» » Қазақстандық ғалымдар коронавирусты анықтайтын екі тест жасап шығарды

Қазақстандық ғалымдар коронавирусты анықтайтын екі тест жасап шығарды

zhanaqorgan-tynysy.kz. ғалымдар COVID-19 коронавирус инфекциясын анықтайтын екі тест жасап шығарды, деп хабарлайды Хабар 24.

Отандық өнім шетелдік тестпен салыстырғанда дәлдігі жағынан жоғары және адам ағзасындағы қауіпті инфекция туралы мәліметті небәрі 5 сағатта анықтап береді. Қазіргі кезде адамзат үшін өте маңызды тест аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының Орталық референц-зертханасында жасалған.
Мына пакеттердің ішінде реагенті бар кішкентай құтылар жатыр. Ғылыми аты қарапайым көрерменге аса таныс болмағанымен, пайдасы мол. Бұл тест дәріханаларда сатылатын өзге тестерге де ұқсамайды. Тынымсыз еңбектің арқасында отандық биотехнологтар үлкен табысқа қол жеткізіп отыр.
«Бұл тест бүгінде регистрацияға берілді. Оны да болашақта қолданысқа береміз деп отырмыз. Бізде ресейлік бар, европалық тест бар, Қытай Республикасынан келген тестер бар. Біздің тест олардан, өзінің сезімталдылығы жағынан бірдей. Бізге жаңағы материал түскен кезде біз осыны 5-6 сағаттың ішінде дәлелдеп оның жаңағы оң нәтиже, теріс нәтиже екені туралы қорытындымызды бере аламыз», – дейді М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ҰҒО бас директоры Тоқтасын Ерубаев.
Шын мәнінде елімізде қазір екі тест жүйесі бар. Қазақстандық ғалымдардың екі тобы бір мезгілде тест жасауды қолға алған болатын. Олар зерттеу жұмыстарына қаңтар айында, елімізде коронавирус инфекциясы тіркелмей тұрып-ақ кіріскен. Денсаулық сақтау, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің биотехнологтары екі зертханада, бірақ бір ғимараттың ішінде жұмыс істейді.
Айта кетерлігі, Орталық референц-зертхананы американың құпия зертханасы деп шатасып жүргендер бар екен.
«Ол сөздер еш жерде дәлелденбеген. Бұл Орталық референттік лаборатория. Тек қана Қазақстанның мамандары жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін 20 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мынау финанстың барлығы Қазақстан үкіметі толық бөлген. Басында америкалық мамандар инженер дайындауға, маман дайындауға өздерінің көмегінің көрсетті. Бүгінде біздің өзіміздің инженер мамандарымыз жаңағы ғалымдарымыз, вирусолог мамандарымыз, бактериолог мамандарымыздың бәрі дайын», дейді Тоқтасын Ерубаев.
Орталықтың негізгі міндеті Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Ұлттық ғылыми орталық обаға қарсы вакцина шығарады. Бұдан өзге 41 диаогностикалық препарат жасайды. Олардың көмегімен адамзат үшін өте қаупті түйнеме, тырысқақ секілді ауруларды анықтауға болады.
«Қазақстандағы аса қауіпті аурулардың зеттеулері осында жүргізіледі. Бұл – үлкен ғылыми орталық. Мұндай лаборатория Орталық Азияда жоқ. Бұның өзінің үшінші реттіктегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Бұл лабораторияның Қазақстан үшін үлесі үлкен. Себебі біз негізінен ҚР территориясының 40 пайызы мына аса қауіпті аурулардың таралуы табиғатта бар. Сондықтан оның бәрін зерттеуді осы жерде жүргіземіз», – деп атап өтті аса қауіпті инфекциялар ҰҒО бас директоры.
Коронавирус инфекциясы тараған сәттен бастап әлемдік ғалымдар вакцина жасаудың жолын іздестіруде. Вакцина мәселесі қазақстандық ғалымдарды да алаңдатып отыр.
«COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина жасауға тек қана бір мемлекет емес, әлемдік қауымдастық көңіл бөліп отыр. Сол себепті тұтас консорциумдар құрылып, әр сала бойынша зерттеу жүргізіп жатыр. Біраз уақыт бұрын Ұлттық биотехнологиялар және аса қауіпті инфекциялардың Ұлттық ғылыми орталығы үкіметке отандық вакцинаны жасап, өндіріске беру туралы ұсыныс жасадық», – дейді «Ұлттық биотехнологиялар орталығы» АФ директорының орынбасары Юрий Скиба.
Әрине, коронавирусқа қарсы дәрі немесе вакцина шығару тест жасаумен салыстырғанда қиын. Оған бірнеше жыл кетуі мүмкін. Кісідегінің кілті аспанда дейді. Эпидемия қайталанатын болса, вакцинаны елге жеткізгенше де біраз уақыт кетеді. Сондықтан отандық вакцинаның болуы өте маңызды. Ал біздің ғалымдар жасаған тест екі айдан кейін диагностикалық зертханаларға жеткізіледі деген болжам бар.
Мінеки, Орталық референц-зертхана қазақстандықтардың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды зерттеулермен айналысуда. Әрине стратегиялық нысан болғандықтан екінің бірі кіре алмайды. Биік қоршаумен қоршалған.
Бірақ америкалық сарбаздар мен шетелдік биотехнологтарды көргеніміз жоқ. АҚШ-тың құпия зертханасы бар екен деген қауесет қана. Жабық нысандардың төңірегінде түрлі әңгімелер болатыны бұрыннан белгілі жайт.
05 сәуір 2020 ж. 455 0