№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ауру асқынды, дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

Ауру асқынды, дәрі-дәрмек жеткілікті ме?


Соңғы екі апта аудан тұрғындары үшін ауыр болды. Алдымызда жүрген аяулы ағаларымыздың бірінен кейін бірін жүрегіміз ауыра-ауыра ақтық сапарға шығарып салдық. Амал не, Алланың ісі дегенмен тажалдың алдын алуда ұмтылыс аз емес.
Өкінішке қарай, үйде өз бетінше емделушілер қатары азаймай отыр. Осы ретте, аудан әкімі Call-орталықты іске қосып, үй жағдайында емделуге үлкен мүмкіндік туғызды. Дегенмен, дәріханадағы дәрі-дәрмек жеткіліксіз. Оның үстіне, бұл қажеттіліктің бағасы мың құбылып тұр. Біз орталықтағы дәріханаларды жағалап, жағдайды бағамдаған едік.


Қазір дәріханаларда ұзын-сонар кезектер тыйылды. Бірақ осыдан екі апта бұрын сапырылысқан кезекті көзбен көргенімізде «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегеннің кейпіне шын тәнті болғанбыз. Расында, ауру алқымнан алған шақта дертіне дауа іздеген науқас дәріханаларға сабылды. Осы сәтті пайдаланып қалуға тырысқан алыпсатарлар қарекетінен пайда табудың сан қырына кез болдық. Әлі күнге дейін дәріханаларда дәріні жеткілікті дей алмаймыз. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сынап, қажет болса “СК-Фармацияны” міндетінен босатып, ісін тексеруді ескертті. Бірнеше күн өтпей-ақ елге дәрі-дәрмекті үйлестіретін компания басшысы жаңадан тағайындалды. Бірақ мәселе мұнымен шешіледі ме? Оны уақыт көрсетеді. Бір анығы, дәл қазір дәрі-дәрмек жеткіліксіз, бағасы да тұрақсыз.
– «Ел аумағына дәрі-дәрмек заттарын әкелу үрдісін жеделдету жұмысын жоспарлаған едік. Қазір нормативтік құжаттарға қол қойыл­ды. Дәрі-дәрмек жеңілдетілген тәртіппен қоймалардан бөлшектік компанияларға түсе бастады. Алдағы уақытта дәріханаларға жеткізіледі. Яғни бұған дейінгі кедергіні еңсердік. Қысқа уақыттың ішінде керекті препараттар нарыққа түседі. Сонымен қатар Қазақстанның түкпір-түкпірінде дәрі-дәрмек бағасын бақылау жұмысы күшейтілді. Бүгінде барлық өңірде әкімдіктер жанынан мониторинг топтары құрылды. Қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдар да дәрі-дәрмек бағасын бақылау жұмысына белсене атсалысуда. Бағаны негізсіз көтеру фактілері кездесіп жатыр. Бұл ретте бізге құқық қорғау органдары көп көмек көрсетуде. ІІМ қазіргі таңда еліміз бойынша ауқымды тексерісті бастады. Бірнеше күнгі тексерістерде әлеуметтік желідегі дәрі-дәрмек пен маска саудасындағы алып-сатарлық көріністеріне баса мән берілді», – деді Республика денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Оның айтуынша, дәріхана қызмет­керлері медикаменттерді фискалды чексіз сатқан жағдайлар болған. Соның салдарынан азаматтарға қымбат бағаға дәрі сатып алуға тура келген. Тіпті дәрі-дәрмекті заңсыз сату фактілері көптеп тіркелуде. Бұл кемшіліктер Сыр өңіріне де тән болып отыр. Біресе дәрі жоқ, енді бірінде заңсыз сауда, одан қалса баға шарықтап тұр. Осының барлығы адамдардың психологиялық жай-күйіне де кері әсерін тигізетіні жасырын емес. Ал ем-домын уақ­тылы қабылдамағандардың дертінің асқынып, соңы ауыр жағдайға алып баратынын естен шығаруға болмайды.
Қазақстанда 7 шілде мен 12 шілде аралығында коронавирус инфекциясынан 111 адам көз жұмды, деп хабарлайды “Егемен Қазақстан” тілшілері. Бұл министрлік берген мәлімет. Коронавирусты жұқтырған науқастардың соңғы жағдайын зерттеу жөніндегі комиссия аталған өлім себептерін коронавирус инфекциясынан орын алды деп тіркеуге шешім қабылдаған екен. Мұның арасында Қызылорда облысынан тіркелгендер бар. Аудан­да 4 жағдай орын алды.
Байқасаңыз, індеттен қайтыс болғандардың басым көбі алпыстан асқан жандар. Денсаулық сақтау министрі А.Цой жалпы статистика коронавирус инфекциясы бойынша ПТР-тестілер арқылы расталған ресми мәліметтерге негізделгенін, әлбетте, індет жұқтырғандар бұдан да көп болуы мүмкін екенін атап өтті.
Жаңақорғандағы ахуал қалай?
Енді ауданға ойысайық, алдымен аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлының соңғы жазбасынан бастайық.
