Билібайдың жұлдызы
Мемлекетіміздің ұстынын бекітіп, ұлттық нәрінен айырмай, төл табиғатына таяныш болып отырған қасиетті атамекеніміз десек, осынау алтын бесіктен бақ таймауы бауырында өсіп, базарын кешіп, тал бойына білім жинап, сол алған ілімін туған жер тынысының кеңіп, өркениетке көш түзеуіне бағыттауға барын салатын елжанды тұлғаның тәуекелді талабына тәуелді екені рас. Біздің бүгінгі әңгімеміз ауылда туып-өсіп, ұлт қайнарының уызына жарып, туған жердің мерейін биіктетуге жасампаз тілекпен жарқын үлесін қосып келе жатқан осындай жалын жүрек жастың бірі – Әнуарбекова Гүлмарал Сәкенқызы туралы болмақ.
Түтіні сыздықтап қана көкке көтеріліп, түн баласы әр үй терезесінен жылтыраған оттарымен тіршілік салтанатынан сыр аңдатып, қым-қуыт қарбаластан оқшауырақ, қарапайым күн кешкен бұйығы ауылда бұлықсыған талай кеуденің үмітін үрлеп, үлкен әлемге үкілеп ұшырып салып отырған алтын ұясы – білім ошағының орны бөлек.
Мектептің жүрегі – ұстаз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Гүлмарал осы ауылдағы мектептің маңдайалды мұғалімі. Әр үйдің еркесін басынан сипап, партаға қалай отыруды үйретуден бастап, қолына қағаз-қалам ұстатып, ғажайып әлемге алғаш көзін ашатын әр жеткіншектің анасынан кейінгі ең аяулы жанашыры.
Ол 1993 жылы Билібай ауылында дүниеге келді. Ауылдағы №255 негізгі орта мектебінде білім алды. Өмірде өзі қалаған мамандығы – бастауыш сыныптың мұғалімі атанып, туған жерге оралып, өзі оқыған алтын ұясында ұстаздық етуге белді бекем буды.
Қазақстандағы білім ошақтарының барлығында оқытылатын оқу бағдарламасы ортақ. Ауыл мектебі бола ма, қала мектебі бола ма, жаңа ортаны жатсынып, жатырқай енген баланың болмысын танып, бейімін шыңдап, әлемдік бәсекеге сай білімді ұрпақ тәрбиелеп шығуға міндетті. Жан-дүниесі жұмбақ, қиялы ұшқыр жас кеудедегі талантты түртіп оятуда озық технологиядан бұрын сергек сана, сындарлы сабақтастық, бәрінен бұрын ет жүрегімен елжіреген ұстаздық табиғаттың ұлылығы қажет. Ондай жан тәрбиелеген ұлан ұмытылмастай ұлағатпен мұздай құрсанып, толық мағынасындағы тұлға болып қалыптасады.
Гүлмаралдың сабағына еніп, іс-тәжірибесіне қаныға отырып, біз осындай ойға келдік. Өзімізге бала күнімізде "Әліппені" жаттатқан, "А" дан бастап барлық әріпті оқытып, біткен күні "Ал балалар, біз бүгін барлық әріпті танып білдік. Енді өздерің оқып, өздерің жаза аласыңдар. Қане, енді әскердегі ағаларыңа, оқудағы апаларыңа, алыстағы достарыңа хат жазамыз. Қане бастаймыз" деп тұрған апайымыздың мөлдіреген бейнесі тап бүгін санамыздан ұмытылған жоқ. Міне, мұғалім құдыреті деген осы!
Бүгінгі балалар да әріпті тауысқан күні хат жаза ма екен?
Жас ұстаздың көңіліндегі бір өкініш осы. Қазір "Әліппеміз" де көзден бал-бұл ұшты. Балалар бұрынғыдай А, одан соң Ә деп алфавит бойынша емес, басқа жаңартылған бағытта білім алады. Сауат ашу технологиясы мүлдем өзгерген.
