№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қуаныш сыйлаған күн

Қуаныш сыйлаған күн


Рамазан – құлшылық пен сабыр, мейірім мен қайырымдылық айы. Ал үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне мейірім төгіп, қуаныш сыйлайтын ұлық мереке. Осындай қуанышты сәтке жаңақорғандық ағайын куә болды. «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры игі істі жалғастырып, қасиетті мерекеде бір шаңыраққа шаттық сыйлады. Аудан азаматтары сыйлаған жаңа баспананың кілті табысталған Біжікеевтер отбасының қуанышын көріп қайттық
.

Кенттегі МАИ бекеті аумағында дүбірлі той. Ерікті жастардың баста­масымен Рауан Біжікеев пен жары Әйгерім Тұрсынова күтпеген тосын сыйға кенелді. Тек қана әлеуметтік жағдайы төмен ғана емес, отағасы мен қызы мүмкіндігі шектеулі екен. Жалдамалы пәтерде тұрып, күнелтіп келген ынтымағы отбасының шаттығына ортақтаса келген аудан әкімі Сұлтан Мақашов жылы лебізін білдірді.
– Жыл ауыр басталды. Жаһан жұртымен бірге жұқпалы індет­тің салдарынан оқшауланып, корона­вирустан сақтанудың жолын іздедік. Шүкір, ауданда эпидемио­логиялық ахуал жақсарып келеді. Бірақ босансуға болмайды. Орайлы сәтте «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының белсенді жас­тарына аудан халқының атынан алғыс білдіремін. Карантиндік режим кезінде қиналған отбасыларға көмек қолын созуға асықты. Бұған біз де мән беріп, азаматтарды қолдадық. Осы уақытқа дейін аудандағы 1700-ден аса отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Бүгін Біжікеевтер әулетіне жылылық сыйлап тұр. Осындай сауапты істер адам бойына күш-жігер береді, – деген аудан басшысы жаңа үй құрылысының басы-қасында жүрген жастарға «Алғыс хатын» табыстады.
«Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясы» Ұлттық компания» АҚ директорлар Кеңесінің төрағасы Ғалым Әміреев өзі әкім болып тұрғанда жастардың қолға алған бастамасы кеңейіп, көпшілік риза болатын бастамалар атқарып жатқанына риза­шылығын білдірді. «Рухани жаң­ғыру» облыстық орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас ізгілікті іске ұйытқы болған жаңақорғандық жомарт азаматтарға алғысын жеткізді және қоғамдық қорды үйлестіруші Еркінбек Айнақожаевқа орталық атынан ризашылық хатын табыстады. Ауданның бас имамы Сайдулла Омаров әрбір берекетті істің сауабын Алланың өзі беретінін айтты.
– Екі жыл ішінде үш тұрғын үй салып, баспанасыз жандарға бердік. Мұны жалғастыра береміз. Аудандағы қалталы азаматтар мен сыртта жүрген жерлестерді де сауапты іске дем беруге шақырамыз. 20 күнде жастар бір отбасыны бақытқа кенелтті. Биыл тағы бір тұрғын үй құрылысын бастауға ниеттіміз, – деді «ЖЖЖ» қоғамдық қорының аға буын өкілі Қоғамбек Бейсенбиев.
Көптен күткен қуанышты сәт те келіп жетті. Аудан әкімі бастаған топ жаңа үйдің лентасын қиып, шаңырақ иесіне кілтін табыстады. Жаңа теледидар сыйға берді. Қуаныштан көз жасына ерік берген үй иесінің мұндай тосын сыйды күтпегені көрініп тұрды. Олар көздеріне жас алып, көпшіліктің көңілін елжіретті.
– Шыны керек, біз мұндай сыйды күткен жоқпыз. Күнделікті күйбең тіршілікпен үйде жүрген едік. Аяқ асты жігіттер келіп, «көшіреміз» деп, барлық заттарымызды жинай бастады. Мен не айтарымды білмей абдырап қалдым. «Бізді осындай қошеметпен күтіп алатындай қандай қызметіміз өтті» деп іштей ұялдым. Үйдің кілтін табыстағанда ғана есімді жидым. келіншегім де қатты қобалжып, не болғанын түсінбей қалды. Барша қайырымды жандарға алғыс айтамын. Аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлына, ерікті жастарға, аға буынға жарым мен ұл-қыздарымның атынан айтар алғысым шексіз. Сіздерге Алла разы болсын! – деді Рауан.
Мыңжылдықтар сүрлеуінен аман-есен өтуімізде ұлтымыздың ерекше қасиеттері шешуші рөл атқарды. Соның бірі – қиналған жанға демеу болып, аяғынан тұруына жағдай жасау. Сондай сауапты іске куә болып, біз ерекше шабытпен қайттық.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
27 мамыр 2020 ж. 634 0