Тазалық – адамдық қасиеттің ажырамас бөлігі
Тазалық – адамдық қасиеттің ажырамас бір бөлшегіне айналғанда ғана жүзіміз жарық болып, қоғам дамуындағы кезекте тұрған келелі мәселелерге тыңғылықты назар аударатын боламыз. Өйткені, тазалық – барлық жасампаз істің бастауында тұрған мәселе. Тіпті шағын бір отбасы болсын, жақсы іс, жарқын бастама алдында алдымен өз үй-айналасын тазартып, ауласын ретке келтіріп, дайындықты тазалықтан бастайды. Қоғам да солай. Алда үлкен істерге құлаш ұрып, жаңаруымыз үшін алдымен өзіміз жаңарып, жан-дүниемізді тәртіпке келтіріп, ортақ талапқа көндігуіміз керек. Сол кезде әрбір атқарған ісімізге береке дарып, елдігіміз сыналар тұста озық салт-сана, дәстүр ұстанымымыздың бекемдігімен талап биігінен көрінетін боламыз.
Осы тұрғыда тиісті құзырлы орындардың терең мүдделілік танытуы нәтижесінде ел өміріне елеулі өзгеріс енді. Ең бастысы, тұрғылықты халық тазалықты бір күндік мәселе емес, түпкілікті ден қойып, назарда ұстайтын нысаналы міндет ретінде санайтын көзқарас қалыптасып келеді.
Туған жер – ортақ мекеніміз. Оның тазалығын сақтауда жұмыла кіріскенде ғана жағдайды қалыпқа келтіруге болады.
Бұл ретте талап етіп қана қоймай, тығырықтан шығу тетіктері де жасалып отыр. Аудан бойынша үш жылдан бері тұрақты іс-қимыл қалыптастырып, жұмысын жүйелеп алған "Тазалық" мекемесі мен жеке кәсіпкер Нұрлан Садуақасовтың “НұрШах” өндірісі кент ішінің тазалығын тұрақты қамтамасыз етуде толық жағдайда деп есептеуге болады.
"Тазалық – денсаулық кепілі" деп бекер айтылмаған. Сонымен қатар, тазалық қағидаларын бұлжытпай сақтау – тұрақты дамуымыздың да мызғымас кепілі. Өйткені, ұқыптылық, жинақылық кісінің басқа істе де жауапкершілігін айқындап, тәртіпке тәрбиелейді. Тазалық – биік мәдениеттің де жарқын үлгісі. Өркениетке қол жеткізген озық елдердегі жетістік өлшемінің өзегінде тазалық мәселесінің тұратынын осыдан аңғаруға болады.
Халық күнкөрісінің өзегі болып табылатын азық-түлік өндіруден де, өндіріс саласынан да қойнауы құт туған өлкеміздің келбет-кескініне көлеңке ұялататын көріністерді көп болып жұмылған еңбегімізбен ғана түзеп, туған жер тынысына жаңаша серпін бере алатынымызды әрбір тұрғын естен шығармаса деймін.
Өйткені, ауыл, село, қала адамдардың ортақ үйі болып саналады.
Аудан көлемінде тазалықты қамтамасыз етуде осы бағыттағы тұрғындар міндетін қадағалауда жыл басынан бері қаншама рет рейдтер ұйымдастырып, түсіндіру шараларын жүргіздік. Міне, осы жұмыстар нәтижесінде кенттегі 137 көше бойларында реттілік, жинақылық жолға қоя бастады.
Кент әкімшілігі тазалық мәселесін екі мекеменің жауапкершілігіне жүктеумен қатар үй-үйді аралап, тұрғындарға түсіндірме жасап, ескерту хаттарын табыс етті. Бұл келісімшартта қаралғандай, әрбір тұрғын үй егелері алдағы уақытта қоқыс қалдықтарын қапшыққа салып, үй сыртына шығарып қоюы керек. Арнайы мекеме қызметкерлері бұл шығарылған қоқысты көлікке артып, алып кетуді өз мойындарына алып отыр.
Түсіндіру – насихат жұмыстары өз деңгейінде қорытындысын көрсетіп отыр. Қазірде қоныс халқы бұл жұмысқа едәуір бейімделіп келеді. Ақпарат көздерінде, фейсбук парақшаларында көшелерге бөлінген көліктердің қай күні, қандай мекенжай бойынша жұмыс жасайтыны хабарланды. Көше тұрғындары осы кесте бойынша "Тазалық" мекемесімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауы тиіс. Жарыққа, суға, газға ақы төлеуі секілді мөлшерлі тарифті төлеп отыруға мүдделілік толық жүйеге түседі деп сенеміз. Сайып келгенде, тәртіп барлығымызға ортақ. Ал тазалық сол тәртіптің заңды жалғасы.
Серқожа ЫДЫРЫСОВ,
аудан әкімінің кеңесшісі.