» » СЫР ӨҢІРІНІҢ ҮЗДІК ТАБИҒИ СУСЫНЫ

СЫР ӨҢІРІНІҢ ҮЗДІК ТАБИҒИ СУСЫНЫ


Жаңақорғанда өндірілетін «Кәусар» жүгері сусыны «Қазақстанның үздік тауары – 2018» облыстық көрме-байқауының «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Қызылорда облысы әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйытқы болған өңірлік байқауда жергілікті кәсіпкерлер «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша бақ сынады.


Аудан абыройын асқақтатып, үздіктер қатарынан табылған «Әбділлә» дара кәсіпкерлігі 2018 жылдан бері жүгері сусынын сауда нарығына шығарып келеді. Кейдендік ағайынды Қасым мен Сайдмұхаммед Әбжаппаров жетекшілік ететін шағын кәсіпорынның келешегі кемел. Болашағы баянды. Шаруасы да ширақ.
Өңірлік шараға облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің, «Атамекен» ҰҚП Іскер әйелдер кеңесінің басшылары көрме жұмысын аралап, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен жеке-жеке танысты.
Өз кезегінде сұранысқа сай табиғи сусын өндіруді кәсіп еткен Қасым Әбузайырұлы көрме қонақтарына өңірде баламасы жоқ кәсіпті қалай бастағандарын таныстырды.
– Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деген ынталы азаматтарға көптеген қолдау көрсетілуде. Негізі бұл бизнес-жобаны аудандық кәсіпкерлер палатасына ұсынғанымда қуана құптады. Шынында, мұндай республика бойынша баламасы жоқ. Сондықтанда болар, қаржыландыру тетігі де табыла кетті. Аудан әкімі Ғалым Әміреев пен аудандық кәсіпкерлік палатасының қолдауы көп болды. 2017 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарлама аясында 3 млн. теңге демеу қаржыға ие болдық. Ал өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыс әкімінің 1 млн. теңге қаржылай көмегін алдық. Қазір 12 адам тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, – деді кейдендік кәсіпкер.
Одан әрі көрме қатысушыларына Қасым Әбжаппаров «Кәусар» жүгері сусынының жасалу технологиясын түсіндірді. Кәсіпкердің айтуынша, бойына А, В, С, Е дәрумені, калий, магний, қант, түрлі пайдалы заттарды жинаған жүгерінің жүз пайдасы бар. Оған қоса, мұндай жүгері өнімінен шығатын сусынға Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановтың өзі жоғары бағасын берген. Академияның сараптау зертханасынан өткізіп, сапалы, құнарлы сусын шығаруға мол мүмкіндігі бар екенін жеткізген. Осындай, ғылыми тұрғыдағы сараптаудан қанаттанған Қасым Әбжаппаров өзі жетекшілік ететін «Әбділла» шаруа қожалығына тиесілі 15 гектар аумақтың 10 гектарына жыл сайын жүгері дақылын себеді. Биылда 10 гектар аумақтан мол өнім алу жоспарында екен.
– Негізі жүгері сусынын түйілген ақ жүгеріден жасаймыз. Бүгінгі таңда күннің аптап ыстығында құрамын сақтап қалу мақсатында жаңа технологияны ендірдік. Жалпы бұған дейін +16 градуста дәмі қышқылданатын болса, енді құрамындағы қоспалар еш өзгеріссіз қалады. Яғни, шағын зауыттан қалай шықса, дәмі мен құрамы бұзылмаған күйі тұтынушы қолына тиетін болады. Десе де, қазіргідей ыстық ауа райында мүмкіндігінше салқындатып ішкен абзал, – дейді Қасым Әбузайырұлы.
Қала тұрғындарының жүгері сусынының ағзаға қандай пайдасы бар деген сауалына Сайдмұхаммед Әбжаппаров жауап берді. Оның айтуынша, «Кәусар» табиғи сусыны онкологиялық аурулардың алдын алуға, артық салмақтан арылуға, бауыр мен өт жолдарын тазартуға таптырмас шипалы сусын. Тек кісінің шөлін қандырып қана қоймай, емдік мақсатта да пайдасы зор екенін тілге тиек етті.
Кәсіпорынның сату бөліміне жауапты Сайдмұхаммед сөз арасында жаңақорғандық тұрғындарға алғысын жеткізді. Өйткені алғашқыдай емес, қазір жүгері сусынына сұраныс артқан. Бұл да болса, отандық өнімге деген жергілікті тұрғындардың қолдауы деп білеміз.

МАРАПАТ мінберінде
Кәсіпкерлер арасында өткен байқау нәтижесінде 3 номинация бойынша 9 жеңімпаз анықталды. Осылайша, үш аталым бойынша өткен өңірлік көрме-байқауда жеңімпаз атанған кәсіпкерлерді облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов марапаттады. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша жеңімпаз атанған жаңақорғандық «Әбділлә» дара кәсіпкерлігінің жетекшісі Қасым Әбжаппаров «Дипломға» ие болды. Әрі қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2019» республикалық көрме-байқауына жолдама алды.
Түйіндей айтқанда, кәсіпорындар мен ұйымдар қызметінің белсенділігін арттыруда, отандық тауарлар сапасын көтеруде бұл үздіктерді анықтайтын көрме-байқаудың орны айрықша. Әрі Қазақстан нарқында бәсекеге қабілетті өнім шығаруға серпін береді. Ендігісі тек, өңірдегі «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында жергілікті жерде өндірілетін «Кәусар» жүгері сусыны секілді отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне дұрыс көзқарас қалыптасса игі.

Әбдісамат ӘБДІШ
16 шілде 2019 ж. 1 425 0