№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МӘМС ЖҮЙЕСІ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КЕПІЛІ

МӘМС ЖҮЙЕСІ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КЕПІЛІ

Жақында ел Үкіметі 2020 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесін бекітті.

Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдан бастап МСҚ ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.
Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 74 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 44 жеке меншік клиника бар. Мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық көмек көрсетуге дайын жеке медициналық ұйымдардың саны бойынша Қызылорда облысы көшбасшылар қатарында. 2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн 620 млрд. теңге деп белгіленген. Бұл биылғы шығындардан 67 процентке артық. Аталған қаржының 967,7 млрд. теңгесі тегін медициналық көмекке, 652,8 млрд теңгесі – сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады.
Ендігі кезекте, бұл қаражат ең алдымен қандай салаларға жұмсалады және неліктен? Осы сауалға жауап берсек. Негізі қосымша қаражат мынадай салаларға жұмсалады:
Бірінші, профилактикалық шараларды күшейтуге:
- бастапқы медициналық-санитарлық көмекке (қаржыландыру көлемі 40 пайыздан 50% дейін артады):
- емханалық-амбулаторлық көмек саласындағы жан басына шаққандағы норматив пен жедел жәрдемге. Жан басына шаққандағы норматив дегеніміз емханаға тіркелген әр адамға бөлінетін қаржы. Қаражат ол азамат емханаға қаралса да, қаралмаса да, оның ем-домына жұмсалған шығын мөлшеріне қарамастан бөлінеді. Емханада қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындар шамамен 30%, жедел жәрдем шақыруға кететін шығын – 24% артады.
- консультативтік-диагностикалық қызмет­тер­ге бөлінетін қаржы 5 есе артады;
Екінші, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын күшейтуге:
- стационарлық және стационарды алмас­тыратын көмекті, соның ішінде жоғары технологиялы қызметтерді қаржыландыру деңгейі 25% өседі;
- сақтандырылған азаматтарды оңалту мен қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шараларына бөлінетін қаражат 2,5 артады;
- медицина қызметкерлерінің жалақысын өсіру мақсатында тарифтерді көтеру жоспарланып отыр.
ТАРИФ ҚАЛАЙ ЖӘНЕ НЕНІҢ ЕСЕБІНЕН ӨЗГЕРЕДІ?
Медициналық сақтандыру қоры былтырдан бері тарифтерді жетілдіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, Қор тарифтерді көтеріп, аймақтар арасындағы тариф алшақтығын жоюды ұсынған болатын. Жалпы алғанда, тарифтерді есептеу әдістемесі де түбегейлі өзгермек. 2021 жылдан бастап тариф қалыптастыру барысында амортизациялық шығындар ескерілетін болады. Тариф мәселесіндегі негізгі өзгерістің бірі осы. Шешуді қажет ететін мәселенің бірі – профилактикалық қызметтерді дамыту саласы. Бұл қызметтер емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда көрсетіледі. Ең алдымен осы блоктағы тарифтерді көтереміз. Оған қоса, Қор еліміздің барлық аймақтарында қызметтің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында тарифтерді теңестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұрын мамандандырылған көмек жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын. Соның салдарынан, 2018 жылы аймақтар бойынша онкология саласындағы айырма 3,1 есеге жеткен. Мысалы, Ақтөбе облысында қатерлі ісікке шалдыққан 1 сырқатты емдеу құны айына 4,1 мың теңге болса, елордада 12,5 мың теңгені құрады. 2019 жылы осы айырма 2,6 есеге қысқартылды. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.
ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ЖӘНЕ МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ПАКЕТІ
Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастамақ. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) пакеті ең минималды стандарттардан тұрады. Оған қандай қызметтер кіреді? Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай пайдалана алады.
Мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша барлық азаматтар: емханаға қаралып, стационарда жатып емделе алады; әлеуметтік маңызы бар аурулар осы пакет негізінде тегін емделеді. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандарға ғана пайдалана алады.
Зәру азаматтарға тегістей паллиативтік көмек көрсетіледі.Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді. ТМККК пакеті азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі. Сондықтан да бұл кепілдендірілген стандарт болып саналады.
Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады. МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігі қандай? Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның бәрі отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Жасалынып жатқан реформаның маңызы да осында.
Жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін болып қала береді. Бір қызмет тегін пакет шеңберінде де, МӘМС пакеті шеңберінде де көрсетіле беруі мүмкін. Ол пациенттің жағдайына байланысты реттеледі.
Тегін медициналық көмек ең алдымен, Қазақстан азаматтарына, оралмандар мен елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтарына көрсетіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен динамикалық бақылауға жататын сырқаттар да тегін емделеді. Ал, Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер кепілдендірілген тегін медициналық көмекті пайдалана алмайды.

Руслан БЕКТІБАЕВ,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры
13 шілде 2019 ж. 1 128 0