Өңірдегі үздік маман атанды
Ел Президенті Қасым -Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы Қоғамдық Диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты Жолдауында: «Білім беру сапасын жақсарту керек» деген пәрмен берген болатын.
Жақында облыстық білім басқармасы және Оқу орталығының ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының арасында «Үздік өндірістік шебері-2019» байқауы өтті. Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде ұйымдастырылған сайысқа кәсіптік колледждерден қонақтар мен қатысушылар арнайы келді.
Байқауға облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім бөлімінің бас маманы Жанар Төленова, Кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының «Адами капиталды дамыту» бөлімінің басшысы Жанна Скакова және Қызылорда облыстық білім басқармасының «Қызылорда облыстық оқу орталығы» техникалық және кәсіптік білім бөлімінің бас маманы Ұлан Жетібайұлы әділ қазылық етті.
Облыстық байқау 5 кезеңнен тұрды. Бірінші, тест тапсырмалары. Екінші, Портфолио сайысы. Қатысушының 3 жылдық шығармашылық еңбегі. Үшінші, «Мен шебермін». Төртінші, өндірістік сабақты ұйымдастыру бойынша ықшам сабақ. Соңғысы, әдістемелік-шығармашылық еңбектерінен таныстырылым жасау. Өңірдегі барлық колледждер қатысқан байқаудың жеңімпазын анықтау қазыларға үлкен жауапкершілік артты. Өйткені, бүгінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылдың 23 қаңтарында Жастар жылы салтанатты шарасының ашылуында берілген тапсырмасы негізінде «Жас маман» жобасы әзірленген болатын. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына сәйкес «Жас маман» жобасы жүзеге асуда. Осы орайда, Сыр өңірінің үздік өндірістік шебері байқауы Елбасының пәрменімен астасып жатыр.
Осылайша, бір күнге созылған байқау қорытындысымен Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің өндірістік оқу шебері Мағжан Ибашев І-орынға ие болды. Ал, Текей батыр Қарпықұлы атындағы колледжінің ұстазы Жанаркүл Барақбаева ІІ-орынға тұрақтады. Қола жүлдесі Қазалы және техникалық жоғары колледжінің оқу шебері Ақмарал Досымға бұйырды. Барлық жүлдегерлерге ұйымдастырушы тараптың бағалы сый-сияпаты мен Дипломы табысталды.
Айта кетейік, Жомарт Шәуенов басшылық ететін Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі соңғы уақытта жаңалықтың жаршысы болып жүр. Яғни, жақында мұнда заманауи типтегі 200 орындық асхана қайта жабдықталып, тігін тігу шеберханасына да заман талабына сай студенттердің игілігіне пайдалануда.
Ханзада ДОШАН