№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Құралай" балабақшасында 90 бүлдіршін тәрбиеленуде

"Құралай" балабақшасында 90 бүлдіршін тәрбиеленуде


Баланың шығармашылық потенциалын арттыру балабақшадан бастау алады. Сондықтан мектепке дейінгі мекемелерде жаңа технологияға мән берген абзал. Ағылшын тіліне тіл сындыра бергені де дұрыс. Осындай талап-міндеттерді қалай жүзеге асыруға болады? Бұл жөнінде Келінтөбе ауылдық округіндегі «Құралай» балабақшасында өткен аймақтық семинарда білдік. Яғни тәрбиешілер баланың дүниетанымын кеңейтіп, көзқарасын қалыптастыру бағытында тәжірибе алмасты. Балабақшаның меңгерушісі Ләззат Қалдыбаеваны әңгімеге тартып, тәлімді тәрбие, саналы білім берудің жолын сұрадық.

– Балабақша 2013 жылы қазан айында ашылды. Осы жылдарда балаға тәрбие һәм білім берудің үздік тәжірибелерін меңгердік. Бүгінде 1-5 жас аралығындағы 90-нан астам балғынға жауаптымыз. Бізде 20 педагог қызметкер мен 20 кіші қызметкерлер еңбек етеді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруде әдіс-тәсілдер жаңарып келеді. Талапқа сай үздіксіз білім толықтырып, тәжірибе алмасуды жолға қойдық. Облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Гүлнар Дихамбаева және аудандық білім бөлімінің жетекші маманы Назерке Базарбаеваның жылдық жоспарына сәйкес «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын іске асырудың инновациялық әдістері» тақырыбындағы семинар соның дәлелі. Бағдарламаға сәйкес, робототехника және шахмат үйірмесін күнделікті оқу қызметіне енгізу жоспарда бар, – деді балабақша басшысы.
Жаңақорған және Шиелі ауданының балабақша әдіскерлері мен тәрбиешілері қатысқан семинарды ауыл әкімі Жақсылық Әбілхайыров ашып, бала тәрбиесінің маңы­зына тоқталды. Ал аудандық мәслихат депутаты Тұрдалы Қалдыбаев балабақша болашаққа бастар жол екенін айтты.
«Шығармашылықтан-шеберлікке» пе­да­го­гикалық идеялар көрмесінде Күлән­да Таштенова балалармен робот құрастыру, онымен жұмыс жа­сау тәсілдерін келу­шілерге көрсетті. «Сиқырлы қа­лам­мен» жұмыс барысын «Ересек» тобының тәрбиешісі Жанар Нәлтае­ваның тобын­дағы балғындар Мемлекеттік рәміздердің маңызын үш тілде жеткізді. Ал үйірме жетекшісі Ардақ Тулешова «Шахмат» үйірмесімен таныстырды.
– Күнделікті оқу қызметінде сегіз бала үйірмеге қатысады. Шахмат ойыны баланың ақыл-ойына оң ықпалын тигізіп, шыдамдылыққа үйретеді. Мұндағы біздің мақсатымыз біріншіден баланың бос уақытын тиімді пайдалану, екіншіден, шахмат ойнату арқылы математикалық сауаттылығын арттыруға болады, – деді Ләззат Қалдыбаева.
Білім берудің тың тәсілдерімен танысу барысында балалардың өнеріне де қанықтық. Ерекше көзге түскен ересек «Қарлығаш» тобының бүлдіршіндері Айсұлтан Керімхан мен Алинұр Құлтас ақын Абай Құнанбаевтың өлеңдерін нақышына келтіріп жатқа айтты.
Семинар жұмысына баға берген арнайы өкілдер оқу қызметіне қосу арқылы ұрпағымызға жаңа технологияның игілігін көрсетіп, олардың терең білім алуына жағдай жасау басты міндет екенін атады. Елді мекендегі бөбекжайлар білім беру үрдісінде инновациялық әдіс-тәсілдердің игілігін қолдануға ұмтылғаны құптарлық жағдай.
«Құралай» балабақшасының меңге­рушісі Ләззат Қалдыбаева:
– Балабақшада бала мен педагог бірлесе әрекет еткенде ғана білім беру үрдісі нәтижелі болады. Яғни баланы тәрбиешімен бірге ізденуге, проблемалық іс-әрекетті жасай білуге үйрету, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамы­туды басшылыққа алуымыз керек. Балалардың белсенділігін арттыру, оқу материалына баланы қызықтыратындай мәселе тудыруға тиіспіз. Семинарда осы бағыттағы тәжірибелер көрсетілді, – деді.

P.S.: Еліміздің білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – ой-өрісі жаңашыл, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу. Сонда ғана креативті, білімді, білікті жастар қалыптасады. Бұл – Тәуелсіздікті баянды ететін жол. Келінтөбедегі семинардан ойға осыны түйіп қайттық.

Майра ӘБДУӘЛІ
14 желтоқсан 2019 ж. 718 0