» » ӘМСҚ: ПТР әдісімен COVID-19 тестілеу кім тегін өтеді?

ӘМСҚ: ПТР әдісімен COVID-19 тестілеу кім тегін өтеді?


Егер сіз емханаға, ауруханаға ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекция), пневмония, тұмау белгілерімен жүгінсеңіз, онда ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде ИФТ (иммуноферменттік талдау) жедел тестілеу, ПТР (полимеразды тізбекті реакция) әдісімен COVID-19 тестілеу тегін жүргізіледі. Мұндай шарттар тыныс белгілері бар медицина қызметкерлері үшін де қарастырылған, - деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
Халықтың келесі санаттары тегін тестіленеді:
•COVID-19-ға күдікті провизорлық стационарға жатқызылғандар;
•ЖРВИ және пневмония белгілері бар азаматтар;
•COVID-19 науқастарымен тығыз байланыста болған адамдар;
•стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу кезіндегі науқастар;
•тыныс алу органдарының, эндокриндік және жүрек-қантамыр жүйелерінің ауруларымен динамикалық бақылаудағы 50 жастан асқан пациенттер;
•шетелден келген адамдар;
•коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі іс-шараларға тартылған ІІМ қызметкерлері;
•жүкті әйелдер т. б.

Сонымен қатар, Қорда ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» эпидемияға қарсы іс-шаралар шеңберінде келесі санаттағы азаматтар үшін ПТР-зерттеулер жүргізетінін хабарлады:
•үй карантиніндегі байланыста болған тұлғалар;
•арнайы контингент (тыныс белгілері бар және жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлері; эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын мемлекеттік органдардың қызметкерлері; қарттар үйлеріндегі, интернаттық және өзге де мамандандырылған ұйымдардағы адамдар);
•әскерге шақырылушылар және т.б.

Бір тесттің бағасы шамамен 11,5 мың теңгені құрайды. Жалпы, қызылордалықтарды ПТР арқылы коронавирусқа жаппай тексеру үшін республикалық бюджеттен 213,2 млн. теңге бөлінді. Оның 60,2 млн. теңгесі ауруханаларға жіберілген, 153 млн. теңгесі емханаларға қарастырылған. Бүгінгі таңда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы 22 медициналық ұйыммен тест өткізу туралы келісімге қол жеткізді.
Жалпы, аймаққа қатерлі індетпен күреске шамамен 2 млрд. теңге бөлінді, - деп қорытындылады Бақыт Исмаханбетов.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлімі
19 мамыр 2020 ж. 800 0