№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Кент әкімі есебі көңілден шықты ма?

Кент әкімі есебі көңілден шықты ма?


Жаңақорған кентінің тыныс-тіршілігі енді кемелдене түседі, тіпті биылғы жылы жағымды жаңалыққа толы болмақ. Ауданға әкім болып келгеніне төрт айдың жүзі болған Сұлтан Мақашов осындай меженің бар екенін айтып жаңақорғандықтарды бір қуантып тастады. 2019 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген кент әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жарас Мырзалиевтен ел не сұрады? Кентте қандай күрмеулі мәселелер бар? Былтыр не атқарылды? Есеп беруде осыны ескердік.


Жылдағы есеп берудегі құрғақ уәдеден жалыққан ба, бұл жолы 30 000-нан астам тұрғыны бар кент жұрты жиын өткен «Ордакент» сарайына көп жинала қоймады. Десек те, байқағанымыз, өткен жылы кент әкімдігі жақсы жұмыс атқарған. Әкімсіз де еткен еңбек аз емес. Алдымен былтыр атқарылған жұмыстарға қысқаша көз жүгіртіп өтейік.
Қазір тұрғындардың әкімнен сұрайтыны ең бірінші жарық мәселесі, сондықтан осыдан бастауды жөн көрдік. «Елді мекендерде көшелерді жарықтандыру» бағдарламасы бойынша, 2019 жылы кент орталығындағы С.Сапарбеков көшесі жарықтандырылды. Сонымен қатар 2020 жылдың жоспарына Жанпейсов көшесін жарықтандыруға байланысты жоба-сметалық құжаттары жасалып, сараптамадан өткізілді. Көшелерді орташа жөндеу жұмыстарының қорытындысымен Аралбаев, Файзулдаев, Р.Мадиев, Алтынсарин, Тотаев, Молдалиев көшелері жоба-сметалық құжатқа сәйкес асфальттанып пайдалануға берілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша да жоспарлы жұмыстар атқарылды.
Сондай-ақ, Май бекеті көшесін абаттандыру жүргізіліп, Әлшекей көшесі бойына тротуар салынса, бөлінген қаржыға көшелердің ой-шұқырлары жөнделді. Енді салық түсімдерінің орындалуына келсек. Кенттегі өзін-өзі басқарудың қолма-қол бақылау шотына жергілікті салықтан 111,0 пайызға артығымен орындаған. Бірақ басқа салықтар тым төмен. Мәселен, мүлік салығы 59,5, жер салығы 63 процентке орындалса, тек көлік салығы – 142,9 процентке жүзеге асты. Тағы бір жайт, қазір Жаңақорған кенті бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесін қажет етушілердің кезектілік тізімінде 6513 адам тіркеуде. Олар кезектерін асыға күтуде.
Қысқаша осы. Енді Әбунасыр Бекішов кентті басқарған кезінде ел көтерген мәселе түйінін тапты ма? Соны саралап көрсек. Көп көңілі аудан орталығындағы газондарға толмай-ақ қойды. Жасыл желектердің мәселесі былтыр шешілмеді. Бірақ биыл шешіледі деп күтілуде. Сол секілді Жанпейісов көшесі де биыл жөндеуден өтеді. Қорғантоғайдың жыры да шешімін рет-ретімен табуда. Ал ауыз су құбырының салдарынан қазылған көшелердің ойдым-ойдым жерлері биыл түгел жөнделеді деген үміт бар. Әсіресе бас көшелер, яғни Хорасан ата, А.Иманов, Жаңаауыл мен Құрманғазы көшесінің сәні кіреді. Тротуар салынады. Жалпы алғанда, өткен жылы өнімді іс атқарылмағаны көрініп-ақ тұр.
Айта кетейік, Жарас Мырзалиевтен кейін есеп берген аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы кенттің келбетін көркейту үшін жасалатын жұмыстарды рет-ретімен түсіндірді. Хорасан ата көшесінің аяқ су мәселесін шешу, жарықтандыру мәселесін түбегейлі өзгерту, бағдаршамды жаңалау, тротуар салу, веложол мен ағаш отырғызу, вокзал маңын гүлдендіріп, паркті нағыз демалатын орынға айналдыруды айтты. Бірақ әкім қатты сынға алған жайт, ол парк пен орталық алаң жерінің жеке меншікке сатылып кетуі. Ең алдымен осыны реттеу керектігін жеткізген аудан басшысы мұндай бассыздыққа жол бермеу ортақ мүдде екенін айтты.
Енді ел не дейді, соған кезек берейік. Ең бірінші түнгі жарыққа көптің көңілі толмайды. Сондықтан, таңға дейін жарық қосулы болса деген Әбіл Сейданов ақсақал бұдан бөлек екі тілегін жеткізді. Бірінші, Абай көшесін көркейтіп, ескерткіш қойылса дейді, екінші мал базарын қайта жөндеу­ден өткізіп ел игілігіне беруді қозғады. Жөн, әйтпесе біз Шиелі мен Түркістан базарына тәуелділіктен арыла алмаймыз. Одан кейін жүк көліктеріне бақылау болғанын, тонналап құрылыс заттарын таситын көлік иелеріне тосқауыл болғанын қалайды көпшілік. Одан бөлек, ұрлықты тиюды қатаң бақылауға алса деген тілек бар жергілікті жұртшылықта.
Кентте атқарылған жалпы жұмысқа келгенде, Жарас Мырзалиев пен ұжымдастарының қызметіне көңілі толған көпшілік олардан бұдан да биіктікті күтеді. Ең бастысы сенім бар, сол сенімге селкеу түспесін. Біз де әкімнің есебінен жұмыстың атқарылып жатқанына куә болдық. Әрине халық оң бағасын беріп жатса, онда әкімдіктің жұмысының жүйелі екенін түсінуге болады. Қалғаны уақыт еншісінде...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
28 қаңтар 2020 ж. 647 0