» » Тәртіпке бағынбағандар жазаланады

Тәртіпке бағынбағандар жазаланады


Адам баласы қоғамдағы өз орнын айқындап алып, соған сәйкес лайықты қызметін атқарса қоғамның даму заңдылығында үйлесім болады. Қанатына жел бітіп, қарыштап ілгері дамып бара жатқан алдыңғы қатарлы елдердің ат оздыруының алабөтен құпиясы жоқ, бар артықшылығы заңдылықты, тәртіпті, жүйелілікті сақтай білуі ғана десек қателеспейміз. Ал ол болмаған жерде мақсат алға баспайды. Жасырып, жоба тоқымай-ақ қояйық, туған жеріміздің тазалығын сақтау мәселесінде біз осы тәртіпті жолға қоя алмай келеміз. Тазалықпен айналысуды әлдекімнің шаруасындай ысырып қойып, оған бас ауыртқымыз келмейді. Әркім өз шаруасымен әлек. Бірақ ортақ ауасын жұтып, алшаңдап басып жүрген мекеніміздің мінсіз келбетіне үлес қосуға келгенде мүлдем бейқамбыз.


Неге? Бәрі де тазалық мәселесіне саналық тұрғыдан салғырттау қарайтын кемшілігімізден болып отыр.
7 наурыз – 7 мамыр аралығын Көктемгі көркейту-көгалдандыру және Тазалық айлығы деп жариялау туралы аудан әкімінің өкімі шықты. Осыған орай аудан тұрғындары жаппай тазалық шараларына кірісуі керек.
Әрбір тұрғын өз үйінің айналасын артық күл-қоқыстан тазартып, ауласына ағаш отырғызып, ретке келтіруі керек. Жеке кәсіппен айналысатын азаматтар сауда орындарының айналасын талаптағыдай ретке келтіруі тиіс.
Тәртіп болмаған жерде тазалық сақталмайды. Бұған дейін ауданның Саяжай, Май бекеті аумағын, Алтынсарин көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлер маңайын қоғамдық қызметкерлер күні-түні жүріп тазалап кетіп жүр, бірақ бірер күн өтпей бәз-баяғы қалпынша қоқыс қалдықтары жайрап жататын көрінісіне қарап жағамызды ұстардай болып жүрміз.
Тәртіпке бағынбаған жерде бассыздықтың неше атасы балалап шыға беретініне бәс тігуге болады. Бұлай әркім бетімен кетіп, тәртіпті белден баса беретін болса елдігіміз қайда қалады?
Елдік демекші, қауымның намысын ойлаған, ортақ іске ұйысып, ұлағатты тірлікке талап қылған тұрғындар алдымен өздері тұратын көшені тап-тұйнақтай таза ұстауға тырысады екен. Кентіміздегі Алдан Аюпов көшесі (төрағасы Әбибуллаев Үмбетәлі), Садықбек Сапарбеков көшесі (төрағасы Тасболат Төребаев), Тілеу Тотаев көшесі (көше комитеті төрағасы Жақсылық Тасболатов), Арасат Фейзулдаев көшесі (төрағасы Мәди Мырзахметов) тұрғындарының ұйымшылдығы, бәрінің бір кісідей жұмылып өздері тұратын аумаққа қылдай кінарат жуытпауға тырысатын талап-тірліктері көңіл сүйсіндірерліктей. Бұл жерде көше комитеті төрағаларының қажырлы қызметін айтпай кетуге болмайды. Олар үйме-үй аралап, көше келбетіне мін келтіріп, тазалығы кері кете бастаған жеке жанұялар иелеріне орынды ескертуін жасап, қажет болған жерінде көмек ұйымдастырып, әрбір тұрғынның үй айналасының жинақы отыруын назардан тыс қалдырған емес. Соның нәтижесінде тұрақты түрде «Үлгілі көшелер» қатарынан саналып келеді. Күні кешелері осы аталған көшенің тұрғындары ел болып бірігіп сенбілікке шығып, тұтас аумағын тазалап шықты, оған кент әкімдігі техникамен көмектесуді ұйғарды. Ортақ іске ұйымдасқанның озатынын олар өз істерімен осылай дәлелдеп отыр.
