№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Түркістан өңірінде тұрып, ауылдағы қызметінен қол үзген емес

Түркістан өңірінде тұрып, ауылдағы қызметінен қол үзген емес


Кейден ауылдық округіндегі №208 орта мектебі денешынықтыру пәнінің ұстазы Темірхан ағайды бірі білсе, бірі біле бермейді. 32 жыл бір мектепте шәкірт тәрбиелеп, ауыл спортының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан мұғалімнің ұлағаты көпке өнеге. Өзі Түркістан өңірінде тұрса да туған ауылындағы қызметінен қол үзген емес. Бүгін біз спортқа жанашыр, әрі ұстаздық саланың майталманына айналған Темірхан Аппаз туралы сыр шертпекпіз.

Отбасымен спортқа бейім Темірхан ағайдың шаңырағы қазір көрші облыста тұрады. Өзі болса сабағына сол шаһардан қатынап қызмет етеді. Алдымен әңгімені осыдан бастасақ.
– Менің Түркістанға көшкеніме 20 жылға жуық уақыт өтті. Әрине жұмыс ауыстыруға болатын еді, мектептерден ұсыныс та түсті. Бірақ маған қашан да туған жерім ыстық көрінеді, сондықтан зейнетке шыққанша ауыл спортының өркендеуіне, балалардың салауатты өмір салтын ұстануына педагог ретінде үлесімді қосқым келді. Шүкір, еңбегім еленіп, қаншама рет марапат мінберінен көріндім. Мұның бәрі адал еңбектің жемісі деп білемін, – деді ағай ағынан жарыла.
Ал жары Лида апай Түркістанда ағылшын тілі пәнінің педагогы. Жетістіктері бір бөлек әңгіме, біліктілікті арттыру мақсатында Лида апай құрлық асып, өзге елдерден тәжірибе жинақтаған. Шахматтан аудан, облыстық спарткаиадалардың жүлдегері. Тіпті ұлы да шахматтан Түркістан өңіріне танымал спортшы деуге болады. Міне, Темірхан ағайдың темірдей тәртібі отбасы татулығы мен спорт жанашырлығына сүйеу болып келеді. Бүгінде ұстаздар шаңырағы төрт-ұл қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отыр.
Алматы қаласындағы қазақтың физкультура институтында жоғары білім алып келген жас қызмет жолын №208 орта мектебінде бастайды. Сол уақыттан бері қаншама спорт шеберін шығарып, ұстаздық салада толағай табыстарға жетті. «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін», «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін», «Үздік денешынықтыру пәні мұғалімі», осы және өзгеде медальдар пән мұғалімінің кеудесіне тағылды. Ұстаз туралы әріптестері былай деп сыр тарқатады.
– Тәкеңнің болмысынан ең бірінші оның азаматтығын танисың, екіншіден, нағыз ұстаздың бейнесін көруге болады. Қазір оқушылар спортының дамуына министрлік көп көңіл бөлуде. Соның нәтижесінде біздің өрендер өңірдің мерейін асырып келеді. Оған Темірхан сынды білікті ұстаздың білімі арқау болады. Бүгінде елуді еңсеріп, алпысқа қадам басса да Темірхан ағай спортты серік етіп келеді. Осының өзі жеткіншектерге үлгі, – деді денешынықтыру және АӘД пәнінің әдіскері Қайрат Оралбеков.
2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Мемлекеттік Рәміздер күніне орай өткен дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасындағы республикалық байқауда 1000 метр қашықтыққа жүгіруден ең үздік нәтиже көрсеткені үшін жеңіс тұғырынан көрінді. Нағыз ұстаз ізденудің арқасында жетістікке жететіні анық. Сондықтан Темірхан ағай жыл сайын өзге өңірлерден тәжірибе алмасу үшін оқыту-семинарларға жиі-жиі қатысып тұрады.
– 2017 жылы Алматы қаласында жалпы білім беретін мектептердегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арналған республикалық ғылыми әдістемелік, тәжірибелік семинар өтті. Семинар барысында волейбол, баскетбол спортынан оқушыларды шыңдаудың тәсілін үйрендік. Ең маңыздысы сабақ барысында мұғалімнің медициналық сауаттылығының ерекшеліктерінен көп ой түйдік. Әрі психологиялық тұрғыдан бала тәрбиелеуді тереңірек оқыдық. Міне, осы біздің спортшыларға жетіспейтіні, – деді кейіпкеріміз.
Барлық спортшы үлкен спортқа қадам баспастан бұрын алдымен ұстаз мектебінен өтеді. Яғни мектепте алған тәлімі кез келген баланың қай спортқа бейім келетінін көрсетіп, бағыт-бағдарын түзейді. Сондықтан деншынықтыру пәні ұстаздарының еңбегі елеусіз деуге болмайды. Мектепте тек сабақ беріп қана қоймай, қосымша үйірмелерде де сабағын өткізеді. Әрине үйірме ақысыз, соның нәтижесінде оқушылар жарыстарда төбе көрсетіп, жеңіске жетіп жүр.
Айжан Шерубаева басқаратын білім ордасы білім көкжиегінен де жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Яғни, ҰБТ көрсеткіші, пәндік олимпиадалар мен өнер сайыстарында ауданда көштің алдыңғы қатарында. Ал Темірхан ағайдың шәкірттерінің жетістігі бір төбе. «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, бүгінде аяқдопшы қыздар мен ұлдар командасы ауданда алдыңғы қатарлы орындарда келеді. Үздік үштікте жүретін олардан ұстаздары үлкен үміт күтеді. Одан бөлек шахмат, волейболдан да жетістік аз емес.
Жалпы алғанда, Темірхан Аппаз ұстаздың болмыс-бітімі, өз ісінің нағыз маманы екені сөзінен емес, еткен еңбегінен көрінді. Аядай ғана ауылдың спортын көтеріп, оқушыларды жігерлендіріп, патриоттық тәрбиеде білім беріп жүрген қарапайым пән мұғалімінің бір бейнесі осындай.

Әли ТЕМІРБЕК
08 ақпан 2020 ж. 761 0