МӘМС: жаңашыл жүйенің тиімділігі неде?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы көптен сөз болып келе жатқанымен жаңа жылдан бастап түпкілікті бетбұрысты байқадық. Адам саулығына негіз қалауда әлем тәжірибесінде дәлелденген тиімді жобаның мән-маңызына тоқталып өтсек.
Тақырыпқа кіріспе ретінде мына жайды баяндайын. Құрбым Гүлзаттың: «Ақылы түрде 2500 теңгеге УДЗ-ға түсіп, 2000 теңгеге дәрігерлік кеңес алдым. Дәрі-дәрмекпен қоса есептегенде 20000 теңге емделуге жұмсадым. Ақылы орталықтың қызметі жақсы болды, қалаға сандалып жолға шығындалмадым» деген әңгімесін естігенде ойымда бір сұрақ тұрды: Тұрақты жұмысы бар. Медициналық сақтандыру қорына жарна аударып отыр. Неге ақылы ем алып қалтасы қағылып жүр? Қажеттілігіне қарай халықтың барлық тобына бірдей көрсетілетін көмек түрін алуға неге құлықсыздық танытамыз? Бұл жердегі түйткіл мынау: МӘМС туралы түсінігіміз төмен.
Алдымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дегеніміз не? Осыған тоқталсақ. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді.
Жаңашыл жүйе туралы ауданның бас дәрігері Яхия Кәдірбекұлы кеңінен баяндап берді.
– МӘМС жүйесі бойынша кез-келген сырқат дәрігер жолдамасымен көмек ала алады. Азаматтар негізсіз, яғни дәрігердің тағайындауынсыз медициналық көмектің ешқандай түрін ала алмайды. Ондай жағдайда өз еркімен ақылы орталықтардың көмегіне жүгінеді. Скрининг, профилактикалық тексеру барысында емге жіберуді маман тағайындайды. Халықтың қалтасы көтермейтін диагностикалық КТ, МРТ және бағасы қымбат зертханалық қызмет түрлерін сақтандыру пакеті арқылы тегін алады. Әрине оны дәрігер қажет деп тапқан жағдайда ғана. Бүгінде облыс орталығында екі орталықпен келісім шарт жасалынды. Бұған дейін мұндай қызметтер әлеуметтік топтар мен шұғыл көмекті қажет ететін науқастарға ғана саны шектеулі беріліп келді.
Алдағы уақытта медициналық сақтандырудың жұмысы жүйеленсе дәрі-дәрмектер де тегін берілетін болады. Бұрын 47 ауру түріне берілсе, биылдан бастап 116-ға өсті.
– Сақтандыру жарнасынан қай санаттағылар босатылады?
– Мемлекет тарапынан сақтандырылған жеңілдігі бар азаматтардың санаты: балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, үш жасқа толмаған бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтіндер, бала туу немесе жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс алғандар, мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар, зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, қылмыстық-атқару мекемелерінде жазасын өтеушілер, тергеу изоляторында отырғандар, жұмыс істемейтін оралмандар, мүгедектер. Сонымен қатар орта, кәсіптік-техникалық, жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын студенттер, атаулы әлеуметтік көмек алушы жұмыс істемейтін тұлғаларға ағымдағы айдың алғашқы 5 жұмыс күні ішінде төленеді.
– МӘМС-тің артықшылықтарын айтып өтсеңіз?
– Біріншіден, медициналық қызметтің шығыны азаяды. Бұл қарапайым халық үшін тиімді. Екіншіден, сақтандыру қымбат операциялар, диагностика және емдеуге кететін шығындарды өтейді. Үшіншіден медициналық көмек сақтандырылған азаматтың жарна мөлшеріне тәуелді емес. Қарапайым тілмен айтқанда айлығы 50 000 теңге болса 1 пайызы 500 теңге, 500 000 теңге болса 5000 теңге жарна аударып отырады. Бірақ бұл екі азаматта бірдей көмек алады. Төртіншіден дәрігердің бағыттауы бойынша сізді Қормен келісім-шарты бар клиника қабылдайды. Бесіншіден медициналық көмектің сапасы жақсарып, қолжетімділігі артады.