Тұрғын үйлерді былай қойғанда түрлі кәсіпшіліктерін жүргізіп отырған шағын дүңгіршіктер мен супермаркет егелері, сауда алаңдары қожайындары өздері басқаратын аумақта тазалық талаптарына жауапты болуы тиіс.
Тазалық мәселесінің әлі бір жүйеге келе алмай жатуының себебін таратып түсіндірген кент әкімі міндетін атқарушы Есдәулет Сейілов:
– Кентте 132 көше бар. Ондағы тазалық талаптары бірдей емес. Барлығы да көше тұрғындарынң жауапкершілігіне байланысты. Өзі тұратын көшеге жанашырлықпен қарап, тазалығына бір кісідей атсалысып жүрген көше комитеттері төрағаларының талапшылдығына көп нәрсе тәуелді. Өкініштісі, кенттегі кей көшелерде комитет төрағалары әлі күнге сайланбаған жағдайлар да кездеседі. Мұның барлығы ретке келтірілуі тиіс.
Осы аптаның жұма, сенбі (13-14 наурыз күні) аудан тұрғындары, кенттегі бүкіл мекеме, ұжымдар болып жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырғалы отырмыз. Осы күні бүкіл көше тазаланады. Одан әрі әрбір көше тұрғыны өз аумағына жауапты болады, – деп халықты ортақ міндетке үндесе, Жаңақорған «Тазалық» ЖШС мекемесі директоры Мұхамеджан Рүстемов:
– Бізде «тазалыққа жауапты мекемелер бар, солар тазаласын" деген ұғым бар. Әрине қос бірдей мекеме бар, тіпті мемлекеттік қызметкерлер де жұмыла кіріскенімізбен тазалық шешілмейді. Бұған тұрғындар жауапкершілігі қажет. Екі рет ескерту беріп, орындалмаған жағдайда айыппұл өндіртуге тура келеді. Оның көлемі ӘҚК-нің 434 бап, 2-тармағы бойынша 10 а.е.к -25 мың теңге болып белгіленді.
Шыны керек, қыс басталғалы жұмыс қарқынды жүруде. Тек жиналған аумақты өз тұрғындарымыздың қайта ластайтыны қиын. Алтыкрантты жөнге келтірудің жолын таптық, бірақ Алтынсарин тұрғындарымен тіл табыса алмаудамыз. Әрине көпке топырақ шашуға болмайды, әйткенмен, бірдің кесірі мыңға тиіп отырған жағдайлар көп. Тұрғындар кесте бойынша әрекет етіп отыруға әлі әдеттенбей келеді.
Сейсенбі күні С.Сапарбеков, Н.Түршеков, Ә.Бектібаев, А.Шонабаев, М.Жапаров, С.Қожанов, А.Пахырдинов және Ынтымақ аумағының қоқысы шығарылса, сәрсенбі күні Май бекеті мен Алтыкрант, бейсенбіде Қорғантоғайдан бастап М.Түйменұлы көшесіне дейін тазалық жасаймыз. Жұма күні Жаңауыл мен Санаторияны аралаймыз. техникаларымыз жеткілікті, – дейді.
ДК «НұрШах» мекемесінің басшысы Нұрлан Садауақасовтың да шарты осындай: Тұрғындар кесте бойынша жұмыс жасап үйренуі керек. Ал кесте тізбесімен әлеуметтік желіден сайт арқылы танысуға болады.

P.S. Тазалық – жалпы бұқараның міндеті. Одан ешқайсымызға тыс қалуға болмайды. Әркімнің ұяты, үжданы, ары, абыройы сынға түсер ортақ істе ұятқа қалмауды ойланған жөн.

Баян ҮСЕЙІНОВА
11 наурыз 2020 ж. 504 1

LarryFar от 10 маусым 2024 03:36
Backlinks will boost your site! All information is on our page: https://sites.google.com/view/backlinks-seo-sell. Our Telegram channel with services https://t.me/backlinksforgoogle1 FREE 1 ORDER 10,000 BACK LINKS Telegram channel for communication: https://t.me/Backlinks_24