760 кәсіпкерге тегін қызмет көрсетілген
Бүгінде ынталы кәсіпкерлерді демеп, құқықтық кеңес беруде – аудандық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мекемесі қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Яғни, орталықта бизнес ашуға ниетті әрбір адам мамандардың тегін кеңесі мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау қаржыға қалай қол жеткізуге болатындығы жөнінде ақпарат алады. Әрі кәсіпкерлерге «бір терезе қағидатымен» рұқсат құжаттарын алуға кеңес беріп, көмек көрсетіледі. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиал ғимаратында орналасқан орталық маманы Лаура Сейсенова 2019 жылы жалпы кәсіпкерлерге 760 қызмет, оның ішінде 289 кеңес, 471 көмек көрсетілгенін хабарлады.
– Мекеменің ашылғандағы негізгі мақсаты – аудан орталығы мен қоса, шалғай ауылдардағы кәсіпкерлердің бір орталыққа барып, өзінің бизнесіне қатысты барлық мәселелер бойынша көмек алуына жағдай жасау. «Бір терезе» қағдиаты аясында бизнесті қолдауға бағытталған барлық мемлекеттік құралдармен қамтамасыз ету және сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетеміз. Атап өтер болсақ инженерлік коммуникацияларға қосылуға техникалық шарттар алып беру (су, кәріз, газ, электр, жылу, байланыс т.б.), архитектура және құрылыс салалары бойынша; (сәулет-жоспарлау тапсырмасы, мекенжай анықтамасы, объектінің техникалық төлқұжаты), Жер мәселелері бойынша рұқсат құжаттарын алуға кеңес беру және көмек көрсету. Мұның барлығы ақысыз түрде. Кәсіпкерден сенімхат алып, сол бойынша қажетті құжаттарын біз дайындап береміз. Бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау деп білемін, – дейді орталық маманы Лаура Тасқынбайқызы.
Расында, бұл кәсіпкерлікпен енді айналыса бастаған тұлғаға және өзінің қарбалас кәсібінен құжаттарын дайындауға уақыт таба алмай жүрген кәсіпкерлерге қомақты қолдау. Нақтырақ айтқанда, 2019 жылы техникалық шарт бойынша – 184 қызмет, сәулет және қала құрылысы бойынша – 100 қызмет, жер мәселелері бойынша – 79 қызмет, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жобаларды сүйемелдеуде – 110 қызмет, мемлекеттік кірістер бойынша – 287 қызмет көрсетілген. Яғни, бір жылда жеті жүзден астам жаңақорғандық кәсіпкер орталықтың қызметіне жүгінген.
Мәселен, дара кәсіпкер Бахыт Омаров орталық арқылы несие алуға үйінің техпаспортын заңдастырып, 6 жұмыс күні ішінде қолына дайын құжаттарын алған. Ал «Муталип» дара кәсіпкерлігінің иесі Сапарқожа Жұманқожаев газ және электр жөнінде техникалық шарттары бойынша аталмыш мекеменің қызметіне жүгініп 5 жұмыс күнінде дайын құжаттарын алған.
– Мемлекеттің кәсіпкерлер қауымына жасап отырған қолдауына рахмет. Өзінің аудандағы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» маманы Лаура Сейсеноваға айтар алғысым зор. Газ және электр жөнінде техникалық шарттары бойынша құқықтық тұрғыда көмегін көрсетті. Әрине, бұл өз кезегінде уақыт тиімділігі бойынша бизнестің одан әрі дамуына жол ашады – дейді жеке кәсіпкер Сапарқожа Жұманқожаев.
Иә, «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлерге қолдау шараларын көрсетуге бағытталған орталықтың қызметі – халық игілігі үшін. Оған қоса, Сыр өңірінде үшжылдық «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында атқарылып жатқан ауқымды істің бір парасы ғана бұл. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының өркендеуіне мол үлесін қосары сөзсіз.
Әбдісамат ӘБДІШ