№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ағылшындар коронавируспен қалай алысып жатыр?

Ағылшындар коронавируспен қалай алысып жатыр?


Ұлыбританияда коронавирусты мыңдаған адам жұқтырғанына қарамастан, үкімет елде карантин жариялап, мектептер мен университеттерді жабуға асықпады. Сөйтіп, көптеген мектептер мен жоғары оқу орындары үкімет шешімін күтпей-ақ, өз беттерінше карантинге жабылды. Үкімет тек 24 наурыз күні, коронавирус жұқтырғандар саны 5,5 мың адамнан асып, 281 адам қайтыс болғанда сақтық шараларын күшейтіп, карантин жариялады. Ұлыбританияда 27 наурыз күнгі дерек бойынша, коронавирусқа 11 мыңнан астам адам шалдығып, 578 адам көз жұмған.
Айтпақшы, осы күнге дейін не маска тақпай, не елді карантинге жаппай бейқам жүрген премьер-министр Борис Джонсонның өзі коронавирус жұқтырып алыпты. Бірақ ол елде коронавирус жұқтырғандардың бәрін ауруханаға жатқызып жатқан жоқ. Енді премьер-министр елді үйінде отырып басқармақ.
Ұлыбританияның оңтүстік шығысындағы Уокинг қаласында тұрып жатқан Дарем университетінің PhD студенті Гүлжан КӘРІБАЙ бізге сол елдегі карантин тәртібі, сақтық шаралары мен халықтың көңіл күйі жайлы баяндап берді.
– Қытайда қаңтар айында коронавирус өршіген тұста Ұлыбританияда бәрі тыныш еді. Мектеп оқушылар ақпан айында әдеттегідей каникулға шықты. Ата-аналар балаларын ертіп шетелге саяхаттады. Ұлыбританияда жұмыс істейтін еуропалықтар да жан-жаққа демалысқа кетті. Сөйтіп, каникул біткен соң вирус көз ілеспес жылдамдықпен тарады. Бастапқыда халық оған жете көңіл бөлмей, бейқам жүре берді. Осылайша бар болғаны екі аптаның ішінде коронавирус 2 мың британдықтан анықталды. Мемлекет коронавирус таралуын бақылай алмай, жағдайды уысынан шығарып алды. Дегенмен соның өзінде мектептер жұмыс істей берді. «Мектептерді жапаймыз, бұл дұрыс емес, білім беру жүйесіне әсер етпеуі керек» делінді. Бірақ коронавирус жұқтырғандар 2 мың адамнан асқан соң, мектептер ойлана бастады. Ұлыбританияда карантинге жабылу-жабылмауды әр мектеп өз бетінше шешеді. Мемлекеттің «карантинге жабылыңдар» деген бұйрығын күту шарт емес. Өйткені маңызды шешімдерді қабылдауға келгенде, әр мектептің өз ата-аналар кеңесі бар. Бір жақсысы, Ұлыбританияда ата-аналар кеңесін мектепте балалары оқитын ата-аналар өздері сайлайды. Оған сайлану үшін біраз тер төгуің керек. Күзде, оқу жылы басталғанда ата-аналар кеңесіне кіргісі келетіндер өзін-өзі ұсынады. Ата-аналар кеңесіне сайлау арқылы ғана мүше бола аласың. Сондықтан өзін-өзі ұсынған ата-ана кәдімгідей үгіт-насихат жүргізеді, өз бағдарламасын, ұстанымдарын таныстырады.
Міне, ауру анықталған адам саны екі мыңнан асқанда мектептен «ата-аналар кеңесі мектепті карантинге жабу жөнінде шешім қабылдаса, мектеп жабылатынын» ескерткен хат келді. Бірақ балам оқитын мектептің ата-аналар кеңесі мектепті жаппаймыз деп шешті. Алайда сол уақытта өзім тұратын Уокинг қаласында бірнеше бастауыш мектеп карантинге жабылды. Ал балам оқитын мектептің ата-аналар кеңесі мектепті жабу жөніндегі шешімді наурыздың 20-сы күні ғана қабылдады.
Докторантура бағдарламасын елдің солтүстік шығысындағы Дарем университетінде оқимын. Дарем жоғары оқу орындарының ішінен ең бірінші болып 17 наурыз күні карантинге жабылды. Асылы, коронавирус ошақтары негізінен елдің оңтүстігінде. Оңтүстікпен салыстырғанда солтүстік тыныш. Бірақ мен оқитын университет сақтық шараларын алдын ала жасап қамданса керек. Бірақ университет семестр аяғына дейін төрт күн қалғанда жабылған болатын. Сондықтан студенттер қалған төрт күнде онлайн форматта сабақ өтті. Дарем университеті карантинге жабылып жатқан уақытта елде ауру жұқтырғандар саны 4 мыңнан асып кеткен еді.
Университет әкімшілігі күн сайын студенттерге елде коронавирус жқтырғандар саны, сақтық шаралары жайлы хабарлама жіберіп тұрады. Осы аптада Дарем университетінде бір адам коронавирус жұқтырды деген хат келді. Әзірге ол адам студент пе, әлде оқытушы ма, я болмаса қызметкерлердің бірі ме, ашылып айтылмады. Дарем университеті карантинді 25 маусымға дейін созды.
