Сахнаның емес, телефонның көрермені болдық...
Бүгінде сахнаның емес, телефонның көрермені болдық. Ақпараттандыру мақсатында талай мәдени іс-шараларға қатыстық. Байқайтыным, залдағы отырған көрерменнің көбінің санасы сахнадан гөрі, телефонға ауғанын аңғарасыз.
«Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші, бәлкім, әкімдіктен тапсырма түскесін еріксіз келген бюджеттік мекеме қызметкерлері болса керек. Кейде салтанатты шара бітпей, әкім орнынан тұрып кетті дегенше, қарамағындағылар да абыр-сабыр күй кешіп, сыртқа жөңкіле жөнеледі. Сосын «сахнада жүріп жатқан қойылымға кедергі келтірдім-ау, көрерменнің мазасын алдым-ау» деп қысылып, қымтырылу жоқ. Кетіп бара жатып, жанындағы көзі таныс, жүзі таныстармен амандасып үлгереді. Бұл ересек көрерменнің залдағы қылығының бір шеті ғана. Ересек көрермен дегеніміз – ата-ана екенін ұмытпасақ игі. Кейде олардың жетегінде баласы да болады. Үлкендердің көрермен ретіндегі «мәдениетін» көрген бала да кейін соны қайталамасына кім кепіл? Әрине мұның бәрі әрбір адамның ішкі мәдениетіне қатысты дүние. Қарапайымдылық танытып, біреуге ілтипат білдірудің өзі мәдениет. Қыл аяғы бізде өнерпазға гүл ұсыну мәдениеті де қалыптаса қойған жоқ. Қалалық жерлерде әртістер құшақ-құшақ гүлге оранып жатқанда, аудандағы концерттен бір тал гүлсіз қайтатын өнерпаздар бар. Сахна саңлағына гүл ұсыну – оның өнеріне деген ризашылығыңды мәдени түрде жеткізу емес пе? Біз «көпке топырақ шашудан» аулақпыз. Біздікі тек мәдени өресі биік, нағыз өнер жанашыры ретінде құрмет көрсететін көрерменнің қатары көбейсе деген ниет.
«Тақырыпқа тұздық. Таяуда Түркістан қаласында Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың кеші өткен болатын. Алайда жазушының кешіне келген көрермендер соңына дейін отырмай кетіп қалғаны әлеуметтік желіде қоғамдық пікір туғызды. Кейіннен белгілі болғанындай, әкім орынбасары құттықтау сөз айтып, шығып кеткен соң, қу тіршілігі бар халық та залда қалмаған. Жиырма шақты ғана адам тамашалаған. Осылайша 120 елден сыйлық алған, шығармасы 170 елдің тіліне аударылған ақынның кеші көрерменсіз қалған.
Бұл бір».
Енді екіншіден, кейде көп көрерменнен «Неге шараның соңына дейін отырмайсыңдар?» деп сұрайтынымыз бар. Сонда еститін жауабың біреу ғана. «Бізді үнемі бір сағат бұрын ерте шақыртып, залға отырғызып қояды». Қысқасы, кез келген шараның уақтылы басталмауы көрерменнің жалығып соңына дейін шыдамауының бір себебі екен. Тілші болғаннан кейін іс-шара мен жиналысқа жиі барамыз. Соның көпшілігінде уақтылы басталған шараны көрмедік. Ең кемі бір не жарты сағат кешігіп басталады. Мәселен, сағат 17:00-де өтетін шараға 16:30-деп шақырады. Ұйымдастырушылардан себебін сұрасаң: «Нақты уақтысында ешкім келмейді. Сондықтан жарты сағат бұрын шақыруға тура келеді» деген жауап естисің. Яғни, сенім мен жауапкершілік үйлеспегендіктен өзгенің уақытын ұрлауға тура келеді. Ақиқатында уақытпен санасу – жауапкершілік пен мәдениеттіліктің мәйегі. Жалпы, шақырылған жерге кешікпей бару кез келген азаматтың лауазымына қарамайтын ортақ қағида. Әттең, уақыттың қадірін түсінбей жүрміз-ау шамасы. Бұл баға жетпес құндылықтың орнын еш нәрсе толтыра алмайды. Еуропалықтар баға жетпес құндылықты өмірлеріне қағида етіп алған. Міне, мысал керек болса. Бірде батыс мемлекетіне барып, олардың әрбір минутпен санаса отырып, жұмыс істейтініне таңырқаған азиялық мұсылман жігітке батыстық тілші былай депті: «Оның несіне таңырқайсың. Мұның бәрін біз сендерден, яғни мұсылмандардан үйрендік. Сендер минутына дейін санап бес уақыт намаз оқисыңдар, ауыз бекітіп, ауызашар кезінде бір минут уақыт кірмесе, соны күтесіңдер» деген екен. Иә, түсінгенге таудай тәмсіл жатыр.
Қорыта айтқанда, хас өнерді тамашалайтын да, талдап, таразылап баға беретін де көрермен. Сахнадан көңілден шығатын өнерді көру үшін де көзі қарақты, мәдениетті, білімді көрермен бола білген жөн. Ештен кеш жақсы. Мәртебелі көрермен болуды бүгіннен бастаңыз. Көрермені сауатты һәм мәдениетті болса өнер де өрге көтеріледі. Ол анық. Тек түзелуге ниет болса болғаны.
Самат ӘБДІШ