» » 2020 жылы өзгеріс енген заңдар

2020 жылы өзгеріс енген заңдар

Адам қашанда табиғатпен тығыз қарым-қатынаста өмір сүреді. Оның байлығын пайдаланады және өз іс-әрекеті арқылы табиғатқа әсер етеді. Ал адамның табиғатқа тигізер әсері зиянды салдар тудыруы мүмкін. Мемлекет әрқашан табиғи ортаны осындай факторлардан қорғау үшін белгілі бір дәрежедегі құқықтық ережелер шығарады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енген осындай өзгешелік жөнінде аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі директорының орынбасары Бақытжан Абдусаметов хабардар етті.
Заңды білу заман талабы. Құқықтық тілмен жеткізсек заңды білген адам өзгелерге де құрметпен қарайды деген сөз. Алайда сол заңды білмегендіктен заңсыз істер істеп, зардап шегіп, өзін қорғай алмай жүргендерді өмірде көптеп кездестіреміз. Қылмыс жасап жазаға тартқаннан гөрі оның алдын алған әлдеқайда жақсы. Алдын алу  жұмысының нәтижелі болуы үшін де халық заңға енген өзгешіліктен хабары болуы керек. Бұл аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі директорының орынбасары Бақытжан Әбдімүтәліпұлының сөзі.
– Ендеше ҚР-ның қылмыстық кодексіне енген өзгешеліктерді қарапайым тілмен түсіндіріп айтып өтсеңіз?
– ҚР-ның қылмыстық кодексінің 335-бабында көрсетілген балық ресурстары мен басқа су жануарларын және өсімдіктерін заңсыз алуға, оларға жарылғыш зат немесе химиялық заттар, электр тогы арқылы жаппай жоюдың өзге де тәсілдері қолданылып жасалса мүлкіңіз тәркіленіп, 3000 АЕК (7 953 000 теңге) мөлшерде айыппұл салынады, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге темір торда жазаңызды өтейтін боласыз. Заңсыз балық аулаудың зардабы көп екенін тұрғындар осы ережеден-ақ байқаса болады. Бұған дейін бұл заңның ескі нұсқасында қылмыс жасаған адам 160 АЕК (424 160 теңге) мөлшерінде айыппұлын төлеп, 40 тәулікке дейін қамаққа алынатын болған еді. Енді аталмыш заңның бабына енген өзгерістен жасаған қылмысы үшін ешкім де құтыла алмайды. Айта кететіні, жоғарыда айтылған әрекеттер бірнеше рет қайталанып жасалған болса мүлкі тәркіленіп, 4 000 АЕК мөлшерде айыппұлын өтеп, 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
– Экологиялық қылмыстың бір түрі «Заңсыз аңшылық». Осы жөнінде нақтырақ айтсаңыз?
– Ең алдымен заңсыз аңшылық заңмен қудаланатынын айтқым келеді. Аңшылықтың қызығына түскені сонша кейде тыйым салынғанына қарамастан заңға бағынбай жан-жануарларға оңды-соңды оқ кезенуін қояр емес. Қазіргі таңда олармен күрес те күшеюде. Сондықтан Қр-ның қылмыстық кедесінің 337 бабындағы «Заңсыз аңшылық» бөліміне өзгерістер еніп, қатаңдатылды. Алдын алу жолдары қанша қолға алынғанымен заң бұзушылық өзекті мәселеқатарында қалып отыр. Сондықтан бұрынғы заң аясында аң аулауда 160 АЕК (424 160 теңге) айыппұлыңызды төлеп, 40 тәулікке қамаққа алынсаңыз, жаңа заңда  3 000 АЕК (7 953 000 теңге) мөлшерде айыппұл төлейсіз, сонымен қатар 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығыңыздан айрылатын боласыз. Мұнда да бұл қылмыс түрі қайталанатын болса мүлкіңіз тәркіленіп, 4 000 АЕК мөлшерде айыппұл төлеумен қатар 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығыңыздан  шектелесіз немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өтейтін боласыз.
– Заң тұрғысынан «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды қорғауда қандай әркеттер жасалуда?
– Адамдар мыңдаған жыл бойы өсімдік­тер мен жануарлар дүниесін пайдаланып келді. Тіршілігінде осылардың пайдалы қорын қолданып ғана қойған жоқ, сонымен бірге табиғатты өзгерту арқылы көптеген түрлердің өмір сүру жағдайларына да әсер етті. Осы үрдістің алдын алуда заңның 339 бабына да өзгерістер енді. Атап айтқанда «өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша жаңадан қосылған бөлігінің І тармағында киікті заңсыз қолға түсіріп, жою, мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу жағдайлары тіркелсе, мүлкіңіз тәркіленіп, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас айыру жазасы қолданылады.
– Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану мәселелерімен айналысатын қызмет­керлер де заң аясында қорғалатын болыпты. Осы жөнінде айта кетсеңіз?
– Қоршаған ортаны қорғау игілікті іс. Ал оның міндетін атқаратын инспектор, қорықшы мамандардың жұмысы тіптен ауыр. Күні-түні жануарлар дүниесін қорғап, олардың қауіпсіздігі үшін мойнына  жауапкершілік жүгін артқандардың еңбегі ұшан-теңіз. Осы уақытқа дейін бұл мамандарды заң жүзінде қорғау қаралмаған еді. Енді ағымдағы жылдың қаңтар айынан (11.01.2020) бастап жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторына, қорықшыға күш қолдансаңыз 3 000 АЕК (7 953 000 теңге) мөлшерде айыппұл салынып, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеп, немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.. Ал өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолдану фактісі тіркелсе ол адамға бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын болады.
– Осы аталған қылмыстарды болдырмауда тұрғындарға айтар кеңесіңіз?
 – Заңсыз елдеәркім өз білгеннін істейді, тәртіп сақталмайды. Сондықтан адамдар қалыпты жағдайда өмір сүре алмайды. Ал тәртіп пен заң біздің қалыпты тіршілігіміз үшін қажет. Осы тұста «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының сөзін естен шығармайық.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Лаура БИБАСАРОВА
02 ақпан 2020 ж. 955 0