» » «Кәусар» сусыны – Кейден бренді

«Кәусар» сусыны – Кейден бренді


Жаңақорғандағы әрбір ауылдың өзіндік бренді қалыптасқан. Бесарықтың тұмса табиғаты, Жайылманың қарбызы секілді Кейдендегі жүгері сусыны да брендке айналды. Ауданнан шыққан әрбір өнім аймақ көлемінде ғана емес, республика аумағына тарайды. Бүгінде Кейденнен шығатын «Кәусар» сусыны Түркістан облысы, Шымкент, Қызылорда қаласының нарығын жаулады. Әсіресе қазіргідей ахуалда бұл сусынға да сұраныс артып тұр.


Соңғы күндері ел арасында табиғи өнім, оның ішінде ұлттық сусындарға деген сұраныс екі еселенді. Ірі мегаполистер былай тұрсын, біздің ауданның өзінде саумал, қымыз, шұбат іздегендер көп. Әрине мұның барлығы денсаулыққа өте пайдалы, әсіресе мынандай аптапта жүгері сусынын ішсең шөліңді қандырады емес пе. Сөзбен сипаттау бір басқа, зауыттың тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайттық.
– Жалпы жұмыс жүйелі, әзірге 8 қызметкеріміз бар. Күніне 800-ге жуық құтыда сусын шығарамыз. Биыл өзге де қалаларға шығып, келісімшартқа отырамыз деп ойлаған едік. Алайда карантинге байланысты әзірге жоспар тоқтап тұр. Мүмкіндік болса, сұраныс артып жатса цех жұмысын кеңейтіп, қосымша қызметкерлер алатын боламыз. Егер тапсырыс берушілер болса байланысып, өнімін алып кетуге болады,– деп бастады әңгімесін кәсіп иесі Қасым Әбжаппаров.
Оның айтуынша, бойына А, В, С, Е дәрумені, калий, магний, қант, түрлі пайдалы заттарды жинаған жүгерінің жүз пайдасы бар. Оған қоса, мұндай жүгері өнімінен шығатын сусынға Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановтың өзі жоғары бағасын берген. Академияның сараптау зертханасынан өткізіп, сапалы, құнарлы сусын шығаруға мол мүмкіндігі бар екенін жеткізген. Экологиялық тұрғыдан таза жүгері өнімінен шығарылатын сусын әзірге Қазақстанда жоқ жоба екен. Осындай жауапкершілік жүгін сезінген кәсіпкер мемлекет үдесінен шығатын, халыққа қолжетімді бағадағы отандық өнімді жасау жолында аянбай еңбектенуде.
– Шыны керек, соңғы кездері бізге ауыр тиіп жатқаны жүгері бағасының көтерілуі. Бұрындары келісін 100 теңгеден алатын шикізатты қазір 300 теңгеден саудалаудамыз. Өзіміз де егіс егіп, әрі одан отандық табиғи сусынды шығаруға бел байлаған едік. Бірақ күн сайын қажеттілігі туындайтын жүгерінің бағасы қабырғамызға батып тұр. Сосын сүттен де шамалы тапшылық көретініміз рас. Бізге майы аздау сүт керек, қалғанында мәселе жоқ, – деді сусын қожайыны.
Біз жұмысымен танысқан Қасым Әбжаппаровтың кәсбінің жүйеленіп, сауда айналымына шығуына өзінің бауыры Сейтмұқан да қолжәрдем береді. Бұған дейін «Попкорн» шығару өндірісін жолға қойып, Жаңақорған, Шиелі, Түркістан нарқын бағындырған кәсіпкердің келешегі кемел. Ісінде береке бар, ал өнімге халық жоғары бағасын бергелі қашан.
– Жалпы жігіттердің еңбегі ерен. «Кәусар» сусынына да сұраныс жоғары.Бұл әсіресе ауыл экономикасының өсіп-өркендеуіне үлкен септігін тигізуде. Әрі біраз ауыл тұрғынын жұмыспен қамтиды. Әсіресе егін науқанында да маусымдық жұмыспен қамтылады. Ауылдағы тіршілік көзі мал және егін шаруашылығы. Оның үстіне «СКЗ-U» күкірт-қышқыл зауыты бар. Бір сөзбен айтқанда, ауыл тынысы тұрақты, – деді ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбаев.
Иә, ауылда еңбек етемін дегенге тіршілік бар, бірақ ауылда мәселе де жоқ емес. Әсіресе төрт түлігі бар тұрғындар мұны жақсы түсінеді. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.
Қазір бизнес деген осылай, талпынасың, ерінбесең, еңбегің еселі. Айтқандай, кәсіпкердің тағы бір үлгі аларлық тұсы бар. Ол жүгері сусынын құятын пластикалық құты мұқабасындағы «Кәусар» сөзін латын қарпінде жазуды ұйғарыпты. Бұл мемлекет саясатын қолдап қана қоймай, жүзеге асыра білген кәсіпкердің ұтымды бастамасы. Алдағы уақытта елге танымал өнімге айналса, кім біледі шет елге экспортталуы да ғажап емес. Біз соған тілекшіміз.

Әлібек ТЕМІРБЕК
14 шілде 2020 ж. 1 018 0