Биші Балнұр
Биді өмір сүрудің символы деп алсақ, бұл өнер адам баласын үнемі көтеріңкі көңіл күйде жүруге тәрбиелейтін өнер түрі. Сонымен қатар түрлі қозғалыстар мен қан айналымын жақсартуға да өзіндік септігі бар. Тазалыққа, тәрбиелілікке баулитын өнер түрін Балнұр Дарханқызы да жанына серік еткен.
Бірінші сыныпта оқып жүргенінде-ақ би өнеріне талпынған Балнұр бидің қыр-сырын алғашында кәсіби маман Гүлнар Ибадуллаевадан үйренеді. Кейіннен мың бұралған бишілерді облыстық, республиалық тіпті халықаралық деңгейде дайындап жүрген Гүлнардың тәлімін алған жас бүлдіршін «Арман» мәдениет үйіндегі Балнұр Әнішбекқызы жетекшілік ететін «Шашу» би үйірмесінің құрамына қабылданады. Аталмыш би тобымен 2017-2018 жылдары аудандық, облыстық «ХХ – Бозторғай» балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауына қатысып 3 орын, 2019 жылы облыстық «Таланттар топ жарған күн» заманауи би жарысына қатысып үздік үштіктен көрінсе, «Менің биім – әдемілік әлемім» атты аудандық бишілер сайысында Бас жүлдені қанжығасына байлаған. Одан әрі 2019 жылы Түркістан қаласында өткен «Жұлдызды қолтаңба» балалар мен жасөспірімдер арасында өткен би жарысында 1 орыннан көрініп, Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алады. Ал биылғы шығармашылық жұмыстарын да жүлдемен бастаған бүлдіршіндер «Жарқыра, Жаңа Жыл. Жұлдыздар» атты республикалық байқауынан 2 орын алып қуантқан жағдайлары бар. Бұл марапаттар топтық құрамда жеткен жетістігі. Жеке өзінің де талай байқаулардан алған мақтаулары бір төбе.
– Мен биге балабақшада жүрген кезімнен қатыса бастадым. Міне, содан бері осы өнер жолын таңдағаныма бес жыл болды. Кішкентай кезімнен теледидардан көрген әр ұлттың билеріне қызыққанымды көрген анам би үйірмесіне берді. Болашақта Шұғыла Сапарғалиқызы секілді танымал биші болғым келеді, – дейді жас талант иесі Балнұр.
Иә, қазіргі таңда баласының биге деген икемін байқаған ата-аналар оларды жастайынан би үйірмелеріне беріп жатқанын жиі байқаймыз. Бұл жас бүлдіршіндердің өнердің биік шыңынан көрінуімен қатар, сұлу да сымбатты, дені сау болып өсуіне зор ықпал ететіні сөзсіз. Сондай-ақ, мұндай жастың өнерге, өмірге деген сүйіспеншілігі артып, іскерлікке, еңбекке деген қызығушылығы оянады. Би тек сырт келбетті ғана емес, рухани ішкі жан-дүниенің баюына да мол үлес қосады. Зиянды әдеттерден аулақ болуға баулиды.
– Әр өнердің өзіндік ерекшелігі бар. Би өнері – тілсіз өнер. Оның да айтар мағынасы болуы керек. Мұнда адам ойындағы, жүрегіндегі жазуды би тілімен жеткізе білу басты шарт. Ол үшін қолдың, дененің, саусақтың, буынның әр қимылы үлкен рөл ойнайды. Ал осының бәрі бір Балнұрдың бойынан табылады. Әр түрлі деңгейде өткен шараларға қатысып өз-өзін шыңдауда, ізденуде, білмегенін сұраудан еш қысылмайды. Мен онысын нәтижелі би ырғағын шығарудағы талпынысы деп білемін, – дейді жетекшісі Әнел Есет.
Лаура БИБАСАРОВА