– Қазір ең маңыздысы науқастардың уақытылы емдеу орнымен қамтылып, үй жағдайында өз бетінше ем алмай, дәрігерлердің бақылауында болғаны дұрыс. Осы мақсатта, 100 орынды провизор стационарына қосымша 180 орын ашып, 280 төсекке жеткіздік. Ол жерде науқастарға 89 медицина мамандары күн-түн демей қызмет етуде. Соңғы аптада дәрі қоры толықты. Өкпені ауамен жасанды тыныстандыратын аппараттар (кислород) жеткілікті. Мұндай аппараттарды қосымша жеткізуге жергілікті кәсіпорындарға өтініш білдірген едім, қазір Әк зауыты, «СКЗ-U» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты жергілікті уран компаниялары көмектесуде. Одан бөлек, «Шалқия-Цинк ЛТД» АҚ 2 ИВЛ аппаратын жақын күндері аудандық ауруханаға алып беретінін жеткізді. Бұл бізге үлкен көмек. Кәсіпорын басшылыларына тұрғындар атынан алғысымызды білдіремін, – дейді аудан басшысы.
Қазір ең қиын мәселе дәріха­налар­дағы қажетті дәрілердің болмауы. Бұл аудан деңгейінде шешілетін мәселе емес. Яғни құзыреті жетпейді. Елдегі фармацевтикалық компанияның (СК-Фармация) монополиясынан туындаған мәселелер онсызда ушығып тұр. Дегенмен аудан әкімі қол-қуысырып отырмай, облыс басшысымен аудандағы жағдайды шешуге бағытталған жұмыстарды жүргізіп жатқанын айтты. Біздің түсінгеніміз жақын күндері үй жағдайындағы ОРВИ, пневмония науқастарын емдеу протоколы алынады, соған сәйкес, үйдегі науқастарға тегін емханалық қордан дәрімен қамтылады екен.
Сондай-ақ Call-орталықты жұмысы, стацинарда емделудің маңызына тоқ­талды. Ауруханадағы жағдай осындай, талайлардың тағдыры үшін күресіп жатқан ақ халаттыларды сауалмен мазалағымыз келмеді. Десе де елге керек мәлімет болған соң байланысып көрген едік. Әзірге құнды ақпар ала алған жоқпыз. Келесіде тереңірек зерделейтін боламыз.
Кезек дәріханаларға келді. Шыны керек, дәл қазіргі сәтте көпшілік дәрілердің қымбаттағанына емес, дәрілердің жетіспеушілігіне алаңдап отыр. Бір күндік рейд барысында кенттегі дәріханалардан пікір алуға тырыстық. Бірақ есімдерін атамауға өтінішін білдірді. Кентте жұмыс жасап тұрған оннан аса дәріхана болса, олардың егелері бүй дейді.
– Дәрінің қымбаттауы доллардың көтерілуіне байланысты. Өйткені, дәрі­лер шет елдерден келеді. Ал кешеуілдеуі, дәрі-дәрмек өндіретін «Медсервис Плюс» Қазақстан фарма­цевтикалық компаниясы» ЖШС-нен келетін дәрі-дәрмек кешеуілдеуде. Әрі қызметкерлері індетке шалдығу дерегі тіркелген. Бұдан бөлек қазір дәріхана қызметкерлеріне де жұмыс жасау ауыр тиюде. Өйткені күнделікті келетін тұрғындарда науқас белгісі болады. Соның салдарынан дәріхана қызметкерлері де вирус жұқтыруда, – деп дәріхана иелері дабыл қағуда.
Осы ретте, бір-екі дәрінің бағасын мысалға келтіре кетейік. Бірақ бұл баға да тұрақсыз, яғни құбылмалы. Біз бүгін жазған баға ертең өзгеруі мүмкін, яки көтеріледі немесе төмендейді. Осыған дейінгі бағасы дәріханаларда төмендегідей болған дәрілерге тоқталайық. Мәселен, пневманияға қарсы делінген зитмак деген дәрінің нарықтағы бағасы – 3500-ден жоғары, ал парацетамол – 120 теңгеден жоғары, цифролеттің уколы – 800 теңгеден, таблеткасы – 1150, цефтриаксон – 180 теңгеден 230 теңгеге саудалануда.
Ал тұрғындар не дейді? Оларға да құлақ асып көрейік.
– Азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қымбаттауы қалың бұқара үшін өте ауыр тиюде. Оның үстіне көпшілік жұмыссыз, үй карантинінде. Осыған бақылау күшейтілсе, бірақ кінә өзімізден де бар. Алдын ала азық-түлікті қаптап аламыз, ауырмасақ та дәрі-дәрмекке жүгіре береміз. Сұранысы артқан сайын, бағаның құны шарықтайтыны түсінікті. Сондықтан дәрігердің нұсқауынсыз біреудің сөзіне еріп, керек емес дәрілерді пайдалана беру өзімізге зиян екенін ұмытпайық, – деді Аманкүл апай.
Иә, тұрғынның жауабы өте орынды. Мұны аудан әкімі де қоштаған еді. Яғни дәрігердің рұқсатынсыз дәрі-дәрмекті ала беруге болмайды. Бір жағынан алып сатарлардың аранын ашып жібереміз. Екінші жағынан мұқтаж жандардың қажетті дәріге қолжетімсіз жағдайын тудырамыз.
Сөз соңында айтарымыз, біздің мақсат – дәріханалар жұмысын сынау емес. Халықтың өтініш, мұң-мұқтажын бүкпесіз жеткізу. Дәрханалардың көптігі тұрығындарға да жақсы, бірінен таппаған дәріні екіншісінен табуға болады. Енді карантин қалай күшейтілсе, бақылау да солай күшейгені дұрыс. Бәрінен бұрын үйде болған дұрыс, ағайын. Өз денсаулығыңыз өзіңізге ғана керек дәл қазіргі сәтте. Сондықтан мүмкіндігінше аурудың алдын алудың жолын ертерек ойланайық...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
15 шілде 2020 ж. 473 0