№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Жаңақорғандық диқандар жәрмеңкеге 23 млн теңгенің тауарын апарды

Жаңақорғандық диқандар жәрмеңкеге 23 млн теңгенің тауарын апарды

«Мал семіз болса, төл егіз, жер семіз болса, дән егіз» – демекші, биыл жері шұрайлы Жаңақорғанда егіннен мол өнім жиналып, төрт түліктің де басы едәуір артты. Осындай бейнеттің зейнетіне Қызылорда қаласының тұрғындары қанық болып, ауылшаруашылығы жәрмеңкесінде қысқа азық болатын өнімдерін алды. Өткен сенбіде егіз төлін тиеп, астығын арқалап жаңақорғандық диқандар қалаға ат басын бұрды.

«Алтын дән – 2019» мерекесі аясында ұйымдастырылған жәрмең­кеде Жаңақорған ауданы облыс орталығындағы «Астана» даңғылының бойында ауыл шаруашылық өнімдерін ұсынды. Қызылорданың брендіне айналған салқын жел жәрмеңкеге келушілерге кедергі келтіре қоймады. Қалалықтар бұл жолы тым белсенді көрінді. Базар нарығынан 10-15 процентке арзан бағадағы сатылған тауарларды алуға қала тұрғындары таң сәріден сөмкесін сүйрете жәрмеңкеге ағылды. Айналасы екі сағаттың ішінде тауардың жартысынан көбі сатылып, бос қалған жүк көліктері қайтуға қамданып жатқанды көз көрді. Қыстың қамын ойлаған қалалықтарды құттықтай келген аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов дала еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді.
– Биыл егіннің жайы қалай болды?
– Жауын-шашынның мол болуы мен ауа райының қолайлы болуынан өнімділік жаман емес. Әсіресе, бақша өнімдері мен күріштен жылдағы межені еңсере алдық. Мұның бәрі дала диқандарының тынымсыз тірлігі мен ерен еңбегінің жемісі.
– Бүгінгі жәрмеңкеге қандай тауар ұсына алдыңыздар?
– Құны 23 млн. теңге тұратын тауардың 30-дан астам түрі жеткізілді. Әсіресе, ет пен балықтан көбірек өнім алып келуге тырыстық. Себебі, ауданның сиыр етіне деген сұраныс жоғары.
Аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлынан өңір басшысы Қуанышбек Досмайылұлы мән-жайды сұрап, қатар тізілген көліктерге жеке-жеке тоқталып, шаруалардың хал-жағдайын сұрады.
– Сауда қалай болып жатыр?
– Жақсы, өзіңіз көріп тұрғандай картоп пен асқабақтың аз бөлігі ғана қалды. Бүгін барлық тауардың өтімі жақсы. Себебі, бағасы қолжетімді, дәмі де тіл үйіреді. Әсіресе асқабаққа сұраныс жоғары, – деді диқаншы Сәбит Сәрсенов.
– Дұрыс істерің берекелі болсын, ел игілігі жолында еңбектерің еселене берсін, – деді әкім. Әрбір ауылдан келген өнімнің сапасына мән берген облыс әкімі қала тұрғындарына да жылы пейіл танытып, Жаңақорғанның өнімін алуға кеңес берді. Көптің асқабақ өтімді деген сөзінен кейін Қуанышбек Досмайылұлы Қожамберді ауылынан келген алып асқабаққа тоқтады.
Қожамберді ауылдық округінің әкімі Молдахмет Нәлібаевтың өніміне қызығушылық білдірген өңір басшысы:
– Біреуінен қанша келі шығады?
– 30 келіден кем емес. Есік алдындағы бақшадан алынған өнім ғой. Жылда асқабақтың әрбірі осындай салмақта өнім береді.
– Өтімі қалай, алушылар бар ма?
– Бұйырғаны, сұраныс бар, – деп жауапты қатты ауыл әкімі.
Бақшасында 10-нан аса жеміс ағашын күтіп-баптап, бақша дақылдарынан мол өнім алатын ауыл әкімі жылда өзінің өнімдерін ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне шығарады.
Осылай әрбір кәсіп иесімен дидарласқан Қуанышбек Ысқақов тауардың бағасы мен сапасына жіті көңіл бөлді. Әрі жаңақорғандық диқандарға алғыс айтуды да ұмыт қалдырмаған облыс басшысы: «Жаңақорған ауданының топырағының құнарлылығын өніммен бағалауға болады», – деп жоғары бағасын берді.
– Биыл көптің тілеуін көтеріп, ықыласына бөленіп жатқан жаңақорғандықтарға ризамыз. Әр жәрмеңке сайын келіп, қажетімді өтеп жүрмін. Бүгін ұн, күріш пен еттен бөлек күзгі қарбызды сатып алғалы келдім. Осындай игі істер жалғасын таба берсін, – деді қала тұрғыны Әйгерім Есімсейітова.
Түс ауа ауданнан келген 72 көліктің жартысынан көбі ауылға жол тартты. Сиыр еті, сәбіз бен картоп, ақталған күріш пен балықты алушылар көп. Әсіресе келісі 50 теңгеден сатылған асқабақтың саудасы жүрді. 30 тонна өнімді қала тұрғындары сатып алды.
– Биыл қарбызбен бірге 4 гектар жерге асқабақ дәнін тастаған едік. Өнімнің шығымы жақсы болды. Бүгінгі жәрмеңкеге 6 тонна асқабақ алып келдік. Асқабаққа сұраныс жақсы екен. Қыстық қарбызды келесі жәрмеңкеге шығарамыз, – деді аққорғандық «Ұлтай» шаруа қожалығының төрағасы Мұхамеджан Сайпидинов.
Міне, күздік еңбектің жемісіне ел де, егінші де разы. Бір тамшы терде бір түйір дән барын еңбек көрсетті. Сондықтан, биылғы науқанда егінші қауымның қызметінің қайтқанына жәрмеңкеде куә болдық.
Түйіндей айтқанда, таң атқаннан түс ауғанша жалғасқан жәрмеңке қала тұрғындарының қысқы азықтан қысылмай шығуына мүмкіндік жасады. Ең бастысы, қарапайым халық та, өнімі өткен диқанда дән риза. Бұл да болса, күз маусымының қашанда береке мен молшылық айының нышаны екенін айғақтайды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
---
15 қазан 2019 ж. 686 0