№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әбутәліп Аманов жылдың үздік бапкері атанды

Әбутәліп Аманов жылдың үздік бапкері атанды


Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының ұйымдастыруымен республикалық «Жыл үздіктері-2019» номинациясының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шарада «Үздік бапкер-2019» аталымы бойынша ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбутәліп Аманов марапат биігінен көрінді.


ХХ ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының аяғы ойға оралды. Сан салада тоқырау. «Шықпа жаным, шықпа» дейтін кез. Төменарық пен Бірліктегі спорт мектептері жабылды. Спортшыларға ірі-ірі республикалық жарыс түгілі облыстық турнирлерге қатысу арманға айналды. Бірақ шағын залда еркін күрестен жаттықтыратын Әбутәліп Амановтың бойындағы сенімі жастарға күш-жігер берді. Аптасына бірнеше рет әкеміздің қолдауымен ауылдан жаттығу залына келеміз. Әбекең жатсынбай бауырына басты. Білгенін үйретуден, көрсетуден жалықпады. Аудандық, облыстық жарыстарға қосып, шыңдады, өз-өзімізге сенімді болуды үйретті. Республикалық жауапты жарыста жігерімізді жанып, рухымызды асқақтатып, кілемге шы­­­ға­­ратын. Облыстық мектеп-ин­тер­­­­наттарда жаттығатын бабы ке­ліс­­­кен спортшылармен тең өнер көр­­сет­­­­кенімізбен айымыз оңынан туа бер­­­мейтін...
Ашық, қарапайым, кішіпейіл ағайы­мыз шәкіртерін ашық әңгімеге ша­қырып, тәлім-тәрбиесін сіңірді. «Жаңа­қорғаннан чемпион шығарамын!» дегеннен таймады. Осы қағида оны алға жетеледі. Талдықорған, Ақтөбе және т.б спортқа жақсы жағдай жасалған қалалардан шақырту келді, бапкерлік жолында даңғыл жол ашылатыны айтылды. Бірақ бәрінен бас тартты.
Тек Жалаңтөс Баһадүр атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты ашылғанда Қызылорда қала­сына орын ауыстырды. Ондағы мақсаты – Жаңақорған ауданынан чемпион шығару.
Мұратына араға бірнеше жыл салып жетті. Алдымен жасөсірімдер арасында, сосын жастар және ересектер арасында атой салатын спортшылар шоғырын дайындады.
Әбекеңнің өзі спортқа кездейсоқ келген жоқ. 12 жасында күресті таңдап, сол кездегі қиындыққа қарамастан жаттығу залынан табылады. Облыстық, республикалық деңгейдегі жауапты жарыстарда жүлдеге ілігіп, КСРО спорт шеберлігіне үміткері атанады. 1984 жылы Алматы қаласындағы Қазақ дене тәрбиесі институтының дипломын алып, бапкерлік жолы басталады. Яғни аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен балалар тәрбиелеуден бастады. 1993 жылдан бастап Қызылорда облысының еркін күрестен аға жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Жасұлан Мұхтарбекұлы Пекин Олимпиадасында, Дәулет Ниязбеков Лондон Олимпиадасында, Ғалымжан Өсербаев Рио Олимпиадасында үздік бестіктен көрінді. Қазақ елінің намысын лайықты қорғаған Дәулет пен Ғалымжан Әбекеңнің төл шәкірттері. Одан бөлек әр салада табысты қызмет етіп жүрген Темірлан Ахметов, Нұрлан Ахметов, Бақытжан Ахметов, Мәлік Ахатаев, Биахмет Абусейітов, Мәмет Сыздықов, Жаппар Базарбаев, Тұрмағамбет Омаров, Болат Сабырханов, Сайтбек Ақылбеков, Талғат Өсербаев, Серік Абдумауленов, Бағлан Ергешбаев, Жандос Абдумауленов, Берік Өтешов, Самат Қожабаев және т.б шәкірттерімен мақтана алады.
– Баланың қабілет-қарымын танып, икеміне қарай әдіс-тәсілдерді үйрету маңызды. Сосын жігерін жанып, рухын өсіру керек. Сонда ғана «чемпион рухты» спортшылар шығара аласын. Дәулетім мен Ғалымжаным жастайынан өр міңезді, талантты, талапты болды. Олардың шыңдалуында ата-анасы мен бауырлары дем берді. Нәтижесін өздеріңіз көріп жүрсіздер. Токио Олимпиадасына екеуінің де баруына мүмкіндігі мол. Бүгінде тәжірибелі балуандар Олимп биігінен көрінуге бар күш-жігерін салуда, – деді еркін күрестен Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы Əбутəліп Аманов.
Әбекең артынан сандаған шәкірт ертіп, өзіндік мектеп қалыптастырып, Қызылорда облысында еркін күрестің дамуына үлес қосып келеді. Олай болса, «Үздік бапкер-2019» номинациясы ұзақ жылдық еңбегіне берілген әділ баға. Тіпті чемпиондарды тәрбиелеп жатқан бапкерге «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматын» берсе артықтық етпейді. Себебі Қызылорда облысының еркін күресі сөз болғанда Әбутәліп Аманов, «Амановтың еңбегі» жайлы айтылғанда Жаңақорған ауданы бірінші ойға келеді.

Нұрлат АЙТЖАН

24 желтоқсан 2019 ж. 825 0