№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Колледжде 200 орындық заманауи асхана ашылды

Колледжде 200 орындық заманауи асхана ашылды

Кәсіптік білім – қоғамның дамуындағы қажеттіліктің бірі. Бәсекеге қабілетті болуда кәсіптік дағдыларды меңгерген кәсіби мамандар ауадай қажет. Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі осы қағиданы ұстаным етіп, кәсіби кадрлар даярлауға басымдық беріп, теориямен қатар тәжірибеге арқа сүйеуді қолға алды. Оның дәлелі «Тігін цехы» мен 200 орындық заманауи асхананың ашылуы. Дуалды оқыту технологиясына енген білім ордасының қуанышына Қызылорда облыстық білім басқармасының ұйымдастыру және әкімгершілік бөлімінің басшысы Гүлзия Қараманқызы арнайы келіп, қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Жарқынбекұлы бастаған делегация алдымен кәсіптік колледждегі «Тігін цехы» мен уақыт талабына сай жасақталған асханамен танысты. Қонақтарды күтіп алған студенттер мамандықтарын үш тілде таныстырды.
Енді «Тігінші», «Аспазшы» маман­дығы бойынша оқитын студенттер практикалық тұрғыда шыңдалып, кәсіби маманға айналуға мүмкіндік артты.
– Жастардың білімін арттырып, кәсі­билігін шыңдауда практикалық алаң қажет. Студенттер тәжірибе алма­сатын орталықтар жасақтап, «Аспаз­шы», «Тігінші», «Автомеханик», «Авто­электрик», «Токарь» мамандығын дуалды оқыту технологиясына енгіздік. Алдағы уақытта барлық мамандықтар бойынша цехтар ашып, студенттерді іскерлік дағдыға баулимыз, – деді колледж директоры Жомарт Шауенов. 
Студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар қойған колледжде айтулы жетістіктер де жетерлік. Үш тұғырлы тіл саясатын жолға қойып, шәкірттерді мәдени-тәрбиелік шараларға жиі қатыстыру, жастарды жан-жақты жетілдіру жолында жүйелі жұмыс бар. Мұны «Халықаралық студенттер күніне» арналған «Кәсіптік білімнің көкжиегі» атты салтанатты шарадан аңғардық.
Колледж жанынан ашылған «Жалынды жастар» бастауыш партия ұйымының және ұлағатты ұстаздардың ұйымдастыруымен тұңғыш рет М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде студенттерге арналған мерейлі кеш ұйымдастырылды. Ағартушы Ыбырай Алтынсарин бейнесінде, ақын Мағжан Жұмабаев кейпінде келіп, «Мен жастарға сенемін» деген өлеңмен ұштасқан көрініс көрерменді еріксіз өзіне тартты. Жастардың – қоғам байлығы, сарқылмас күш иесі екеніне қанықтырды. Мұнан соң, арнайы қойылым ауылдан арман қуып келген жастардың оқуға қабылданған қуанышымен жалғасты. «Тігін» мамандығы бойынша студенттер кесте тігіп, аспазшылар ас дайындай жүріп өнерін ортаға салды. Бәрінен де маңыздысы, дәнекерлеу ісінің мамандары қойылым арқылы ауыр жұмысты, еңбекпен тапқан нанның қадірін ұқтырды. 100 студенттің қатысуымен орындалған сюжеттің аяғы флешмобпен жалғасты.
Қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізілген салтанатты кеш барысында «Тау-кен» мамандығының үздік студенті Дәулет Әбдеш елдің дамуына үлес қосу жолында сапалы білім алуға ант берді.
Студенттерді мерекемен құттықтау үшін сөз алған Гүлзия Қараманқызы:
– Жұмыссыздық мәселесін жоюдың түбегейлі жолы – кәсіптік білім. Әр түрлі кәсіптік білімді меңгерген маман қажет. Ал мұндай мәселені шешуде дуалды оқытудың рөлі зор. Жастардың кәсіби маман ретінде қалыптасуында маңызды технологияны енгізіп, тәжірибені шыңдайтын орталықтар құруға мән берген білім ордасының бастамалары құптарлық, – деді.
Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков:
– 1961 жылы іргетасы қаланған колледж мыңдаған шәкірттеріне қанат қақтырып, өмірден өз орнын табуға дем берді. Кәсіби білім алған мамандар бүгінде елдің түкпір-түкпірінде сан түрлі қызмет еуде. Аға буын салған сара жолды жалғап, игі бастама көтерген Жомарт Абибуллаұлының тың бастамалары қолдауға лайық. Дуалды оқытудың жемісі – жұмыссыздық мәселесінің шешімі, аудан экономикасын дамытуға сеп. Сондықтан, жаңа өндірістік цехтардың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын, – деді.
Мұнан кейін 1 курс студенттеріне «Студенттік билет» табысталып, жыл бойы жүйелі жұмыс жасаған ұлағатты ұстаздарға және үздік студенттерге Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекованың, Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтан Мақашовтың «Алғыс хаты» табыс етілді.
Студенттер күнімен арнайы құттықтап келген аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ілясов, аудандық білім бөлімінің бас инспекторы Мира Жандарбекова игі тілегін жеткізіп, колледж басшылығына сый-сияпат табыстады.
Салтанатты шара студенттер дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Ханзада ДОШАН
24 қараша 2019 ж. 954 0