Тағы бір артықшылығы қалпына келтіру (реабилитация) және паллиативтік көмек көрсетуге басымдық берілді. Созылмалы ауруы бар науқастар ауруханаға жатып көтермелеу емін қабылдай алады. Сондай-ақ амбулаторлық ем, травма алғандар, аяқ-буын ауруларына физикалық кабинетте тегін қызмет көрсетіледі.
Мұның бәрі жұмыспен қамтылғандар және жоғарыда аталған 15 санатқа кіретін азаматтарға берілетін көмек түрі. Ал жұмыссыздар жұмыспен қамту орталығына тіркелу қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкерлер есепті айдың 25-інен кешіктірмей бірыңғай жиынтық төлем жасайды. Елді мекендер үшін міндеттелген ай сайын 1 АЕК-ның жартысын 1325,5 теңге «Қазпошта» АҚ филиалы, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асыра алады.
Осы ретте аудандық емхана меңгерушісі Сәкен Алаудинұлы бірыңғай жиынтық төлем жайлы тереңірек сөз етті: «Қазіргі таңда жұмыс жасайтын азаматтар міндетті сақтандырылып қойылды. Мемлекет қадағалауында. Ендігі мәселе өзін – өзі жұмыспен қамтығандар жайында. Қазіргі кәсіп көзіне айналған наубайхана, тігін өндірісі сынды істе жұмыс жасайтындар бірыңғай жиынтық төлем жасау арқылы өздерін сақтандыра алады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес оларға қаңтар, ақпан, наурыз айында жеңілдік қарастырылған. Төлем жасамаса да сақтандырылып тұрады. Сәуір айынан бастап бірыңғай жиынтық төлем жасау міндеттеледі. Осы жиынтық төлемнен 10 пайыз жеке табыс салығы, 20 пайыз әлеуметтік төлемге, зейнетақы жарнасына 30 пайыз, қалғаны 40 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылады. Жиынтық төлемнің тағы бір пайдалы тұсы қыз-келіншектер кемі 6 ай төлем жасаса тууға дейінгі төлемақының минималды сомасын алуға мүмкіндігі бар».
– Сырқатты анықтауда маңызға ие УДЗ аппаратынан өту тәртібі қалай болмақ?
– Ультра дыбыстық зерттеу қызметі бұған дейін батыр аналар, балалар, зейнеткерлер, шұғыл көмекті қажет ететін науқастар, аяғы ауыр аналарға тегін көрсетіліп келді. Сақтандыру қоры арқылы енді кез-келген науқасқа дәрігердің тағайындауы бойынша ақысыз. Тексеруді негізді деп тапқан дәрігер кезекке қоюмен жүзеге асады. Көп жағдайда науқастар кезек күтуге құлықсыздық танытып ақылы қызметке жүгінеді. Сондықтан 7-10 күн бұрын кезекке тіркелу қажет, – дейді ол.
Ал стоматологиялық қызмет пакеті халықтың жекелеген санаттарына ғана көрсетілмек. Атап айтқанда – 18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдер жоспарлы стомотологиялық көмекпен қамтылады. 18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге, ҰОС қатысушыларына, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, «Алтын алқа», «Күміс алқасы» бар аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен әлеуметтік мәні бар аурулармен немесе айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастарға шұғыл стоматологиялық көмек көрсетілуі тиіс.
Жоғарыда аталған сала басшыларымен сұхбатта біраз ақпараттарға қанығып, түсінігіміз кеңейді. Сақтандыру жүйесінің халыққа берері де мол. Әлеуметтің өмір сүру сапасын арттыратын бұл жаңашылдықтан әсіресе қарапайым халық үшін тиімділігі жоғары. Өйткені олар аз қаражатпен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қызметтердің толық пакетін ала алады. Медициналық көмекті қажет ететін жандар енді ақылы түрдегі ем-шараларға бұрынғыдай шығындалмай-ақ жүйелі емдік сатылары арқылы толық сауығуына негіз бар.
Майра ҒАНИЕВА