№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Молшылық маусымының мәзірі

Молшылық маусымының мәзірі

Жаңақорғандық диқан қауым ауданның 90 жылдығына тамаша тарту жасады. Дала еңбеккерлері «Алтын дән-2018» мерекесі аясында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырды. Сенбінің таңында кент орталығындағы «А.Иманов» көшесі бойы саптай тізілген жүк көліктерімен толықты. Диқан қауым бақша өнімдері мен жеміс-жидек, күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімін нарық бағамынан 10-15 пайыз төмен бағада тұрғындарға пұлдады. Таңғы сағат сегіз жарымда басталған жәрмеңкеге жұртшылық ерте келіп,
сауданы қыздыра түсті.
Биылғы жәрмеңкеден байқағанымыз, картоп пен пияз молынан болды. Бағасы да қолжетімді. Картоптың келісі 65 теңге болса, жуа 50 теңгеден сатылды. Қаз-қатар сауда қатарында Өзгент пен Түгіскеннің тіл үйірер балы, Сыр беткейдегі ауылдың мал азығы мен ақ маржаны, Агро-индустриялық аймақтың картоп, асқабағы бар.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы мен аудан әкімі Ғалым Әміреев, ел ағалары бастаған топ жәрмеңкенің алғашқы қадамын бақша өнімдерін аралаудан бастады. Асқабақтың элиталы сортын сауда сөресіне шығарған шалқиялық Наурыз Тұрлыбектің өнімі қонақтарды қатты қызықтырды.
– Бұл қай шаруашылықтың өнімі, сұраныс қалай болып жатыр?
– Негізі Шалқия кентінен келдік. Жаңақорғандағы агро-индустриялық аймақта 2 гектар аумаққа осы асқабақтың 4 сортын ектік. Ең көбі Мускат де Прованс деп аталатын француздық тұқым. Тұқымның 300 грамы -18 мың теңге тұрады. Жалпы 35 тоннаға жуық өнім алдық.
– Жақсы екен. Асқабақтың бұл түрі нарықта өте сұранысқа ие. Емдік қасиеті де мол. Әрі бағасы да жерге еткен еңбекті ақтайды. Келісін қаншадан сатып жатырсыз?
– 40 теңгеден. Бірақ нарықтағы бағасы келісі 100 теңгеден жоғары, сертификатталған өнім болғандықтан сұраныс жақсы. Жәрмеңкеге 200 келі асқабақ алып келдік. Бір сағаттың ішінде таусылды.
– Міне, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, осылай қарекет жасау керек. Агро-индустриялық аймақтың игілігі бұл. Кәсіптеріңізге береке берсін!
Бұл – облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов пен кәсіпкер Наурыз Тұрлыбектың арасында өрбіген диалог.
Одан әрі ауылдық округтердің өнімдерін аралаған құрметті қонақтар қаз-қатар орналасқан дала еңбеккерлерінің өнімін жеке-жеке аралап, шаруа қауыммен тілдесті. Айта кететіні, халық игілігіне пайдалануға берілген агро-аймақ бүгінде өз жемісін беруде. Оның айқын дәлелін «Алтын күз-2018» ауылшаруашылығы жәрмеңкесінен байқадық. Әсіресе, картоп пен пияз өнімдерінің көп болғаны бұқараны қуантты. Себебі, қысқа қамдануға бұл қос дақылдың үлесі мол. Қолда бар мәліметке сүйенсек, жәрмеңкеге 110 тонна картоп пен жуа әкелінген. Бұл дегеніміз – 6 миллион теңгенің өнімі. Өйткені, маусымдық мезгіл болса да елімізде картоп бағасы тұрақтамауда. «Қыстың қамын, жазда ойла» деген бұқара қолда бар қаржысына қажетті өнімін қаптап алды.
– Жәрмеңке жылда дәстүрлі түрде өткізілетіндіктен асыға күтеміз. Биылғы жәрмеңкенің басты ерекшелігі – ауданның 90 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осындай мерейлі сәтте халыққа тиімді бағада жәрмеңке ұйымдастырып жатқан жергілікті әкімшілікке айтар алғысым зор. Тауар бағасы қалтаға қонымды. Базардан біршама арзан. Әрі қаптап алсаң, бағасын төмендетіп беруде, – дейді кент тұрғыны Ақжарқын Әлиева.
Осылайша, жаңақорғандықтарға молшылық мерекесінде мол өнімнен ауылшаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырған диқан қауым арзандатылған бағада өнімдерін пұлдады. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінен алған мәліметке жүгінсек, жәрмеңкеге 48 жүк көлігіне тиелген 10 миллион теңгенің өнімі әкелінген. Түйіндей айтқанда, таң атқаннан түс ауғанша жалғасқан жәрмеңке тұрғындардың қысқы азықтан қысылмай шығуына мүмкіндік жасады. Ең бастысы – қарапайым халық та, өнімі өткен диқан да дән риза. Бұл да болса, күз маусымының қашанда береке мен молшылық айының мезіретін айғақтайды.
23 қазан 2018 ж. 1 271 0