Педагог мамандарды дамыту үшін бүгінгі әдіскерге не қажет?
Тәуелсіздік мерекесіне орай Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен "Үздік мектепке дейінгі ұйым әдіскері - 2019" облыстық байқауы өтті. Байқаудың мақсаты аймақтың шығармашыл, талантты және креативті әдіскерін анықтау болатын. Жеті аудан мен қалалық балабақшадан бақтарын сынауға келген әдіскерлер арасынан жаңақорғандық Гүлжазира Досмағанбетова үздік үштіктен көрінді.
Ауданда білім бөлімінің ұйытқы болуымен өткен байқауда топ жарып, облыстық байқауға жолдама алған Гүлжазира кент орталығында орналасқан №5 «Балғын» бөбекжай-бақшасында төрт жылдан бері әдіскер қызметін атқарады. Жаңартылған бағдарлама бойынша біліктілігін арттырып келген кейіпкерімізге бұл байқау шарттары аса қиынға соқпапты. Өзінің бар білгенін, білімін көпшілік алдында көрсете білген ол өз жетістігімен бөлісті.
– Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдарға қойылып отырған талап көп. Осындай заман үдерісінен шыға білген аудандағы ең таңдаулы балабақша атынан байқауға жолдама алған соң тыңғылықты түрде жан-жақты дайындық жүрді. Тәжірибе алмасу барысында жинақтаған білімімді таразылайтын байқау болған соң шарттарын орындау маңызды. Екі кезең бойынша өткен байқаудың алғашқы кезеңі аудандық деңгейде өтсе, екінші кезең осы облыстық байқау болатын. Кіл мықтының ішінен дара шыққан аймақтық әдіскерлермен сынға түсіп, әділқазылар алдында бар білгеніңмен бөлісіп, жұмыс барысыңды таныстыру оңай көрінгенімен, іштей қобалжу болды, – дейді жеңімпаз әдіскер.
Әдіскердің сөзінше, байқауда үздіктер қатарынан көрінуіне «Әдіскер мамандық па, қызмет пе, әлде бейімділік пе?», «Педагог мамандарды дамыту үшін бүгінгі әдіскерге не керек?», «Әдіскер құзыреттілігі дегеніміз не?» деген тақырып бойынша дайындаған портфолиясын жан-жақты талқылап, түсіндіруі себеп болғанын алға тартты. Бұған дейінгі жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген мектепке дейінгі ұйым педагогтарының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша 235 академиялық сағат курсты аяқтаса, «BILGEN» ұлттық авторлық методика және бағалау орталығының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Байқауға мектепке дейінгі ұйымдардың атынан келген 8 әдіскер арасынан үздік үштіктен көрінген әріптесі жайында балабақша меңгерушісі Гүлмира Серікқызы: «Гүлжазира Абдуохапқызы ұжымда белсенді. Тәрбиешілермен,әр баламен тығыз қарым қатынаста жұмыс жасайды. Ұжым деген динамикалық жүйе болғаннан кейін ол үнемі ізденіс үстінде және дамып отырғанды, кемелденгенді жаны сүйетін жан. Ұжым, аудан мерейін көтеріп, жүлделі орыннан көрінуі біз үшін үлкен жетістік», – дейді.
Баланың дамуында балабақшаның орны ерекше екені мәлім. Мектепке дейінгі тәрбиелеу жүйесіне қаншалықты көңіл бөлінген? Балабақшалар деңгейі қандай? Бөбекжайдағы бүлдіршіндерге берілетін білімнің, тәрбиенің сапасы бәсекеге қабілетті ме? Ал бұл сұрақтарға жауап әдіскердің атқаратын міндетіне тікелей байланысты.
Осы сауалды қойғанымызда бұл бөбекжайда заман талабына сай үштілділікті меңгеруге арналған «Сиқырлы қалам», «Ақылды балапан» кешендері жұмыс жасайтынын білдік. Балалардың ой-өрісін дамытып, қоршаған ортаға деген көзқарасын дамытуда сурет салудың дәстүрлі емес тәсілдерін меңгеруге арналған Эбру, 3D қалам, түрлі-түсті құммен, балалардың танымдық қабілеттерін дамытуға арналған робототехника, әр жас ерекшелігіне қарай түрлі дамытушы ойындар мен құрастыру ойындары үздіксіз жүргізіліп отырады екен.
Еліміздің болашағының дамуына үлес қоса білу, өзіндік ой-пікірі бар, жан-жақты дамыған білікті ұрпақ тәрбиелеуде әдіскердің құрған жоспары маңызды роль атқарады. Демек, үздік әдіскер болуда ең алдымен жауапкершілігі мол, жүзі жылы, жүрек жылуын, мейірімін бере алатын, үнемі ізденісте жүретін маман болуың шарт.
Лаура БИБАСАРОВА