарымызды осы жұмыстарға тартуды жоспарлап отырмыз.
Екінші бір айтпағым, мешіт – тек садақа тарататын орын емес, оның шынайы қызметінің мазмұны бұдан да тереңірек. Бұл ең алдымен құлшылық үйі. Осы орынға келіп, күнәсінен тазаруды, жақсы жолға түсуді мақсат ететін әркім қасиетті мекеннен жүрегіне бір тыныштық тауып, тазалыққа, имандылыққа бет бұрып жатса біздің еңбегіміздің ақталғаны. Бұл орынға әлеумет біілім алып, рухани жаңаруға ұмтылу үшін ынтық болып ықыласпен қадам басатынқайырлы күнде қауышайық.
– Жаңақорған халқына қандай тілектеріңіз бар?
– Айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Құрбан айт - бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі.
Мұндай адамдар арасында мейірім, қамқорлық, кешірім, қайыр-шапағат секілді көркем мінез бен жақсы қарым-қатынас қалыптастыратын мерекедеАлланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің иманы күшейіп, тақуалығы артады. Мүбәрак мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтта мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын.
Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қайырымен қабыл еткей!
Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке - Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. Еңселі елдің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әумин!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Баян Үсейінова