Бәрімізге белгілі, еліміздегі білім жүйесі ширек ғасырдан бері реформадан көз жазбай келеді. Соның салқыны бастауыштың да бағыт-бағдарына сына түсіріп, сапа мәселесін ақсатып тұр.
Сабақты сәби танымына сай оқытып, жас ұрпақ тағдырына обал жасамауды ойлаған әр ұстаз жас өскін жүрегіне шынайы білімді орнықтыруға барын салады. Бұл тұста әрбір өз ісін жанымен сүйетін, отына күйетін, сол жолда қиыннан қиыстырып, тыңнан жол табатын ұстаз шеберлігі ғана жәрдемге келіп, бүтін болашақты білім биігіне бастай алады.
Билібай ауылындағы оқу ошағына жаңадан басшылыққа барған тәжірибелі ұстаз Ғазиза Бегентаеваның бізбен хабарласып, жас ұстаз Гүлмаралдың еңбегімен танысып, елге насихаттасаңыздар екен деген өтініш-тілегінің астарында құрметті мамандықтың шын егелерін дәріптеу мақсаты жатқанын ұқтық. Мұғалімдікті жай кәсіп деп қарамайтын қаракөздің мына сөзі көңілімізге тұра қалды: "Алдымда отырған бала мен үйреткеннің барлығын толығымен игеріп, танып білмейінше маған ас батпайды. Мұғалім міндеті – баланы білімге баулу. Оны орындай алмасақ ертең елдің бетіне не деп қараймыз?"
Бұл сөздің түп-төркінінде жауапкершілік жатыр. Ұстаз жауапкершілігі. Осыны жадына мықтап түйген жас ұстаз 45 минуттық сабақпен шектеліп қалған емес. Ол мектептегі бүкіл қоғамдық жұмыстың маңдайалдында жүруді міндетке алыпты. Мұғалім – ауыл интеллиценциясы. Бұл ауылдағы жалғыз тәрбие ұясы да осы мектеп. Билібайда не мәдениет үйі, не кеңсе ғимараты жоқ, ауыл халқының басын қосып, ел тынысына дем беретін де, бала оқытумен қатар ауыл руханиятын еңсеретіндер де осы ұстаздар қауымы. Осы жұмыстарда Гүлмарал Сәкенқызы топ жарып, ауылдың жұлдызы атанып жүрген жайы бар екен.
Аудандық жас ұстаздар байқауында дара шығып, "26 жаңа есім" құрмет кітабына есімі енген ол үздік өнерімен "Жастар жылы: жаңа леп, жаңа толқын" атты жас ұстаздар форумында жүлделі марапатқа ие болыпты.
Білім қызметкерлерінің арасында өткен аудандық V спартакиадасының Президенттік көпсайыс жарысында І орынды, "Жас ұстаз" байқауында жүлделі орынды иеленіп, бағалы сыйлықпен марапатталыпты. аудандық ХІ "Наурыз шапағаты" өнер фестивалінде үздік өнер көрсетсе, аймақтық "Ән-аға" атты әншілер байқауында І орынды иеленді. "Жаңа толқын" жастар сыйлығының лауреаты.
Үздік ұстаздың оқушылары да биік тұғырдан танылуда. Шәкірттері Халықаралық "Эрудит" интеллектуалды білім порталының сайысында үздік шықса, республикалық "Diamond Hars" шығармашылық байқауында жақсы көрсеткішке қол жеткізді.
Атап айтқанда, шәкірттері Д.Тасан "Үздік суретші", "А.Өмірзақ "Талантты қалам" номинациясымен, математика пәні бойынша осы портал өткізген олимпиадада осы екі оқушы тағы бірінші орынды еншіледі. Облыстық бастауыш сыныптар арасында өткен математика олимпиадасында үздік білімі үшін шәкірті Ә.Тұрсын ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Жас ұстаздың алдағы еңбегіне бұдан да биік табыс тілейміз.
Баян ҮСЕЙІНОВА