Манаптың межесі
Ауыл әкімі Е.Әлменов Манап ауылының тұрғындарын толғандырған ең басты мәселе ретінде балабақша жетіспеушілігі.н баяндамасына арқау етті. Өйткені, 1185 тұрғыны бар ауылға шағын орталық пен бір ғана жеке балабақшаның аздық ететіні белгілі. Мәселен, бүгінде елді мекендегі «Толағай» шағын орталығында 25 бала, Талап бекетіндегі «Гүл-Ару» жеке балабақшасында 40 бала тәрбиеленуде екен.
Ауыл әкімі өткен жылы атқарылған шаруаның аз еместігін айтты. Былтыр ауыл ортасынан жаңа медпункт ғимараты салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Жастар жылы аясында 52 жас жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлікке ынталы жастарды оқыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғаны белгілі болды. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 12 жас 1 айлық курсты оқып, 505 000 теңге көлемінде грант жеңіп алған. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы 1 жас мал бордақылау бағытында несие алып, жұмыстарын жүргізуде.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары жастардың жасанды спорт алаңына жарық берілуін және Талап бекетіне баратын 5,2 шақырым жолдың нашарлығын сауал етіп, әкімге жолдады.
Бұл мәселелерге қатысты аудан әкімі Сұлтан Мақашов жоба қарастырылып, кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.