Университет әкімшілігі бұған дейін шетелдік студенттерге «мүмкін болса, үйлеріңе қайтыңдар» деген. Білуімше, ол университетте оқитын қазақстандық студенттердің көпшілігі елге қайтып кетті. Дарем университетінің кей жатақханалары студенттерді үш мезгіл тамақтандырады, яғни catering қоса жүреді. Сол жатақханалар жабылып, онда тұрып жатқан студенттер кәдімгі жатақханаларға көшірілді.
Ұлыбританиядағы ауруханалар толып кеткен. Коронавирус жұқтырғандар көп болғандықтан, ауырып қалғандардың бәрін бірдей ауруханаға жатқыза бермейді. Елдегі ұлттық денсаулық сақтау қызметі «тыныс алу ауырлап, қатты қиналып ауырсаңдар ғана жедел жәрдем шақырыңдар» деп ескертті. Яғни коронавирус жұқтырып үйде жатқандар бар. Бірақ ол адамдар далаға мүлде шықпайды. Негізі иммунитеті жақсы, жас адамдар бұл ауруды жеңіл көтереді дейді. Кейбір адамдарда аурудың белгілері болмауы да мүмкін.
Ұлыбританияда мемлекет деңгейінде карантин 24 наурызда ғана жарияланды. Мұндай бейқамдықтың себебі неде деп сұрап жатқандар бар. BBC, Sky news арналары да осыны сан-саққа жүгіртті. Меніңше, Ұлыбритания мен Қазақстанды салыстыруға келмейді. Қазқстанда халық саны аз, сол себепті мемлекет дұрыс шешім қабылдап, карантинді дер кезінде жариялады, сақтық шараларын уақытында қолына алды деп есептеймін.
Ал Ұлыбритания экономикасы үлкен, бизнес қатты дамыған. Егер Ұлыбритания карантинге жабылса, экономика қатты құлдырайды. Әлеуметтік желіде «Борис Джонсон халықтың қамын емес, экономиканың қамын ойлады» деген сындар айтылып жатыр.
Бұл елде Қазақстандағыдай «маска тағып жүріңдер» деген үгіт-насихат жоқ, дәріханалардан маска іздеп сабылып жүрген халықты көрмейсің. Масканы көбіне-көп Азия елдерінен келгендер мен қарт адамдар ғана тағады. Асылы, масканы дені сау адам киіп керек емес, тек ауру адамдар кисін делінеді. Өйткені сау адамдар масканы қайта-қайта қолымен ұстап, керісінше ауру жұқтырып алуы мүмкін екені айтылды.
Есесіне, «қол жуу» пропагандаға айналған. Телеарналардан күнделікті қолды жиі-жиі, кемінде 20 секунд жуып тұру қажет екені жарнамаланып жатады. Бұл жарнамаға тіпті танымал актер, актрисаларды да тартты. Мәселен, әйгілі аспаз Джейми Оливер сондай жарнаманың біріне түсті.
Барлық қоғамдық орындарда, университтерде карантин жарияланғанға дейін антисептиктер орнатылды. Жоғарғы оқу орындарында қол жуатын судың температурасын көтерді. Белгілі бір температурада вирус өледі, сол себепті қолды ыстық сумен жуу керек делінді.
Адамдар бір-бірінен 2 метр қашықтықта тұруы керек екені де көп айтылады. Супермаркетте адамдар бір-бірінен қашықтықта тұруы үшін әр бір жарым метр сайын арнайы белгі салып қойған, алдыңдағы адам жылжығанша сол нүктеде тапжылмай тұруың керек.
Карантин жарияланғалы көшеде екі адамнан артық жүруге болмайды, оның өзінде сол екі адам бір отбасының адамдары болуы тиіс. Егер көшеде топ болып жүрсең, полиция айыппұл салуы мүмкін. Көшеге тек азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу, күніне бір уақыт спортпен айналысып жүгіру және итті қыдыртып келу үшін шығуға ғана рұқсат етіледі. «Үйден шықпай отыр» деген нұсқау көп айтылып жатыр.
Карантин жарияланғалы көшеде халық аз жүреді. Лондонда метролар жабылған. Жолаушы болмаған соң, метроға жұмыс істеу тиімсіз. автобустар азайған, оларға мінетін халық та аз.
Азық-түлік дүкендері, супермаркеттер таңғы сағат бестен кешкі сегізге дейін жұмыс істейді. Алайда таңғы сағат бестен таңғы онға дейін бірінші кезекте қарттар, екінші кезекте дәрігерлер, медбикелер мен ұлттық денсаулық сақтау қызметінің қызметкерлері азық-түлік сатып алады. Қарапайым халық супермаркеттерге тек сағат оннан бастап қана бара алады. Супермаркет сөрелері бұрынғыдай емес, жұтап қалған. Бірақ көкөністер мен жеміс-жидек жетіп артылады.
Меніңше, коронавирусты жеңудің жалғыз жолы – үйде отыру. Іргедегі Италия халқы биліктің «үйде отыр» деген өтінішін тыңдамай, ары-бері қыдырып, жағдайды әбден ушықтырып алды. Бұл елдің аумағы да кішкентай, сөйтіп ауру көзді ашып жұмғанша бүкіл елге тарап кетті.
29 наурыз 2020 ж. 535 0